Менің әкем бай да болған жоқ, кедей де болған жоқ.

Әкемнің тірі кезінде мен талай рет ашықтым да, жалаңаяқ, жалаңбас жүрген кездерім де болды. Әкем сараң кісі емес еді. Мен оның 54 жасында көрген жалғыз ұл баласы едім. Әсіресе, біздің қазақ жалғызынан несін аяйды… Әкем мені еркелетіп өсірген жоқ. Әрине, қолынан келгенше шамасына қарап тарылтқан жоқ. Есептеп беріп, есептеп алып отырды ол кісі.
Мен Жамбылда оқып жүрген кезім еді. Әкем базарға екі қой айдап келіп әрқайсысын алты сомнан сатты. Менің киімім тозған еді. Үбианның да, Әлиманның да (менің үлкен апаларым), жеңешеңнің де (менің өгей шешем) киімдері тозып, жұпыланып отыр деді әкем. – Ал екеуміз ақылдасып, мына он екі сомды қарыштайықшы. Билік сенде болсын, – деп күлімсіреп маған қарады да, – Ал алдымен кім үшін қарыштаймыз? – деп сұрады менен. – Алдымен үйге қарышталық! – дедім мен. – Біз – үйдегі, сен түздегі адамсың ғой, қарағым! – деді әкем тағы да жылысырап, – алдымен сен керегіңді алғын, қарағым! – Маған… Маған… – дедім мен сасқалақтап не айтарымды білместен. – Маған еш нәрсенің керегі жоқ. – Саған еш нәрсенің керегі жоқ, – деп әкем мырс етіп күлді де, – біз үйдегілерміз, сен түздегісің, – деп қайталады. – Жоқ, шынында маған ештеңе керек емес! – Тұра тұр, балам, сабыр ет! Күз өтіп, қыс түсіп келеді. Саған жылы тужурка керек. Ол – бір! Үстіңде бірақ ішкі киімің бар. Моншаға барғанда… – Иә, моншаға барғанда ауыстыратын ішкі нәрсем жоқ. Басқа балалардікі бар, – деп даусым дірілдеп, – Менің шұлғауым да жоқ… Мұрнымды сүртетін орамал да жоқ, – деп жылап жібердім. – Ай, балам! Сені бұндай босаң деп ойламаушы едім. Бұның не, қарағым?.. Бұрын неге айтпадың?
Мен ұялып төмен қарадым. – Ал екеуміз де бір үйдің еркектеріміз. Алдымен шайханаға барып шай ішіп алалық та, одан кейін ақылдасып барымызды қарыштайық, – деп әкем қолымнан жетектеп шайханаға ертіп барды.
Одан кейін магазиндерді араладық. Керек-жарақтарымызды алдық.
«Бай болып көргенім жоқ, кедей болып өлгенім жоқ» дейді қазақ біз сияқтыны, қарағым! – деді әкем қоштасып тұрып. – Барына шүкір етелік… Ақшада тіл жоқ, қайда жұмсасаң сонда кете береді… Біз сияқты адамдарға бір тиын – маңдай тері. Мә, саған тағы да 25 тиын. Керегіңе орынды жаратып жұмсауға тырыс, шырағым… Әкем кетті. Мен қалдым».

Бауыржан Момышұлы