Меңменсіген мердігер басшылары жоғарыдағы «ағаларымен» халықты өздеріне тартып, жаңылдыру мақсатымен осындай қадамға баруда.
«Шу өңірінің» соңғы сандарында «Париев»ЖШС нің Төле би ауылы тұрғындарын газдандыруда әр үй үшін алғашқы жарнаны 100000 теңгеден 50000 теңгеге түсіріп, қалған 425000 теңгені 18 айға бөліп төлейтіндей «жақсылық» жасайтынын жазып қайта-қайта жарнамалауда. Шу қаласындағы «ҚазТрансГаз Аймаққа» қосылу үшін төленетін 40000 теңгедей ақша жайлы ешнәрсе қозғамайды.
Аудандық мәслихат хатшысы, Ардагерлер Кеңесі мен Қоғамдық Кеңес төрағаларының өтінішімен деп жарнамада көрсетілгеніне мен таңқалып отырмын. 2016 жылы елімізде жоқ бағаны арзандатуға Шу қаласы мен Төле би ауылы арасындағы магистралды құбырының қаражатын мемлекеттік бюджеттен бөліп көмектесуін облыс әкімі К.Көкірекбаевтан өтінгенбіз.
5 ай бойы жауап болмаған соң,2016 жылдың 1 қарашасында Қ.Р. Нұр-Отан партиясы төрағасының 1 орынбасары М.Құл-Мұхамедке тікелей өтініш жазуыма байланысты облыстық бюджеттен 2017 жылдың науырызында 251145000 теңге қаржы бөлінді. Мердігер басшылары қулыққа басып, 1 сәуір — 1 мамыр аралығына ғана 1 ақ айға 508000 теңгеден 448000 теңгеге арзандатып 1 мамырдан 475000 теңгеге көтере салды. Жоғарыдағы «Париев»ЖШС і «қамқоршылары» Е.Өмірәлиев, Қ. Байжұманов, Е. Досымбаевтар оларға бұларың қалай, деуге жарамады.
Ал, 11 ақпанда «Жандос» дүкенінің алдында сапасыз орнатылған газ құбырының жарылуына байланысты да үшеуі үн-түнсіз қалды. Көптен бері жобалық-сметалық-қаржылық құжаттарын көрсетуден қашқақтағанына байланысты аты-шулы мердігердің құжаттары шикілікке толы екендігі даусыз. Осыған байланысты әрі ауыл тұрғындарының наразылығына орай қолжетімді бағамен басқа мердігер компаниясы жобалық- сметалық құжаттарын дайындап жақында келгелі отыр.
Сондықтан да меңменсіген мердігер басшылары жоғарыдағы «ағаларымен» халықты өздеріне тартып, жаңылдыру мақсатымен осындай қадамға баруда. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды деген лауазым иелерінің жоғарғыдай әрекеттерін қалай, түсінуге болады?! Хатшының әрекетінен аудандағы мәслихаттың 15 депутатының бірде-біреуінің екі жылдан бері бізді қолдай алмағаны бүркемелі жайлардың орын алғанын әшкерелеп тұр емес-пе! Дегенменен халықты қолдап отырған облыс әкімі А. Мырзахметовке алғысымыз шексіз ! Аудан әкімдігі де жұртшылық жағында.