«Ментальды арифметиканы даладағы дворник те бере алады…»
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
«Балаңыздың кез келген есепті жылдам әрі дұрыс шешіп үйренгенін қалайсыз ба? Ендеше ұл, қызыңызды ментальды арифметика курсында оқытыңыз. Мұнда бала есепке жүйрік болуымен қатар өз-өзіне сенімді болуға, көшбасшылық қабілетін арттыруға мүмкіндік мол. Оқыту үрдісі қызықты әрі нәтижелі. Мектепке 4 пен 12 жас аралығындағы балалар кез келген уақытта қабылданады».
Шыны керек, соңғы уақытта ел ішінде осындай таңдай қағып, таңқалдырарлық жарнама желдей есіп тұр. Тіпті, теледидардан, интернеттегі түрлі бейнероликтерден ойша есептеу орталығына баратын балалардың ондықтарды ғана емес, жүздіктерді де еш қиналыссыз алып-қосып жататынын көргенде еріксіз таңданасың. Күрделі есептерді есептегіш құралға сүйенбей, қағаз, қаламсыз-ақ шығарып жатқандығын көріп, қызыға қарайсың. Сондай балалардың бірі астаналық тоғыз жасар Данияр Ресейдің арнайы бағдарламасына қатысып, көрермендерін таңқалдырғандығын күллі жұрт көрді. Ал, қатарластары арасында өзін ерекше санайтын Данияр бағдарлама барысында ойша есептеу орталығына барудағы мақсатын сұрағандарға «Мама просто хотела, чтобы я прокормил семью» деген болатын.
Тоғыз жастағы баланың аузынан шыққан бұл сөзден әркім өзінше ой түйген де болар… Есептерді санаулы секундтарда ауызша есептеп шығарған баланы «қорқынышты адамның» қатарына кіріктіргендер де болды. Қысқасы, алғыр баланың арқасында ойша есептеу орталықтарының жарнамасы тіптен артты дерсің.
Ағайды танисыз ба?
Осыдан кейін әр ата-ананың санасына «баламды осындай орталыққа неге бермеске деген ой келеді. Соның бірі — мен. Бірақ, ойымды бірден жүзеге асыру мүмкін болмады. Арада біраз уақыт өткенде жақын достарымның бірі «ватс ап» арқылы Талдықорғанда ашылған ойша есеп орталығы туралы мәлімет жіберіп, аяқ жағына балаңды осында берсеңші деп жазыпты. Жіберілген жарнамадағы атауына қарасам ағылшын тілінде екен. «UCMAS» (ЮСИМАС ) деп аталады. Мұны көріп одан әрмен қызығушылығым артты. Алайда, орталық кеңсесі Жансүгіров көшесінде орналасқандықтан ол жаққа барып келу жағын тағы ойлап… кібіртіктеп жүріп біраз уақыт өтіп кетті. Қысқы каникулдан кейін әлгі досым тағы сол «ватс ап» арқылы ойша есептеуді үйрететін тағы бір орталықтың ашылғанын айтып жазыпты. Аталмыш орталықтың тәлімгерлеріне мектептен арнайы кабинет беріпті. Әрі бағасы өзге орталықтармен салыстырғанда қолжетімді, небары – 5400 теңге. Ал, алдыңғысының бағасы 12 мың теңге еді.
Қысқасы, орталық тәлімгерлері аптасына екі сағат мектепте өз сабақтарын өткізеді. Ойша санауды үйренгісі келетін әр оқушының жазылуына болады. Алғашқы бір ай тегін оқытылғанымен, сабаққа қажетті есептеуіш шот пен кітапты 3000 теңгеге сатып алуы тиіс. Одан кейінгі екінші айдан бастап қана ақы төлейсіз.
Осылай деп үйдегі балам да айтып келді. Ертеңгісін телефонға сынып жетекшісі хабарласып, балаңыз ментальды арифметиканы оқығысы келсе жазылуына болады деді. Көп ойланбай, балама «барып көр, ұнап жатса ары қарай жалғастырарсың» дедім.
Алғашқы күні-ақ, одан сабақтың қалай өткенін, мұғалімінің аты-жөнін сұрадым. Бала аузынан шыққан есім таныс болып көрінді. Іштей «еее, онда бұл мықты математик мұғалім болды ғой» деп ой түйіп қойдым. Осылайша, арада бір апта зуылдап өте шықты. Екінші аптасында барғанда кабинет болмағандықтан, сабақ өтпеді деп қайтты. Үшінші мәрте де тағы солай. Осы аралықта мерекелік күндер де басталып кетті. Бірде балам маған «анашым, сізге ментальды арифметикадан беретін ағайдың суретін көрсетейін бе?» деді. «Жақсы, көрсете ғой» дедім. Тәлімгер ағайдың суретін көріп, таң қалғаным рас енді. Біріншіден, ол мен ойлағандай математик болмай шықты, екіншіден, бұл жігіттің мүлдем басқа салада қызмет ететіні. Менің таңырқаған кейпімді көрген балам: «анашым бірдеңе болып қалды ма?» деді.
Оның бұл сөзіне нендей жауап қайтару керектігін білмей абдырып қалдым.
– Ағайды танисыз ба? – деді ол тағы да. Балаға өтірік айта алмайсың ғой. –Танимын, ол – жақсы ағай , – дедім.
Расында да оның жақсы адам әрі мықты маман екендігіне еш шүбә келтірмеймін. Бірақ, көңіл түкпірінде сан түрлі ойдың қылау бергені рас.
Ендігі ой, өзге мектептерде ментальды арифметиканы оқытып жүрген кімдер екенін сұрастырып білу керек болды. Сөйтіп, өзім білетін біраз адамға телефон шалып көрдім. Мұның ішінде баласын ментальды арифметикаға беріп жүрген аналар да бар. Сұрастыра келгенімде ойша есептеуден сабақ жүргізетін тәлімгерлердің біразын танитын болып шыққаным. Бір қызығы, бұл орталықтың аты қандай екен деп сұрағанымда олардың бір де бірі маған нақты жауап айта алмады. Осылайша, бастауыштан сабақ беретін әрі оның баласы да осы ментальды арифметикаға қатысып жүрген ұстазбен хабарластым. Ол: – Сіз білесіз бе, мен нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ қажет десеңіз, тәлімгердің телефон нөмірін берейін, – деді.
Нөмірін және оның есімін тегімен бірге айтты. Бұл да таныс адам болып шықты. Уақытты көп созбайын деп жұмысқа келе сала оған қоңырау шалдым. Тәлімгермен арадағы әңгіме көпке созылған жоқ. Білгенім олардың ментальды арифметика бойынша арнайы даярлықтан (курс) өткендігі (Индиядан оқып келген оқытушыдан дәріс алыпты), ойша есептеу баланың болашағы үшін аса тиімді екендігі және сабақты кез келген адамның бере алатындығында. Тәлімгер сөзімен айтсақ, «ментальды арифметиканы дала сыпыратын дворник те бере алады» екен.
Дворник те бере алады… Сонда қалай? Ол мұнысымен не айтқысы келді және нені меңзеді екен?… Баланы ментальды арифметикаға баулып жүрген тәлімгерлер арасында «дворниктердің» де бар болғаны ма? Тіпті, не деріңді, не ойларыңды да білмейді екенсің…
Санадағы сан түрлі ойдың ұшы қаладағы ментальды арифметиканың қыр-сырын қанықтыратын орталықтарды неге аралап көрмеске дегенге әкеп тіреді.
Ментальды арифметика балаға не береді?
Ең алдымен, атбасын Жансүгіров көшесіндегі «UCMAS» (ЮСИМАС) ойша есеп Халықаралық балалар орталығына бұрдық. Мұнда келгенімде орталықтың ұйымдастырушысы (администратор) Әсем Шаденова қарсы алып, ментальды арифметиканың ерекшелігі туралы кеңінен мәлімет берді.
ЮСИМАС-тың негізгі миссиясы баланың интеллектуалдық қабілетін дамытып, шамасын анықтау. Ойша есептеуге негізделген бағдарлама Азияда 1993 жылдан бастау алыпты. Оның негізін қалаған Малазия елінің профессоры Дино Вонг. Ал, біздің елге келгелі 5 жылдың жүзі болған. Әсемнің айтуынша, мұндай орталықта оқыған балалардың зейіні артады, есте сақтау қабілеті жақсарады. Өз-өзіне деген сенімділік пайда болады, дәлдік пен жылдамдық қабілеттерін арттыра алады. Курсты меңгеру арқылы балалар кез келген арифметикалық есептерді санаулы секундтарда ауызша есептеп шығаруға бейімделеді. Тез есептеп қана қоймай, тез ойлауға және тез шешім қабылдауға да дағдыланады.
Бұл орталық өткен жылдың шілде айынан беріп жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда 4 пен 12 жас аралығындағы 500-ге тарта бала ойша санау әдісін үйренуде. Ал, оқудың бір айлық төлемақысы –12 мың теңге. Сонымен қатар, 20 пайыздан, 50 пайызға дейінгі жеңілдіктер де бар екен. Мұны орталыққа барып білуге болады.
Ментальды арифметика курсы 10 деңгейден тұрады, ал, оқыту ұзақтығы 3-3,5 жылды құрайды. Яғни, бір деңгейді шамамен 3-4 айға оқыту жоспарланып, балалар жас ерекшелігіне қарай топтастырылған.
–Сабақ аптасына бір рет, екі сағат болады. Бірақ, күн сайын кемінде 15 минут дайындалу керек. Мысалы, көшеде, сабаққа келе жатқанда немесе арнайы уақыт бөліп, кемі 15 минут ойша есептеумен айналысу қажет. Бағдарлама нәтижелі болу үшін бала жаттықтырушының айтқанын бұлжытпай орындауы тиіс. Егер де алты күн дайындалмай, тек аптасына екі сағаттық оқумен ғана шектелетін болса, дұрыс нәтиже болмайды. Сабақтан қалмау, сабаққа кешікпеу де аса маңызды, – дейді Әсем Шаденова.
Бағдарлама бойынша бастапқы деңгейде балалар «абакус» құралын пайдаланып, есеп шығарады. Кейін көз алдарына сол абакусты елестете отырып есептейді. Бастапқы кезеңде балалар абакусты көз алдына елестету кезінде екі қолын да қолданады. Бұл кезде мидың оң жақ және сол жақ жарты шарлары теңдей жұмыс істейді. Яғни, осы уақытта оқу да, ойлау да миға тез қонады. Ал, бағдарлама соңында балалар тек алу мен қосуды ғана емес, көбейту мен бөлуді де, тіпті, санның түбірін табуды да еш қиындықсыз есептейтін болады. «ЮСИМАС» бағдарламасы бойынша оқитын балалар сандарды көз алдына сурет түрінде де елестете алады.
–Жоғарыда айтқанымдай, «ЮСИМАС» тек қана сандарды ойша есептеуді үйретумен шектелмейді. Ол баланың жалпы интеллектуалдық қабілетін дамытады. Жылдамдыққа бейімдеп, табысты болуға баулиды, –дейді Әсем Айдарқызы.
Тоқетерін айтқанда, бұл бағдарламамен оқыған бала айналадағының барлығын ұмытып, бір ғана нәрсеге зейін қоюға бейімделеді. Сондай-ақ, балалардың есту қабілеті де жақсарады екен. Сандарды естімей қалу, түсінбей қалу, екінші қайтара сұрау деген оларда болмайтындығы. Тіпті, ойланып отыруға уақыттың жоқтығы. Сандар айтылып жатқан тұста мида олардың қосындысы шығып тұрады… Мұндай балалар түрлі жарыстар мен сайыстарда, олимпиадаларда да жиі топ жарады.
Ал енді бұдан қандай ой түйер едіңіз? Ойды екшеп келгенде… балаға айналадағының бәрін ұмыттыру… екінші қайтара сұрамау арқылы – баланың сөйлеу қабілетін тежеу емес пе?.. ойланып отыруға жол бермеу арқылы ойлау жүйесін шектеуге алып келмей ме?!
Бұл тұста академик Асқар Жұмаділдаев былай депті: – Қоғам кішкентай балалардың ойша есеп шығаруына таңқалып жатыр. Десек те, біз бір нәрсені жете түсінбейміз. Қазір әлемде не көп, жарыс көп… Біреулер қызанақ лақтырудан жарысса, енді біреулер гамбургер жеуден бәсекеге түседі. Сол сияқты ментальды арифметикада 5 таңбалы санды 5 таңбалы санға көбейту арқылы жарысады. Бірақ бұл жарыстан не ұтамыз? Нендей пайда бар? Оны ойлап жатқан бірде-бір адам жоқ. Бұл меніңше, берері мен мағынасы күмәнді жарыстар.
«Супер» етіп шығара ма?..
Келесі бас сұққан орталық «TYB» (ТЮБ) ойша санау мектебінің ашылғанына жарты жылдан асыпты. Бұл орталық та Халықаралық деңгейдегі мектеп болып табылады. ЮСИМАС-тан айырмасы оқыту бағдарламасы жапон әдісінде жүреді. Бұл жерде оқитын балалар да арнайы шот, яғни, «соробан» құралын пайдалану арқылы есеп шығарады.
Мұндағы тәлімгерлер педагогикалық білімі бар мамандар екен. Орталық жетекшісі Толқын Әбуғалиеваның өзі біраз жыл мектепте физика пәнінен сабақ беріпті. Оның айтуынша, мұнда баланы математик етіп шығармайды, керісінше, ойлау жылдамдығы мен дәлдігін, зейін жинақтауды, фотографиялық есте сақтауды, көшбасшылық қасиеттерді, оқудағы табысты арттырады. Оның айтуынша, ментальды арифметика 4 пен 12 жасқа дейінгі балаларға үйретілетіндіктен, тәлімгердің міндетті түрде педагогикалық білімі болуы аса қажет.
Қазіргі таңда мұнда 150-ден астам бала бар екен. Бұл жердегі оқыту ұзақтығы шамамен 2-2,5 жыл болып отыр. Мұны бітірген баланың қолына арнайы Сертификат табыс етілмек.
…Екі бірдей орталық, оның бірі – малазиялық, екіншісі – жапондық әдіспен ойша санаудың әдісін үйретеді. «ЮСИМАС» -та 3-3,5 жыл, ал «ТЮБ»-те оқыған бала 2-2,5 жыл ішінде толық меңгереді. Есептеу шоттарының атауы бөлек болғанымен, бағдарлама жүйесі бір типті. Бағыты да бір – «супер» бала тәрбиелеп шығарады. Шынында да солай ма?
Бұл тұста ой түйген академик Асқар ағамыз: «Ментальды арифметиканы игерген бала сандарды тез көбейтуді біледі. Одан өзге артықшылығы жоқ. Бір есепті біреу 5 секундта, екінші бірі 1 минутта шығаруы мүмкін. Меніңше, нәтиже дұрыс болса, болды». Осылай деген математик ойын былайша жалғайды: «біздің қоғамда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайтындар жетерлік. Ментальды арифметика орталығындағылар балаға ойша есеп шығару әдісін үйрету арқылы халықты таң қалдырып, қалтасындағы қаржыны қағып алу үшін жасалып жатқан шаруа болуы бек мүмкін».
Мамандар не айтады?
Ментальды арифметиканы меңгеру жасын 4 пен 12 жас аралығы деп алады. Алайда, санамыздың түбінде 4 жастағы ойын баласы үшін бұл қажет пе деген ой сәулесі ұшқын береді. Бұл тұста мамандар не дейді?
Ресейдің «Инфоцентр» ақпараттық танымдық хабарының кезекті бір тақырыбында осыны арқау еткен еді. Бағдарламаға арнайы қонақ болып келген математик Надежда Ленивенко бұл мәселеге орай өз ойын былайша білдірген-тін: «Екі баланың анасы және оқытушы ретінде ментальды арифметикаға баланы 4 жастан беруге түбегейлі қарсымын. Себебі, бұл жас баланың мектепке бармаған шағы. Ал, мектепке келген тұста мұғалім көрсеткен әдіс пен оның осы уақыт аралығында үйренгені бір-бірімен сәйкес келмей, ақырында бала миында қақтығыс пайда болуы бек мүмкін. Сондықтан арифметикаға беретін нағыз оңтайлы кезең – 6 жас».
Жетісу мемлекеттік университетінің математика және математиканы оқыту әдестемелік кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Қожашева да бұл пікірге толық қосылатынын айтады. Мұның өзінде тәлімгердің міндетті түрде педагогикалық білімі болуы шарт. Оның сөзінше, 4 пен 12 жас аралығындағы балалар кез келген ақпаратты қағып алуға дайын: біз оларға қандай жол көрсетсек, ары қарай да сол жолмен жүрмек, – деген пікірде.
Ойды ой жалғау үстінде О. Жәутіков атындағы физика-математика мектебін бітірген, «Skystudents» жобасын құрушы, математик Ілияс Шәкеновтің орыс тілінде айтқан пікірін аудармасыз беруді жөн көрдік:
–Не могу сказать, что это зло, но в целом, отношусь к данной методике отрицательнo. Эти упражнения направлены не на суть вопроса: составление уравнения, решение проблемы, в каком порядке, как правильно интерпретировать – этого ребенок уже не может выполнить. Этот навык можно потерять, если погрузиться с головой в эту методику… А это будет катастрофа. Дети в таком возрасте (4-12 лет) – это настраиваемый механизм: как мы его настроим, так он и будет развиваться дальше.
Баланы жылдам есептеуге машықтандыру баланың жүйке жүйесіне салмақ салмайды ма? Осы мәселені де алға тартып көрген болатынбыз.
Бала денсаулығына әсері қандай?
Ақмарал Шаяхметова, Талдықорған қалалық емханасының невропатолог дәрігері:
– Сіз көтеріп отырған мәселені биік тұрғыдан Қазақстан арнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасында кеңінен насихатталып, сөз етілді. Осы бағдарламаны тамашалай отырып, бағдарламаға қатысқан әр маманның пікірін тыңдадым. Олардың айтуы бойынша, бүгінгі замануи өзгерістерге сай, артта қалып қалмас үшін кейінгі ұрпаққа аса қажет. Бірақ… дәрігер ретінде айтсам, бала денсаулығы үшін мұның кері әсері яғни, зиянды жақтары бар. Әсіресе, 4 жастағы бала үшін бұл тым ерте дер едім. Себебі, бұл жаста баланың дамуы толық қалыптасып бітпейді. Ми өрісі ғана емес, ұсақ майда заттармен жұмыс істеу қабілеті де дами қоймаған шақ. Ал, ми өрісі мен ұсақ моториканың бір-бірімен, жедел тығыз байланысы бар екендігі ғылыми түрде дәлелденген. Негізі, балалардың 5 пайызы ғана тумысынан аса дарынды болып келеді. Сіз айтып отырған ментальды арифметика курсына жазылғандардың барлығы тегіс бұл математикалық тапсырманы орындауға қабілетті болмауы мүмкін.
Дәрігер ретінде айтсам, балаңызды ментальды арифметикаға берудің алдында оның денсаулығына баса назар аударыңыз. Баланың ми өрісінің, оның қоршаған ортасының қандай екендігіне, психологиялық жай күйіне де үңіліңіз. Жылдам есептеуге машықтандыруға оның ішкі бас бөлігі толық дайын ба? Бір сөзбен айтқанда, әр ата-ана бала моторикасының жақсы дамыған, дамымағынына назар салуы керек.
Баланы ментальды арифметикаға бермес бұрын бәрін де екшеп алған жөн.
Әйтпесе, көршім баласын беріпті екен «мен неге қалуым керек» деп баланы бере салу дұрыс емес. Ал, енді ондайға бел бусаңыз, онда, алдымен балаға барлық жағдайды жасау керек. Курсқа барып келген соң бірнеше сағат баланың тынығуына, далаға шығып ойнауына, серуендеуіне, физикалық жүктеме түсіріп, сонымен қатар, дұрыс тамақтану жағына көңіл бөлу қажет. Ал мұндай жағдайды жасай алмайды екенсіз, онда бала миына асыра сілтеп күш түсірудің қажеті шамалы.
Жалпы, қай нәрсенің болмасын екі жағы болады ғой. Әр нәрсені таразыға салған дұрыс.
Шынтуайтына келсек, соңғы уақытта тереңдетіп оқытатын лицей, интеллектуалдық мектептердің оқушылары бас ауруымен жиі түседі. Себебі олар таңертеңнен бастап, түс ауғанша оқудан бас көтермейді. Араға екі сағат салып, қайта сабақ оқуға кіріседі. Бұл бала денсаулығына аса зиянды. Біз баланың миына жүк салу арқылы нервтік жүйесі мен психологиясын бұзамыз. Әр ата ана осыны білген жөн.
Невропатолог маман ретінде, уақытының басым бөлігін оқуға жұмсайтын жеткіншектерге, тәулігіне 8 сағаттан кем ұйықтамауға, таза ауада жиі серуендеуге кеңес берер едім.
Робот жасап алмаймыз ба?
Гүлмария Ахмедиева, ЖМУ-дің психологы:
–Жалпы математика деген адамның психикасына, ойлау жүйесіне тікелей әсер ететіні анық. Соның ішінде ментальды арифметика дейсіз ғой. Бұл әдіс бала психологиясына қаншалықты әсер ететіндігі туралы жан жақты қарастырып айтуға болады. Математиканы ойша есептеу ойлаудың түрлі ерекшеліктерін дамытуға мүмкіншілік береді. Адамның миы екі жарты шардан тұрады: оң және сол жақ. Әрбір жарты шардың өзіндік қызметі бар. Мәселен, сол жақ жарты шардың қызметі сөзбен қабылдау арқылы қоршаған ортаны талдауға мүмкіншілік беретін болса, оң жақ жарты шар бұл қиялмен байланыстырылады. Яғни, көзбен елестету. Ментальды арифметикада бала шотпен есептейтін болса, көз алдына елестету арқылы оң жақ пен сол жақ жарты шардың қызметі бірдей жұмыс істеуіне мүмкіншілік береді. Жоғарыда айтқанымдай, ойлаудың барлық қасиеттерінің, ерекшеліктерінің дамуына, жылдамдауына мүмкіндігі зор. Екіншіден, есте сақтау қабілетін, зейінді болуға, яғни, тұлғаны көріп қана қоймай, оны көз алдына образды түрде елестете алады. Мәселен, ойша санау мектебіне баратын әр баланың қолы жыбырлап отырады, бұл дегеніңіз бала көз алдына шотты елестету арқылы есептеуді жүзеге асырады. Мұның кері әсері бар ма?
Әр жастағы баланың өз мүмкіншілігі бар. Алайда, 4 жастан бастап баланы жылдам есептеуге машықтандыруға асықпау керек деп ойлаймын. Әрине, бұл жаста баланың миы тез қабылдағыш қой. Дегенмен, осы жастағы баланың миына шектен тыс күш түсіретін болсақ, бұл қажуға, шаршауға алып келеді. Себебі, бұл кезде бала дүниені енді танып келе жатады. Осы шақта оны ментальды арифметикаға баулитын болсақ, психикасына кәдуілгі күш түсетіні сөзсіз.
Жалпы, математиканы жақсы білген бала басқа пәндерді де еш қиындықсыз меңгере алады. Математика деген ойлаудың жақсы дамуына ықпал ететін пән болса, ментальды арифметика оның ішіндегі бір әдіс (методика) қана. Яғни, сіз айтқан ойша санау мектептеріндегі тәлімгерлердің ментальды арифметиканы үйретуде баланы математик етіп шығару емес, оның ақыл-ойын дамытамыз деуінің өзі – бұл әдістің тікелей математика саласымен байланысты екенін де білдірсе керек-ті.
Сөзімді түйіндей келгенде айтарым, ментальды арифметиканы оқыту қажет яки бірден керек емес деу артықтау болар. Дей тұрғанмен, әр адам оның пайдасы мен зиянын екшеп алғаны жөн. Осы істі қолға алып отырған компаниялардың иегерлері яки жаңағы курс ашып, балаларды дайындап жүрген тәлімгерлер бір нәрсені ұмытпаса, мұның артында қаншама баланың тағдыры тұрғандығын ескерсе екен… Яғни, ойша санауды үйретеміз деп баланы робот етіп алмауға тырысу, оның логикалық ойлау жүйесін дамытуға барынша күш салу қажет деп есептеймін. Тағы бір айтатыным, баланы оқытатын тәлімгер міндетті түрде мамандандырылған педагог болуы абзал.
Логикасын ұрлап алмай ма?
Ментальды арифметиканың логикалық ойлау жүйесіне қатысы туралы физика-математика ғылымының докторы Кәден Бопаев былайша ой қорытты.
–Арифметика дегеннің өзі реттілік. Ал, ментальды арифметика әдісін цирк әртістері көбірек қолданады. Бұл әдіс адамды тез есептеуге машықтандырады. Мәселен, 7 мен 8 көбейту қажет дейік. Мұнда ешқандай көбейту кестесінің қажеті жоқ. Ол үшін тірек (опорный) сан деп 10-ды аламын да одан 7 санын алып тастаймын. Одан 3 деген сан шығады. 10 санынан тағы 8 деген санды аламын. Одан 2 қалады. 2 мен 3-ті қосып, ондыққа аламын. Екеуін көбейтемін де бірлікке жазамын. Сонда 2 мен 3 санының қосындысы 5, оны ондыққа жазамын, ал көбейтіп бірлікке жазғаным 6 саны. Осылай жауабы 56 болып шыға келеді. Мұның қағазға түскен түрі туралы айтар болсақ, математик еврей соғыс жылдарында немістің түрмесіне түседі. Төрт жыл түрмеде жатқанында ол цирк әртістері үшін тез есептеудің бірнеше тәсілін ойлап тауыпты. Міне, мұның түбі осыдан бастау алады. Ал, енді бұл деген баланың логикасын өсіреді деуге келмейді.
Баланы жылдамдыққа баулитыны рас. Мәселен, 9998-ге 9997 көбейту керек. Сонда 10 мыңды тірек сан деп аласың да жоғарыда айтқан тәсілге салып шығарасың. Жауабы да шыға келеді.
Ал, енді ментальды арифметикада қолданып жүрген шотқа келсек, оның Халықаралық атауы: Абак, Қытайда – Суаньпань, жапондықтар – Соробан деп атайды. Біздің эрамызға дейін VI ғасырда гүндер есебі деген болған. Олар осы шотпен есептеген. Тағы да қайталап айтамын, ойша санау деген баланың ойлау қабілетін жақсартпайды.
Математик ретінде айтсам, бір есепті елдер он жолмен шығарса, сен соның он бірінші жолын тапсаң… онда логикасы мықты адам болып таныласың. Логика дегеніміз — адамның жан ділі. Яғни, жан мен ділдің қоспасы.
Философиялық ой тұрғысынан екшесем, ментальды арифметикаға деген елдің қызығушылығы бізді топан суға алып келе ме деп қорқамын. Балаларымыз жаппай осы жолмен кететін болса, біз онда логикадан айырылып қаламыз.
Арифметика деген өзінше шыққан жоқ, ол көзімізге көрініп тұрған нәрсені адам ұғымына келтіру үшін оған берілген ат қана. Ал, егер ат қалып, ұғымның иесі жоғалып кетсе не болады? Міне, мәселе қайда жатыр…. Сонымен қатар, бұл оқу жүйесіне де кері әсерін беретінін ешкім біліп отырған жоқ.
Тоқетерін айтсам, ментальды арифметика бала логикасын еш ұштамайды, керісінше, тежеп тастайды. Тағы бір нәрсе, баланы 2-2,5 жыл оқыту деген тіптен ақылға симайды. Миға сиымсыз дүние дер едім. Екі жарым жыл ішінде балаға не оқытады, тек жаттаудан өзге… Мұны үйрену үшін үш ай да жеткілікті дер едім.
Арифметика деген — баланы жетсем деген мүмкіншіліктен, бірнәрсені іздеу, айналаңа қарау сынды мүмкіндіктен толық шектеп тастайды.
Жақсы болсын, жаман болсын, адам бір нәрсеге ғана қызығып қалмауы тиіс. Әлемді тұтас күйінде ойға сыйғыза білу керек. Сонда ғана біз алға жылжимыз. Ал, ментальды арифметикаға кіріп кетсең, өзге нәрсе былық болып, хаус болып қала береді. Қараңғы түнек секілді.
P.S. Айтылған ойларды екшей келгенде: Сырттан келген дүниеге сақ болу керек. «Жақсы» екен деп жаппай беріліп кетудің қажеті жоқ. Әр нәрсенің де екі жағын бірдей қарау керек. Ментальды арифметика деген бүгінгі таңдағы жанбағыстың, ақша табудың бір жолы да болуы мүмкін. Біреуге табыс көзі болып есептелінетін дүниеден біздің болашақ балаларымыз зиян шекпек. Қалай дейсіз бе? Логикасын жоғалту арқылы. Ал , логикасы жоқ адам сиыр тәріздес, қалай айдасаң, солай жүреді.
Кім біледі… мүмкін баланы ойша есептеуге баулудың бір жолында бізге таңсық боларлық тағы бір дүниенің ұшы жатпасына… Сіз не ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?!
Сарби ӘЙТЕНОВА.