Мерейлі мерекеге тарту!
Биыл елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы республика бойынша кең көлемде аталып өтілуде. Осыған орай елімізде түрлі акциялар ұйымдастырылып, оған өңіріміздегі аудандар да атсалысуда. Соның бірі – «20 жылдыққа – 20 нысан» акциясы. Аталған акция аясында Шу ауданының орталығы Төле би ауылында екі бірдей балабақша ашылып, Астана қаласының мерейлі мерекесіне тарту жасады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мектепке дейінгі білім мен тәрбиені айрықша назарға ала отырып, 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Осыны ескерген аудан кәсіпкерлері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында соңғы екі жылдың өзінде бірнеше балабақша ашып, 500-ден аса баланы тәрбиелеуде. Сондай-ақ, бүгінгі күні жеке кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, ойға алған істерін жүзеге асыруда. Нәтижесінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жұмыстардың тиімді екенін түсінген кәсіпкерлер балабақша ашуды мықтап қолға алған. Мәселен, «Балапан» бағдарламасы бойынша да соңғы жылдары ауданда қаншама жаңа ғимараттар салынып, іске қосылды.
Бас қаланың мерейтойына орай ашылған Шудағы «Нұр-Аш» балабақшасы 75 бүлдіршінге шақталған. Жобалық құны 41,5 миллион теңгені құрайтын балабақшада білім беру екі тілде қатар жүреді. Сондай-ақ, Роза Абильбекова басқаратын нысанның электр жүйесі орталықтандырылған және жеке қазандығы бар. Мұндағы балаларға арналған музыка бөлмесі мен спорт залы, медициналық бөлме мен басқа да тұрмыстық-қызметтік бөлмелер заманауи үлгіде жабдықталыпты.
Сонымен қатар, Астана қаласының 20 жылдығына орай, тағы да бір балабақшаның ашылу салтанаты болып өтті. Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Досаев балабақша ұжымына сәттілік тілеп, сый-сияпат көрсетті.
Жеке кәсіпкер Гүлнәр Жүнісалиеваның иелігіндегі «Лашын» балабақшасының жалпы жобалық құны 7 миллион теңгені құрайды екен. Жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген балабақшада тәрбие және білім беру жұмыстары тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Нысан бір қабаттан және екі блоктан тұрады. Байқағанымыздай, «Лашында» әр баланың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалыпты. Әрбір топ блогына кең де жарық жатын бөлмелер, шешінетін орын кіреді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта ойын бөлмелері мен оқу сыныптары бар.