МЕРЕЙТОЙ ИЕСІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов және аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков Ә. Бүркітбаев ауылының тұрғыны, мемлекеттік қызметтің ардагері Таңлабек Бапетовты 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы туған жеріне адал қызмет етіп, елдің сый-құрметіне бөленіп келе жатқан мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы, бай тәжірибесі кейінгі ұрпаққа үлгі екендігін айтып, халқымыздың игі дәстүрі бойынша иығына шапан жапты. «Сарысу ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттап, құттықтау хатын табыс етті.
Аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков жүрекжарды тілегін айтып, құттықтау хат табыстады.
Өз кезегінде Бапетов Таңлабек аға да туған жерде абыройлы қызмет жасаудың өзі үлкен бақыт екенін айтып, көрсетілген құрметке алғысын білдірді.
Таңлабек Бапетов 1948 жылы Сарысу ауданы, Түркістан ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1965 жылы «Түркістан» кеңшарында тракторшы болып бастаған.
Осы кеңшарда слесарь, автодүкен меңгерушісі, жұмысшылар кооперативі басқармасының дүкен меңгерушісі, «Қасиет» шаруа қожалығының төрағасы қызметтерін атқарған.
Одан кейін мемлекеттік қызметке ауысып, Түркістан ауылдық округі әкімі аппаратының маманы, жетекші маманы, бас маманы қызметтерін атқарып, зейнет демалысына шыққан.
Қазіргі таңда қадірменді ардагер, елдің ағасы ретінде жастарға ақыл – кеңесін беріп, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып келеді.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі