Мереке иелері марапатталды
Елімізде әрбір мамандықтың өзіндік маңызы бар. Сонымен қатар оның құрылу тарихы да болады. Олардың басым көпшілігі белгілі бір күні құрылып, сол күн аталмыш саланың кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі. Сондай мерекенің бірі — 12 қыркүйекте тойланатын жергілікті әскери басқару органдарының күні. Жалпақ тілмен айтқанда Отанымыздың әр өңіріндегі қорғаныс істері жөніндегі депаратмент, басқармалар мен бөлімдерде тер төгіп жүрген жандардың төл мерекесі.
Осыған орай апта басында аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Сәрсенбеков кәсіби мереке иелерін қабылдап, өз құттықтауын жеткізді.
— Бүгін біз сіздермен айтулы күннің қарсаңында бас қосып отырмыз. Өйткені өздеріңіз білетіндей бүгін Қазақстан Республикасының жергілікті әскери басқару органдарының күні.
Нақтырақ айтқанда 1991 жылғы 12 қыркүйекте шыққан Тұңғыш Президенттің «Әскери қызметке шақыру туралы» №443 Жарлығымен еліміздің әскери комиссариаттарына республикалық орган мәртебесі берілген болатын. Өткен жылдан бастап Қорғаныс министрінің бұйрығымен 12 қыркүйек — Жергілікті әскери басқару органдарының күні болып белгіленді. Сондықтан баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қажымас қайрат тілеймін! Ел өмірінде атқарып жатқан елеулі еңбектеріңіз табысты болсын!,-деді Серік Жұмалыұлы салтанатты жиында.
Басқосу соңы марапаттау рәсіміне ұласып, бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелісі табыс етілді. Құрметке бөленген жандар аудан басшылығына алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсіп тарасты.
Шу ауданы әкімдігі