Мереке қарсаңында жолсерік аналар не күйде?
Алаш қайраткері, «Қазақ темір жолының атасы» атанып кеткен Мұхаммеджан Тынышпаевтың маңдай тері сіңген ұлы даламыздағы шойын жолдарда ары-бері ағылған пойыздармен бірге бүтін қазақтың өмірі сырғып өтіп жатыр. Вокзалға бара қалсаңыз, ығы-жығы халық, бірі пойызынан кешігіп жатса, бірі үлкен іс бітіргендей, туысын не досын уақытында күтіп алғанына мәз.
Мұндай көріністерге күніне сан мәрте куә болатын, көптің ішінде елеусіз жүрген жандар бар. Олар — орыстар «проводник» деп атайтын, қазақша жолсеріктер. Кім қойса да, «проводниктің» ана тіліміздегі баламасын тамаша тауып қойған. Пойыздың есігіне ене берген сәттен, түсетін жеріңе дейін серік болып баратын, мінезің қандай болса да көңіліңді табатын да жолсеріктер. Неліктен елеусіз дедік? Оған да вокзалға жолымыз түскенде көзіміз анық жетті. Әсіресе әйелдер қауымынан бір ауыз пікір алуға талпына бергенімізде бейтаныс тілшіні сұрақтың астына бірден алды. Төл мерекелерінің қарсаңында қысқа-нұсқа сұхбат алып жүрмін дегенімізде, әріптес жігіттерінің таңырқап қарауының өзі осыны білдірсе керек. Қасында жүрген қызметтесінің миына мереке атаулы кірмей жатқанда елеп-ескеріп келген бізге іштері жылып қалса да, сыр шертуге уақыттары болмады. Жүйткіген жүрдек пойыз диспетчердің «пәрменінен» кейін дереу жүріп кетті. Соңғы кездері сынға жиі ілігіп жүрген Астананың теміржол вокзалында сұрағыңа жауап беретін жолсерік табылсашы. Әрине, қызметті де атқару керек, бірақ мамандығының қиындығы мен қызығын дөп айтатын оңтайлы сәт осы ғана. Бас қаладан жан-жаққа бағыт алған пойыздың көптігі айдан анық. Осыны білгендіктен, отарба орнына жайғасқаннан-ақ жолаушылардың қарасы көрінбей тұрғанда жолсеріктерден жөн сұрасып қалуға барынша тырыстық. Дегенмен, журналист атаулыдан әбден үркіп қалған ба, әлде шынымен де елеусіз қалғаны ма, әйтеуір, шыққан тегіңе дейін тергеп, сұрақ қоюға барған бізден керісінше олар жауап алып жатты. Болмаса, «келесі вагонда жақсы сөйлейтін апайларың бар» деп, басқа жаққа сілтейді кеп.
Көк тұманның ортасында Арқаның аязы табаннан өтіп, текке келдік пе деп тұрғанымызда Астанадан Алматыға қарай бағыт алған «Бәйтерек» пойызының кезекші жолсерігі Айман Қойшыбаева бір-екі сұрағымызға жауап берді. Биыл ердің жасы елуге толатын Айман Әбдірахимқызы отыз жылдан бері теміржол саласында қызмет етіп келеді екен.
— Мен Ақмола облысы, Шортанды ауданының Ключи совхозында дүниеге келдім. Әкем тракторшы, анам сауыншы болған. Еңбекке ерте араласып, қалай бойжеткенімізді үлкендер де, өзіміз де білмей қалдық. Өзім теміржолшымын. Он жыл жол салып, жиырма жылдан бері жолсеріктің қызметін атқарып келемін. Бұрын «Астана — Киев» және «Астана — Мәскеу» бағытында жүрсек, қазір ол пойыздар алынып тасталғасын, бізді осы Алматыға қатынайтын «Бәйтерек» пойызына ауыстырды, — дейді ол.
Нәпақасын шойын жолдан іздеген кейіпкеріміз, есептеп қарасақ, бір жылда бақандай 160 күн жолда жүреді екен. Төрт күн түзде жүрсе, төрт күн үйде болатын А.Қойшыбаева — өмірде қиындықты аз көрмеген жан. Өзі айтып өткендей, қара жұмысқа құлпырған шағынан кірісіп кетсе, теміржолда қызмет ете жүріп, тұрмыс та құрып, екі баланы дүниеге әкеледі. Бірақ күйеуінен ерте көз жазып қалған ол, қос құлынын жалғыз өзі өсіреді. Бүгінде екі немереге әже болып отырған Айман Құдайға шүкір еткеннен басқа қолдан келер шара қайсы дейді. — Жолдың қиындығын жақсы білемін. Төрт күн тарсыл-гүрсілден құлақ тұнып келгенде қос немерем құшағыма атыла кетеді, мен шаршағанымды бірден ұмытамын. Жол болғаннан кейін қызығынан қиындығы көп. Бәрі бірдей есте қала бермейді. Бастысы, елге адал қызмет етуді мақсат тұтамыз. Неше түрлі адамдар алуан көңіл күймен пойызға мінеді. Олардың тілін табу да оңай емес…
Дәл осылай әңгімесін енді бастай берген Айман ханымның сөзін «Тыңдаңыздар, құрметті жолаушы азаматтар!» деген диспетчердің хабарламасы бұзып жіберді. Біз де апыр-топыр вагоннан түстік. Немерелерінің қылығына тоймай үйінен ұзаған кейіпкеріміз де әдеттегі жұмысына кірісті. Өз кезегімізде біз де шойын жолда өтіп жатқан түрлі тағдырдың куәсі болып жүрген жолсерікті мерекесімен құттықтап, Алматыға жол тартқан жандарға сәт сапар тіледік.
Ермұрат Назарұлы