Мeрeкeдeн кeйінгі бас қала
нeмeсe біздeгі мeйрам тойлау мәдeниeтінің дeңгeйі қандай?
Жылдан-жылға тойлануы, тіпті, насихаты халық жадынан еріксіз өшіп бара жатқан Жаңа жыл мейрамы әп-сәтте көз алдымыздан өте шықты. Түнгі он екіні асыға күткен дүйім жұртты Президент құттықтады, салютің, фейервергің бар, әйтеуір, түрлі түске боялған отшашулар көктің көрігін келтірді, Григориан күнтізбесі бойынша 2017 жыл басталды. Бұдан жүз жыл алдын бабаларымыздың бірі тойламаған бұл мерекенің келешегі кемел деп айта алмаймыз. Санаулы жылдардан кейін орыстардан келген шырша мерекесі санамыздан мәңгілікке өшетін секілді.
Бұған қуанатынды да, қуанбайтын адамды да табу қиын емес. Ең бастысы, аталмыш мейрамның тасасында қалып келген халқымыздың бас мерекесі Тәуелсіздік күніне билік тарапынан биыл ерекше назар аударылып, халықтың уәжі орындалған сыңайлы. Десе де, айтпағымыз бұл емес-тін. Бізде қаншама мереке болса да оның тойлану деңгейіне бас қатырып жатқан ешкім жоқ секілді көрінеді. Сіз деңгей дегенді тойлаушы адамдардың санымен шатастырып алмаңыз. Айталық, жаппай тойлаған Жаңа жыл мерекесінен кейінгі өзіңіз тұрып жатқан өңірдің өңін таңертең көрдіңіз бе? Басқа басқа, мегаполис атанған елордасы Астанада екі-үш күннен бері тыныштық. Отшашудың у-шуынан елдің құлағы таскерең болғандай. Бәрі шырт ұйқыда немесе үйінен шығуға құлқы жоқ. Қоғамдық көлікке міне қалсақ, әдетте прайм-тайм уақыттарында нығыздалып қалатын жұртшылықтан жүргізуші, кондутормен қосқанда бес адамды әрең табасыз. Байқағанымыз, сауда-ойын орталықтарында ойынға қарағанда, сауданың көрігі қызып тұр. Демек, қонақжайлық қанында бар халқымыз мерекені, демалыс күндерін үйіне қонақ шақырумен өткізеді немесе басқа да себептері бар. Тіпті, жұмысы қауырт ауруханалардың тіркеу бөлімі телефонға жауап бермейді. 31 желтоқсан сағат он екіде ел болып аспанға ататын отшашулардың қалдықтарының келесі күні шашылып жататыны үйреншікті жайт. Десе де, пиротехниканы қолданушылардың азайғаны ма, әлде, тазалыққа шынымен мән бере бастадық па, жыл сайын куә болатын дағдының да ұмытылатын кезі жақындап келе жатқандай.
Мұхиттың ар жағындағы Америка бұрын талайға арман болса, бүгінде барып-келіп жатқан қазақтың қарасы көп. Әсіресе, «Work & Travel» бағдарламасымен АҚШ-та ағылшын тілін дамытып әрі жұмыс істеп, саяхаттап қайтқан студенттердің таңды таңға ұрып айтқан әңгімесінен кейін делебең қозып, аузын айға білеген мемлекетті көруге асық боласың. Ол жақтағы адам игілігі үшін жасалған бар жағдайды естіп, көзіңе елестеткенде қазір-ақ әуежайдан табылғың келіп тұрады. Бірақ, жынойнағы қоғамымызға әбден сіңіп кеткен алып державадан үлгі алар тұсымыз расымен көп екен. Сөзіміз дәйекті болу үшін бұдан бірнеше жыл бұрын Американың бірнеше штатын аралап, ірі-ірі қалаларында жарты жылдай болған белгілі журналист, доцент Қуандық Шамахайұлымен әңгімелескен болатынбыз. Оның айтуынша, ұлты жоқ американдықтар ежелгі дәстүрлері көрініс табатын мерекелерді жаппай тойлап, барлығы дерлік атсалысып, өздеріне де, шетелден келген туристерге де тамаша көңіл-күй сыйлайды екен. Ең бастысы, тайлы-тұяғымен қалмай бірдей қуанып, шынайы ықыласпен мерекені атқарып шығады. Сондай-ақ, Қ.Шамахайұлы төл мерекеміз, Шығыс халықтарына ортақ мейрам әз-Наурызды американдықтар секілді шынайы ықыласпен тойламаймыз деп қынжылады.
—Америка Құрама Штаттарының тұрмыс салтын, халқының таным-түсінігін біздің елмен салыстырудың өзі орынсыз. Өркениеті озық бұл мемлекеттен «үйренеріміз» көп. Мәселен, АҚШ-та еңбегіңе қарай ақыңды, мақтау-марапатыңды аласың. Кім еңбек етті, сол лайықты деңгейіне дейін көтеріледі, жолында ешқандай кедергі болмайды, керісінше қолдау көреді. Біздегідей тамыр-таныспен
жұмысқа тұру, басшыға жағынған, ұнағандардың ғана еңбегі еленіп, медальге, атаққа ие болуы оларда атымен жоқ. Сол сияқты американдықтардың мереке тойлауы, демалыс күндерін қызықты өткізуі бізден әлдеқайда өзгеше. Мерекеден өзге сенбі-жексенбі күндері де кез келген штаттың мәдени орындарының басым көпшілігі тегін қызмет көрсетеді. Көшелері мұнтаздай тап-таза. Кезінде бірнеше штатында болдық. Әйтсе де, көшесін тазалап жүрген үлкен-үлкен машиналарды байқамадық. Бірақ, қай уақытта жұмыс атқаратынын білмейміз, әйтеуір аяқкиімімізге шаң жұқпайды. Адамдары күлімдеп, бір-бірімен танысын, танымасын амандасып, халін сұрайды, мереке күндері болса құттықтап, өздерінің көңілін өздері көтереді. Ал, айтулы мереке күндеріндегі АҚШ тіптен бөлек. Жаппай халық болып тойлайды ғой, шіркін! Ежелгі салт-дәстүрлерін, ата-бабаларының киім-киісі, жүріс-тұрысына дейін даңғыл-даңғылымен дүрілдетіп шерумен көрсетеді. Және бәрі шынайы. Кейін білгеніміз, оған жұмылдырылатындар – ЖОО студенттері мен театр әртістері екен. Әсіресе, Вашингтон мен Нью-Йорк қалаларында мерекелік шеру өтетін көшелер түгелдей жабылып, көлік қозғалысы тоқтайды. Бір қызығы, шеру бітісімен, даңғылдардың жолы ашылып, қозғалыс қайта басталады, алайда, бір шөкім қоқыс таппайсыз. Бұған таңқалмасыңа шара жоқ. Бұл да болса адамдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін толықтай сезінуі деп сенімді түрде айтуға әбден болады. Біздің елімізде мереке жақындаса, әйтеуір, жұмысқа келмейтінімізге қуанып, демалыс күні бастап қойған құрылысымыз болса соған уақыт жұмсап, отбасымен сергіп қайтуды ұмыт қалдырып жатамыз. Әрине, американдықтардың көңілі тоқ, жағдайы келісіп тұрғасын бала-шағасын демалыс пен мереке күндері қыдыртып, уақытын тиімді әрі қызықты өткізіп жатқанын да ескергеніміз жөн. Ауыз толтырып айтар болсақ, АҚШ мемлекеті адам игілігі үшін жұмыс істеуде алдына жан салмайды. Өздерін әбден жарылқаған олар шетелден келген туристерге де керемет көңіл-күй сыйлайтынын көзбен көрдік. Мысалы, белгілі бір қонақ үйге тоқтасаңыз, аздап тынығып алғаннан кейін тоқтаған жеріңіздің басқа бір қабатындағы мейрамханадан тамақтанасыз. Ол – бір кәсіпкердің немесе атақты азаматтың шетелдіктерге арнап жайған дастарханы. Бұл дәстүрге айналып кеткен көрінеді. Мұндай ықылас-ниетін білдіру біздің қолымыздан келе ме? Келеді. Өзіміз басып жүрген жолдарымызды, көшелерімізді ластамау, таза ұстау қолымыздан келе ме? Әрине, келеді. Ендеше, қарапайым ғана қағидаларды қатаң ұстап, бастысы, шынайылықтан, адалдықтан ажырамасақ бізде де мереке тойлау мәдениеті қалыптасар ма еді?-дейді ол.
ТҮЙІН: Біз АҚШ мемлекетін мақтап, өз Отанымызды қаралаудан аулақпыз. Тек, «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген бабаларымыздан қалған нақылға амал етпей келе жатқанымызды айтқымыз келді. Расымен, №1 демократиялық мемлекет деп саналатын АҚШ-тан үйренеріміз де, жиренеріміз де көп-ақ. Алайда, солардың бір штатындай ғана халқы бар Қазақ елі алып мемлекеттің ұятсыздық жайлаған тұстарын тез қабылдап, соған бой үйретіп алғаны өкінішті. Ендеше, мереке тойлау, демалысты тиімді өткізудегі олқылықтардың орнын толтырып, қарапайым қағидаларға баса мән беретін кез жеткен секілді.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ