МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗБЕН, АСЫЛ АНАЛАР!
⚘Ана — тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Ат биеден, алып анадан туады» дейді халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен. Ана — барлық өмірдің бастауы.
⚘ Көктемнің жайма-шуақ күнімен қатар келетін Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудан әкімі Олжас Қаржауов әр салада еңбек еткен, алтын құрсақты аналар мен ақ жаулық әжелерімізді қабылдап, құрмет көрсетті.
Аудандық мәдениет үйінің кіші залында ұйымдастырылған «Мерекелеріңізбен, асыл аналар!» атты әдеби-сазды кеш барысында ақ тілектер ағылды, мерекелік құттықтаулар арналды.
Әдеби-сазды кеш ауданның өнерпаз жігіттерінің орындауындағы «Асыл ана» әнімен басталып, жігіттер қауымы аналарға гүл шоқтарын тарту етті. Еркін форматта ұйымдастырылған кеште сазды әуендер шырқалып, бүлдіршіндер биден шашу шашты.
⚘Мерекелік шараға арнайы шақырылған аналар өлең жолдарымен таныстырылып, ерекшеленді. Одан кейін «Ана мен бала» композициясы орындалып, ана мен бала махаббаты паш етіліп, ана мен перзентінің орындауында жүректерге жеткен «Мама» әні шырқалды.
⚘Әдеби-сазды кеште әсем әннің барлығы аяулы аналарға арналды. Ақ жаулықты ардақты аналардың жүзіне қуаныш ұялату мен мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында өнерпаздар «Қыз көктем», «Шақырады көктем», «Сен үшін», «Балалық бал дәурен», «Анашым» әнін әуелете шырқап, «Әке мен бүлдіршін қыздардың» биін, «Фламинго» би студиясы бүлдіршіндерінің «Өзбек» биін мыңбұрала билеп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Кездесуде аудан әкімі Олжас Есалханұлы ардақты да аяулы аналарды мейірім мен сүйіспеншіліктің мерекесі 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
⚘Сөз тізгіні аналарға да беріліп, олар мерекелік көңіл-күй сыйлап, жылы құттықтауларын арнаған жандарға алғысын білдірді. Аналық ақ жарма тілектерін арнап, естеліктерімен бөлісті.
Жамбыл облысы. Жуалы ауданы.