Мерекелік шаралар 20 тамыздан басталады
Тараз қаласында Орталық Азиядағы алғашқы заманауи автоматтандырылған тіл-ойық тақталар шығаратын зауыт іске қосылды.
«Alina Group» жаңа зауыты жылына 380 000 м2 тақта шығаруға қабілетті. Аталған жобаға 3,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Кәсіпорынның салтанатты ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил қатысып, жұмысына сәттілік тіледі.
Ал «Alina Group» компаниясы облыстық филиалының директоры Алексей Подольский зауыттың өткен тарихына тоқталып, болашақ жоспарларымен бөлісті.
– Қазақстандық ТОТ өндірісін іске қосу арқылы біз AlinEX ұсынған жоғары сапалы кәсіби шешімдерді енгізу дәстүрін жалғастырғымыз келеді. 1990 жылдардың соңында AlinEX «еурожөндеу» ұғымын әрбір қазақстандыққа қолжетімді еткен болса, бүгін біз құрылыс саласына жаңа мәдениетті белсенді түрде енгізуді бастаймыз. Алдағы екі жылда Тараз қаласы Қазақстанның оңтүстігін және көршілес Орталық Азиядағы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдерді кәсіби құрылыс-әрлеу материалдарымен қамтамасыз ететін шаһарға айналады деп жоспарлап отырмыз, – деді Алексей Подольский.
ТОТ өндірісі – бұл Қазақстан үшін құрылыстың жаңа технологиясы. Ол үй-жай ішіндегі арақабырғалар үшін қолданылатын дәстүрлі материалдарды алмастырады. Зауыт салу жобасы 20 айға созылған. Кәсіпорынның жабдықтары 30 жылдан астам гипс өнеркәсібі үшін өндірістік желілерді әзірлеп, дайындап, іске қосып келе жатқан француздық «Alphaplatre» компаниясынан сатып алынып отыр.
«Alina Group» компаниясының бас экологы Айжан Жуасбекованың айтуынша, зауыт өнімдері ағымдағы жылы 2 қазақстандық және 1 халықаралық көрмеде ұсынылып, ең жоғары бағаға ие болыпты.
– Бүгін біз үшін тарихи күн. «Alina Group» компаниясының Тараз қаласында жаңа зауыты ашылып жатыр. Бұл бөлмеаралық және басқа да интерьер арақабырғаларды құрастыру үшін қолданылатын гипс тақтасы болып табылады. Бұл тез қаланатын болғандықтан, жұмыс өнімділігін де арттырады. Бір адам орта есеппен бір күнде 28 шаршы метр қабырғаны қалай алады. Бұл өте үлкен көрсеткіш, – дейді бас эколог.
Жаңа өндірістің әлеуеті аймақтағы сұранысты толықтай өтейді. ТОТ өндіретін зауыттың іске қосылуы «Alina Group» ірі логистикалық орталығын ашудың бірінші кезеңі болса, 2023 жылы қуаттылығы жылына 780 000 тонна құрғақ құрылыс қоспалары зауыты іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл, сөз жоқ, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, өңір экономикасына серпін әкелетіні анық.
Жұматай Көксубай