Меркі: Алты айда атқарылған жұмыстар қомақты
Қордайдан шығып, Меркі ауданына бет бұрдық. Мұнда да «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша тыңғылықты тірлік атқарылуда. Алдымен Ақарал ауылындағы №5 орта мектептің жағдайымен таныстық. Мұнда аталған жоба аясында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Жөндеу жұмыстары шамамен 80 пайызға аяқталып қалыпты. Дегенмен кестеден кешігуде. Оны құрылысшы мамандар ауа райының күрт суытып кеткенімен түсіндірді. Бірақ мердігер «ТаразЭлитСтрой» ЖШС нысанды биыл бітіруге тырысып, бар күшімен жұмысқа кіріскен.
Ойтал ауылында 180 орындық мәдениет үйі бой көтеріп келеді. Бұрын мұнда мұндай мәдени ошақ болмаған екен. Нысан құрылысына 168 млн теңге бөлінген. Нысан келесі жылға өтпелі болғандықтан, қаржы толық бөлінбеген екен. Бірақ мердігерлер өз қаражатына осы айдың соңына қарай аяқтап береміз деп отыр.
Меркі ауылындағы 145 орындық «Балауса» балабақшасы да тотыдай-ақ түрленіп келеді. 1965 жылы салынған мектепке дейінгі бұл білім беру нысанының ғимараты ескірген екен. Сондықтан биыл оған «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр екен. Биыл маусым айында басталған құрылыс, бұйыртса, осы айда аяқталады деп күтілуде.
Экспедиция аясында аудан Жорабек Баубековпен де жолықтық. Осы қызметке келгеніне алты айға жуық болған Жорабек Нұрмергенұлы атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарларын кеңірек айтып берді. Ол қызметіне тағайындалғаннан кейін аудан аумағында ауқымды жұмыстар қолға алынып, межелі жоспарлар бекітілгенін және сол жоспар бойынша орындалуы көзделген жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын жеткізді.
– Аудан әкімі жұмысын ең алдымен ауданның жалпы ахуалын зерделеуден бастадым. Аудандағы 45 елді мекеннің барлығын аралап шығып, оның ішінде барлық әлеуметтік, кәсіпкерлік, қызмет көрсететін нысандардың жұмысымен таныстым. Сондай-ақ 14 ауылдық округте 34 қоғамдық қабылдау өткізіп, ауылдардағы мәселелерді тұрғындардың өздерімен бірге талқыладым. Сондай-ақ тұрғындардың өтініш-тілектері және ұсыныстары негізінде аудандағы барлық мәселені жинақтап, ауданның даму жоспарына енгіздік. Мәселелерді кезең-кезеңімен шешу мақсатында басымдықтар анықталып, сол бойынша жүйелі әрі нақты жұмыс жасалып келеді, – деді Ж.Баубеков.
Қазіргі уақытта аудан аумағында 16 жоба аясында 48 ауылішілік көше жолдары жаңарған. Ақкөз Қайнар, Беларық ауылдары тұрғындарының көп жылдан бергі сұранысы орындалып, аталған ауылдарға газ құбыры тартылып, қазіргі уақытта іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Қарасу ауылында да газ құбырларын тарту жұмыстары басталып, жоба өтпелі болғандықтан, келесі жылы жалғасын табатын көрінеді.
– Аудандағы ең ірі аймақтардың бірі Ойтал ауылдық округі тұрғындарының мәдениет үйі қажеттігі жөніндегі сұраныстары орындалды. Биыл 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Дәл сол сияқты Мыңқазан ауылында да 90 орындық ауылдық клубтың құрылысы қызу жүргізілуде.
Мемлекет басшысының биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай, Меркі, Ақарал және Сыпатай батыр ауылдарында балалар алаңшасы салынып, тұрғындардың игілігіне берілді.
Білім ошақтары бойынша Меркі ауылында Балауса бөбекжай бақшасында және Ақарал ауылындағы №5 мектеп-гимназиясының ғимараттары күрделі жөндеуден өтуде.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 6 үй, 3 асхана құрылысы жоспарланып, қазіргі уақытта 5 үй мен 2 асхана тұрғындар игілігіне берілді (Кеңес, Аспара, Ойтал, Ақарал, Жамбыл және Тәтті мен Жаңатоған ауылдары). Жоспарланған қалған нысандар жуық арада өз иелеріне табысталатын болады.
Аудандағы су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 46 ұңғыманы қазу жұмыстары жүргізілуде. Ұңғыма құрылыстары толығымен аяқталған соң, 2200 га жерді суармалы сумен қамтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар Андас батыр және Жаңатоған ауылдық округтерінде Андас І, Андас ІІ және Андас ІІІ су қоймаларын салу жұмыстары қолға алынды. Су қоймаларының құрылысы аяқталған соң, тағы 700 га жерді суармалы сумен қамтуға болады.
Денсаулық саласында Тәтті ауылдық округінде 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Гранитогор ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы аяқталып, Республика күні мерекесіне орай, ел игілігіне пайдалануға берілді, – деген Жорабек Нұрмергенұлы тұрғын үй құрылысы, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік саласы бойынша да ақпарат беріп өтті.
– Аудан халқын тұрғын үйге арналған жер учаскелерімен қамтамасыз ету мақсатында Мыңқазан, Аққайнар, Меркі, Тұрлыбай батыр, Т.Рысқұлов Сұрат ауылдарынан арнайы алқаптар қарастырылып, қазіргі уақытта инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілуде.
Ауылшаруашылығы саласында 2022 жылы 23739,6 гектар бидай, 27417 гектар арпа, барлығы 51156,6 гектар дәнді масақты дақылдар орақтан өткізілді. Сонымен қатар 1055,4 гектар кортоп, 2370 гектар көкөніс, 7540,8 гектар мақсары, 450 гектар бақша дақылдары жиналып, 691,5 гектар жүгері жиналды.
Ағымдағы жылы 1354 гектар алқаптан 41822 тонна тәтті түбір жиналып, бұл облыс бойынша өткізілген 107500 тоннаның 38,9 пайызын құрады. Биылғы жылы өңдеу кәсіпорнына өткізілген қант қызылшасының 1 тоннасына қант зауыты 15000 теңге төлейтін болса, Үкімет тарапынан 1 тоннасына 15000 теңге субсидия төленеді. Осы орайда, аудандық қант қызылшасын өндірушілерге 582 млн 98 мың теңге субсидия төленді.
Кәсіпкерлік бағытында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 328,9 млн теңгені құрайтын 49 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Гүлдер» шаруа қожалығының жеміс-жидек сақтау және «Green garden» шаруа қожалығы алма бағының инфрақұрылымдық жұмыстарын атап өтсек болады, – деді аудан басшысы.
Байқағанымыз ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі де аз емес көрінді – 13196,8 теңгені құрапты.
Осы орайда, жұмыспен қамту шаралары бойынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық бағдарлама аясында 5957 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 253 азаматқа қаражат берілген. Қысқа мерзімді оқуға 138 азамат жіберілсе, әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша 100 адам жұмысқа жолданыпты. Жастар тәжірибесі бойынша 131 адам, алғашқы жұмыс орны бойынша 10 адам жұмысқа жолданған. Ал бос жұмыс орындары бойынша 2580 адам жұмысқа орналасты.
– Ауыл халқының тұрмысын түзеу мақсатында облыс бойынша жүзеге асып жатқан пилоттық жобаға Ақермен ауылы енгізілді. Қазіргі таңдағы округтегі 441 ауланың 145-і жобаға қатысуға ниет білдіріп, жалпы жоба құны 587 032,85 мың теңгені құрап отыр.
Жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жоспарлы әрі жүйелі жұмыстары өз жалғасын табатын болады, – деді Жорабек Баубеков.
Ел десе елжіреген жүрегі…
Кезінде желмая мініп, жерұйықты іздеген Асан қайғының Алаш даласын шарлап өтіп, әр аймақтың өзіне ғана тән ерекше қасиеттерін атап өткені белгілі. Иә, Асан қайғы бабамыз қанаушысы мен азап тартушысы жоқ, әділетті де ашық қоғам мен өзінің жанына жағымды жер жәннатын ғана іздегені мәлім.
Ал қазіргі кезеңдегі алмағайып заманда көпшіліктің мүддесі үшін зар еңіреп, ұлтының ұлылығын барынша қалпына келтіруге ыңғай танытып, қазақтың сар даласын сағы сынбай аралап жүрген арда азаматымыз – Сәуле Мешітбайқызы жұмысының жөні де жосығы да сол Асан қайғы атамыздың арғы-бергі арманының жалғасы іспетті көрінеді маған…
Иә, сәрсенбінің сәтті күні Сәуле Мешітбайқызы өзінің алғашқы еңбек жолын бастаған өлкесі – Меркі жеріне аяқ басып, қазағы үшін қарекет еткен нар тұлға Асанбай Асқаровтың есімін иеленген №1 мектепте болып, жадыда жатталып қалар кездесуін өткізген-ді.
Біздің ендігі мақсатымыз – халықаралық «Qasaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, «Ел Ана» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, тіл жанашыры, «Ел анасы» аталып кеткен Сәуле Мешітбайқызының М.Әуезов атындағы №9 мектеп-лицейіне сол күні жасаған сапарын көпшілікке насихаттау.
Сонымен, мектеп ауласында С.Мешітбайқызын аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Нәрікбаев, мектеп директоры Болатбек Қыстауов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Анисова мен жоғары сынып оқушылары қарсы алды.
Мектеп қақпасы жанындағы тарихи нысан – кезінде Тұрар Рысқұлов сынды ел азаматтары дәріс алған білім ордасы, қазіргі Т.Рысқұлов музейін көріп, таныспақ болған Сәуле Мешітбайқызы:
– Тұрар Рысқұлов – барша қазақтың базынасын өктем билікке қаймықпай жеткізген нар тұлға. Сол есіл ердің білім алып, ол білімін ұлтының қамы үшін жұмсаған мектепті сырт айналып өту күпірлік болар, – деген соң, көпшілік аталған нысанға бет алды.
– Айналайын, әруағыңнан асыл Аға! Ұрпағың өзіңді тәу етіп келіп тұр! – деп, күбірлей есік аттаған Сәуле Мешітбайқызы:
– Негізі, ұлы Абайды Мұхтар Әуезов көпке танытса, Тұрар ағамызды «журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген тәмсілімен шығармашыл адамдарға араша түскен Шер-ағам (Ш.Мұртаза) көкке көтерді, – деп атап өтті.
Музей ішіндегі жәдігерлермен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Анисованың таныстыруымен аралап шыққан Сәуле Мешітбаева осындағы Т.Рысқұловқа, оның үзеңгілес достары, сол бір заманның атақты тұлғалары Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев сынды ұлт арыстарына арналған арнайы бұрыштарды мектеп оқушылары – Аяжан Иса, Әсел Құдайберген, Назира Кемелбай, Қарақат Жақсылық және т.б. клуб мүшелері кеңінен таныстырып, әр тұлғаға жеке тоқталып өтті. Одан кейін жақында ғана М.Әуезовтың есімін иеленген мектеп ішін аралап көріп, оң өзгерістер үшін алғысын жеткізген С.Мешітбайқызы мектеп директоры Болатбек Қыстауовқа «Намыс қайрағы» және «Ұлт шырағы» атты жаңа кітаптарын сыйға тартып, ұлт боламын, шәкірттерім намысты болсын десеңіз, жергілікті және ұлт пен тіл мәселесіне ашық көзбен қарайтын түрлі баспасөзге жазылу міндет екенін қадап айтты.