МЕРКІ АУДАНЫНДА ЕКІ БІРДЕЙ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ

Республика күні мерекесіне орай, Меркі ауданында екі бірдей медициналық нысан ел игілігіне пайдалануға берілді.

Жалпы аудан бойынша елді мекендерді медициналық нысандармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Міне, биыл сол жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында, еліміздің басты мерекесінің қарасаңында Тәтті және Гранитогор ауылдарында тағы да екі медициналық жаңа нысан пайдалануға берілді.


Тәтті ауылында медициналық амбулатория 30 келушіге арналған, жылыту, электр және су жүйелері орталықтандырылған. Онда келушілерге арналған күндізгі стационар, екпе бөлмесі, отбасылық дәрігерлер, медбикелік қабылдаулар, реабилитациялық көмектер бойынша физиотерапиялық кабинет, сондай-ақ, әлеуметтік қызметкер мен психолог маман қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, Гранитогор елді мекенінде 10 елушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пунктінің ашылуы ауыл жұртшылығын қуанышқа бөледі.

Медициналық нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы қатысып, ауыл жұртының қуанышын бөлісті.

Соңғы жылдары аудан бойынша медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді. Бұл жыл сайын медицина жүйесінің жаңартылып, жаңа жабдықтар мен қызметтер түрінің толықтыруымен байланысты. Былтырдан бастап аудандық емхана үздік тәжірибе орталығы болып жаңғыртылса, биыл аудандық медициналық мекемелері жалпы сомасы 173 млн. 698 мың теңгеге заманауи талаптарға сай жабдықтармен толықтырылды. Осылайша, ауданның денсаулық сақтау саласының жабдықталу көрсеткіші 91,1% жетті.

Жалпы аудан бойынша 43 емдеу мекемесі жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Оның ішінде, аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, «Андас Батыр» ауылдық емханасы, сонымен қатар, 13 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік акушерлік пункті және 19 медициналық пункті бар.