МЕРКІ АУДАНЫНДА КИМЕШЕК ШЕРУІ ӨТТІ

Қазақ аналары – тұтас ұлттың түп тамыры, барша ұлттық құндылықтар мен салт дәстүрдің бастау алар бұлағы.


Шежіреде аты қалмаса да, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпір аналардың қазақ қоғамындағы және отбасындағы орны бөлек.

Кимешек киген кешегі аналардың бейнесін бүгінгі күні қайта жаңғырту – қазақ аналарының қоғамдағы мәртебесін арттырары сөзсіз.

Осыны мақсат еткен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық бірлестігі республика бойынша қанатын кеңге жаюда.

Мерейлі Меркі жерінде аналарды ұлықтап, дәстүрді дәріптеуге келген ұйымның облыстық филиалы Меркі ауданында кимешек шеруін өткізіп, аудандық Қазақ аналар ұйымын ұйымдастырды.

Кимешек киіп, сәні мен салтанаты жараса алыстан келген аналарды меркілік аналар мен ардагерлер салт дәстүрге сай күтіп алды. Алдымен аудандық музейге бастап, онда музейдің бөлім жетекшісі Айман Жүрсіналиева қонақтарға экскурсия жасатып, мерейлі өлкенің терең тарихымен таныстырды.

Одан кейін, орталық саябақтағы «Анаға тағзым» ескеткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді. Меркі ауылдық аналар алқасының төрайымы Роза Байбосынова аналарға деген арнауын тарту етті.

№9 Меркі колледжінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» атты кеш өтіп, онда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы филиалының төрайымы Гүлфайруз Нұрабаева қазақ аналарын дәріптеу мақсатында өтіп жатқан іс-шараның мән-маңызына тоқталды.

Көпшілік аналардың ортақ келісімімен Сабыркүл Сиргелбекова Меркі аудандық Қазақ аналары ұйымының төрайымы болып тағайындалды.

Сондай-ақ, қазақ аналары киген кимешектің түрлері сахна төрінде көпшілік назарына ұсынылды. Аналар дәстүрін дәріптеушілердің арасында елімізге белгілі батыр Бейбіт Ыстыбаев пен эстрада жұлдызы Ернар Айдардың аналары Ләззат пен Күлмән апайлар да болды.