Меркіліктер 12410 гектар алқап орақта, қамбаға 21841 тонна өнім түсірді
Ерте көктемнен егін еккен Меркілік дихандар егінге орақ салды. Биылғы ауа-райының қолайлы болуы себепті егін жинау науқаны қызу жүруде.
Меркі ауданы бойынша 2022 жылы егілген 26 960 гектар бидай, 29717 гектар арпа, барлығы 56677 гектар дәнді масақты алқап орақтан өткізілетін болады. Егін орағына жалпы 169 комбайн қатысу жоспарланып, қазіргі уақытта 174 комбайн егіс алқабында жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта барлығы 12410 гектар алқап орақтан өтіп, қамбаға 21841 тонна өнім түсті.
Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғашқы болып егінге орақ салды. Аталған шаруашылықта қазіргі таңда 180 гектар күздік арпаны ору жұмыстары қызу жүруде. Қамбаға орташа есеппен әр гектардан 30-35 центнер өнім түсуде.
Шаруашылық 2022 жылы 1100 гектарға күздік бидай, 300 гектарға арпа, 145 гектарға қант қызылшасын еккен. «Сыпатай батыр» ЖШС-гі аудандағы элиталық және көбейтілген тұқым өндіруші шаруашылық болып табылады. Шаруашылық биыл күздік бидайдан 500 тонна элиталық тұқым, 1500 тонна 1 репродукциялы тұқым, жаздық арпадан 300 тонна элиталық тұқым өндіруді жоспарлауда.
Көркем Асқар