Меркіліктер бір  дәннен 12 сабақты бидай өсіруде

   

   Жамбыл облысы қай кезде де өзінің өнеркәсіп саласымен өрістеген өлке. Сондай-ақ кейінгі жылдары асыраушы сала да алшаң басып, шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Оған дәлел, бүгінде елді мекендерде жер игеріп, шаруасын шалқытып отырған жандар аз емес. Міне, сондай табыстың тайқазанын қайнатып отырған қожалықтың бірі – Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» ЖШС. 

    Серіктестік егін орағына үстіміздегі жылдың 25 маусымынан кірісіп кеткен. Күні кеше аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков дала жұмыстарын көзбен көріп, науқандық тірліктің тынысын бағамдап қайтты. Аудан басшысына шаруашылық жетекшісі Қанат Шайхиев атқарылып жатқан жұмыстың барысы жайлы жан-жақты баян етіп, биыл егін бітік шыққанын қуанышпен жеткізді.

— Биыл егіс алқабында көңіл қуантар жаңалықтар аз емес.  Осы жылы жалпы көлемді 1500 га жерге бидай егілді, дәл қазір алқапта бригада жетекшісі Бектас Шайхиев бастаған Бекайдар Салыбаев,Маулен Абылбеков сынды комбайншылар  « Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп қызу жұмыс үстінде. Енді нақтылап айтар болсам, 100 гектар  жерге Суперэлита «Стекловидная-24» бидай сұрыпы, 100 гектар  жерге Франциядан  арнайы аудан тұрғындарын ұнмен қамтамасыз ету мақсатында әкелінген «Эфклид» бидай сұрыпы егілген. Бұл аталмыш сұрыптың негізгі ерекшелігі бір дәннен 12 сабаққа дейін жерден өніп шығып, әр сабақтан 70-90 дән береді. Осы жылы аталмыш бидай сұрыпынан ең жоғарғы өнім күтудеміз,  -деді Қ.Шайхиев.
Сонымен қатар тағы да айта кетер жағымды жаңалық, биыл 200 гектар  жерге франциялық «Тиссерин» қызылша сұрыпы егіліп күтіп, бапталуда. Аталмыш қызылша қазірдің өзінде 1-1,5 келі салмақ беріп тұрған жайы
бар, алда әлі де уақыт жеткілікті. Өзінің пісіп жетілгеніне дейін тағы да салмақ қосарына шүбә жоқ,  мол өнім беретініне сенім мол.

Иә, меркіліктер бірер жылдан бері егін мен қант қылышасын өсіруден алдына жан салмай келеді. Әсіресе, «Сыпатай батыр» серіктестігі бір гектардан 600-800  центтерге дейін тәтті түбір алып, рекордтық көрсеткіш көрсетуде. Ал өнімдерін  аудандық Қант зауытына өткізіп, өндіріс көлемін өсіруге де өлшеусіз үлес қосуда. Тағы бір айта кетерлігі, мұндағы шаруалар егінмен қатар, мал шаруашылығын да мықтап қолға алған. Бүгінде елді мекенде асыл тұқымды ірі қара өсіріліп, ет пен сүт кластері қарқынды дамуда. Өндірілген өнім өз өңірімізден бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттердің де нарығына шығарылуда. Осышайла меркіліктер экспорттың да әлеуетін артырып, әлеуметтің тұрмысын түзеуде.

Тағы бір айта кетерлігі, Меркіде  шағын және орта бизнес субъектілерін де дамытуға мүмкіндік мол. Себебі жері құнарлы,  топырағы дымқыл  мекенде таяқ қадасаң тал болып өсіп, төрт түлікті жайсаң  жайлауға айналып шыға келеді. Осыны жіті түсінген меркіліктер бүгінде  өз тірлігін дөңгелетуге жең түре кіріп, көп жұмыстың жүйесін тауып отыр. Одан бөлек, жастар да игі жобалардан шет қалмай өлкеден құс шаруашылығын дамытуға ден қоюда. Бүгінде аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен жастар инкубаторға балапан бастыру тәсілін үйреніп, құс еті мен жұмыртқа өндірісін қолға алуда. Бұл сөз жоқ, қос қолмен қолдауға тұрарлық қадам.

Ендеше, мерейлі Меркі ауданының бүгіні баянды, келешегі кемелді бола берсін демекпіз.

 

Төлен Дедек