Мешіттен – интернатқа

Еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Тереңкөл ауданында жаңа мектеп интернаты есігін айқара ашпақ. Бұрынғы ескі мешіт ғимаратын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен реконструкциялап, болашағы жоқ ауылдардан ауысып келген оқушыларды орналастыруға әзіреп жатыр.

Оқушылар интернаты аудан орталығындағы А.Текенов атындағы орта мектепке қарайтын болады. Қазір ғимарат ішіне қойылатын жаңа жиһаздар мен заманауи құрал жабдықтарды сатып алып жатыр. Мектеп директоры Евгения Мартыненконың сөзінше, ғимаратты күрделі жөнеуден өткізу үшін 52 млн. теңге бөлінген. Жаңа нысанның ашылу салтанаты Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылады. Содан кейін болашағы жоқ ауылдарда жабылып жатқан мектептердің балалары осында әкелінеді.

— Мектеп жанындағы интернаттың жалпы сыйымдылығы – 20 балаға арналған. Мұнда 9-11 сынып оқушылары тұрып оқиды. Бос тұрған нысанды интернатқа айналдырудағы басты мақсатымыз – жоғарғы сынып оқушыларының тест сынақтарына жақсы дайындалып, өздері қалаған оқу орындарына түсуіне мүмкіндік жасау, — дейді мектеп директоры.

Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Тереңкөл ауданында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылған. Мысалы аудан орталығында бес көшеге асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылды. Аудан орталығында орналасқан А. Текенов атындағы мектептің жылу магистралі, аудандық спорт мектебінің стадионы қайта жөнделді.

Тілеуберді Сахаба.