Метадон – үміт жібі бола ала ма?
Атырау қаласында «Қазақстанда ВИЧ-тің алдын алу үшін ОАЕ (опиоидтік алмастыру емдеу) ендіру» жобасы шеңберінде Қоғамдық тыңдау болып өтті. «Аман-саулық» қоғамдық қоры, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Республикалық орталық бірлесе отырып ұйымдастырған бұл шараға қолдау көрсеткен «Орталық Азияның Еуразия Қоры» мен АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID).
Қоғамдық тыңдауға облыстық денсаулық сақтау, білім беру басқармаларының басшылары, медициналық қауымдастық өкілдері, ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың, Наркологиялық диспансердің бас дәрігерлері, облыстық құқық қорғау органдарының басшылары, қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, мұғалімдер мен дәрігерлер қатысты.
Қоғамдық тыңдауда айтылған ең өзекті мәселе Атыраудың есірткі тұтынушылары үшін сүйемелдеуші емдеу бағытындағы метадон дәрілік препаратын қолдану мен ОЗТ бағдарламасын елімізде одан әрі жалғастыру жайы кеңінен әңгіме болды. ҚР Психатрия, психотерапия және наркология ғылыми практикалық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағат Алтынбеков еліміздегі нашақорлықпен, СПИД-пен ауратындар деректерінен әлем бойынша салыстырмалы мысалдар келтіре отырып жиналғандарды тың мәліметтермен таныстырды. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Атырау облыстық орталығының бас дәрігері Гүлнәр Омарова, ВИЧ-тің алдын алу, ЖИТС-пен, түберкулезбен және безгекпен күрес жөніндегі ғаламдық қор жобаларын Қазақстанда жүзеге асыру жөніндегі ұлттық үйлестіруші Татьяна Давлетгалиева тақырыптық баяндамалар жасады.
Баяндамаларда айтылғандай өткен жыл аяғына дейінгі кезең ішінде елімізде барлығы 26690 ВИЧ жұқпасы жағдайы тіркелген болса, оның 24427-сі ҚР-ның тұрғыны. Ең көп тараған аймақтар Алматы қаласы, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары болуда.
Өз кезегінде мінберге көтерілген «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бахыт Түменова медицина қызметкерлері мен қоғам белсенділерін, тәртіп пен құқық қызметкерлерін, ұстаздар қауымын аталмыш дерттермен күресу жолында бірігуге, тәрбие жұмыстарының маңыздылығын артыруға шақырды. «Қазақстан Республикасында опиоидтық алмастыру емдеуі (ОАЕ) дамыту келешектері» жобасының шеңберінде «Аман-саулық» қоғамдық қоры ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен және СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Республикалық Орталықпен серіктесіп, БҰҰ-ның Есірткілер және қылмыстылық жөніндегі басқармасының қолдауы арқылы еліміздің он қаласында сынамалық жобаны іске асырды. Өткен жылы осы қалалардың бәрінде қор ұжымы ОАЕ бағдарламасы туралы қоғамдық тыңдаулар өткізді. Өткізілген аймақтық қоғамдық тыңдаулардың қорытындылары БҰҰ-ның Есірткілер және қылмыстылық жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2015 жылдың 11 желтоқсанында Астана қаласында өткен конференцияда сараланды. Осы конференцияда Қазақстанда ОАЕ ендіру жөніндегі ұсыныстар қабылданды. Бұл жөніндегі ақпараттар ҚР ДӘДМ, ІІМ,СІМ, ПӘ, ҚР Қауіпсіздік жөніндегі кеңесіне, ҚР Бас Прокуратурасына жіберілді. Биылғы жылғы қоғамдық тыңдаулар Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында жалғасын тауып, өзекті де өткір мәселеге қоғамның назарын аударды. Еліміздегі жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды мәселелелердің бірі болып саналатын бұл тақырып қазіргі таңда жайбарақаттықты көтермейді. Болашақта бармақ тістеп қалмау үшін қазірден бастап қолға алатын жәйт – еліміздегі иньекциялық есірткілерді тұтынатын тұлғалары арасында ВИЧ инфекциясының алдын алу және есіркіге тәуелділік деңгейін төмендету мақсатында есірткі тұтынушылар үшін сүйемелдеуші емдеу мәселелеріне қоғам назар аударуы тиіс. Осы бағытта жиналғандар метадон дәрілік сұйық препараты туралы мәліметпен танысты. Метадон 2005 жылдан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қалыпты дәрілік құралдар тізіміне тіркелген. Қазақстанға осы дәріні 2008 жылы ЖҚТБ-мен күрестің ғаламдық қоры және БҰҰ-ның есірткі бойынша басқармасы енгізді. Әлемнің 70-тен астам елінде нашақорлар метадон қолдану тәсілімен емделеді екен. Алайда елімізде бұл тәсілді қолдаушылармен қатар қарсылық айтушылар да да жетерлік. Осының бәрі қоғамдық тыңдауда баяндамалар арқылы жеткізіліп, сұрақ — жауаптар, пікірлермен жан-жақты зерделенді.
Светлана Муньянова