Меже мен міндет Облыста оң динамика сақталып отыр
Осы жылдың қаңтар – сәуір айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрап, 154 095,8 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл туралы ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков айтты.
Облыс экономикасында барлық салаларында оң динамика қалыптасып отыр. Өткен жылғы алдын ала деректер бойынша Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімінің өсімі 3,7 пайызды көрсеткен. Яғни, 1417,5 млрд теңгені құраған.
Қазақстан Республикасының жалпы өңірлік өнімдегі Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімінің үлес салмағы 2,4 пайыз болған.
Сондай-ақ, жалпы өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі 17,9%, ауыл шаруашылығы 10,2%, құрылыс 8%, сауда 9,9%, көлік 18,2%, байланыс 0,7%, жылжымайтын мүлік пен жасалатын операциялар және білім 7,5% салымдарының өсімі байқалады.
Өнеркәсіп саласында жыл басынан бері оң динамика қалыптасып, есепті мерзімде бұл салада 165,7 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,3 пайызға өскен. Оның ішінде өсім тау-кен өнеркәсібінде 15,6 пайызды, өңдеу өнеркәсібінде 12,5 пайызды, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау 8,8 пайызды, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау 2,2 пайызды құрады.
Бұл – республика өңірлері арасындағы үшінші оң көрсеткіш және орташа республикалық көрсеткіштен 6,9 пайыздық тармаққа жоғары. Өңір экономикасының тағы бір басты саласы – ауыл шаруашылығында үстіміздегі жылдың есепті мерзімінде 39,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығында өсім 4,2 пайызды құрап, 38,7 миллиард теңгеге дейін жеткен. Өсім негізінен ет өндіру көлемінің 4,9 пайызға, сүт өндіру көлемінің 3,6 пайызға, жұмыртқа өндірісінің 1,2 пайызға артуы себебінен қамтамасыз етілді. Бұл – республика өңірлері арасындағы бесінші көрсеткіш және орташа республикалық көрсеткіштен 0,1 пайыздық тармаққа жоғары.
Есепті мерзімде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,3 пайызға артып, 69,6 миллиард теңгені құрап отыр. Өсім Жуалы ауданындағы «Бурное солар» күн электростансасына құрал-жабдықтар алуға, Мойынқұм ауданы «Орг-Строй» ЖШС-нің филиалының әрлеу тастарын өндіретін және өңдейтін зауыт құрылысын салуға және Сарысу ауданында «ЕвроХим Қаратау» ЖШС химиялық тыңайтқыштар өндіретін зауыт құрылысына инвестицияны тарту есебінен қамтамасыз етілді. Бұл – республика өңірлері аралығында он бірінші көрсеткіш.
Жамбыл облысында бүгінде құрылыс жұмыстарының көлемі 24,9 миллиард теңгені немесе өткен жылдың қаңтар-мамыр айына 119,8 пайызды құрады. Өсім Тараз қаласында көппәтерлі тұрғын үйлер мен екі мектептің, Талас ауданында магистралды газ құбырының және Шу ауданында кіреберіс теміржол құрылыстарында құрылыс-монтаж жұмыстар көлемінің ұлғаюына байланысты болып отыр. Бұл – республика өңірлері аралығында үшінші оң көрсеткіш және орташа республикалық көрсеткіштен 19,5 пайыздық тармаққа жоғары.
Жамбыл облыстық әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың бес айында өткен жылдың тиісті кезеңінен 20,6 пайызға артық және жалпы көлемі 152,7 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға енгізілді. Бұл – республика өңірлері аралығында жетінші көрсеткіш және орташа республикалық көрсеткіштен 17,9 пайыздық тармаққа жоғары.
Қысқа мерзімді экономикалық индикатор үстіміздегі жылдың 3 ай қорытындысымен 102,1 пайызды құрап отыр.
Бөрі Сұлтан