Microsoft ресми тілдерінің қатарына қазақ тілін қосты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Microsoft компаниясы Microsoft Translator тілдер тобына қазақ тілінің де қосылғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Microsoft.com-ға сілтеме жасап.
«Тілге қатысты кедергіні жою жөніндегі миссиямызды жалғастыру барысында Microsoft Translator тілдер тобына қазақ тілін қосқанымызды қуана хабарлаймыз. Белгілі Qazaqsha не Qazaq Tili Қазақстанда, Қытайдың батысында, Моңғолияның батысында, Ресейдің оңтүстігінде және әлемнің басқа елдерінде қолданылады. Қазақша сөйлейтін 22 миллионға жуық адам бар», делінген әлемдік компанияның блогындағы жазбада.
Таяу арада қазақ тілі Microsoft-тың аударма жасайтын қолданбалары, баптаулары, Office бағдарламасы, Bing-ке арналған аудармашыда және кәсіпкерлер мен мен бағдарлама жасаушыларға арналған Azure Cognitive Services аударма қызметі секілді жобаларында қолжетімді болмақ. Енді интернет пайдаланушысы кирилица әліпбиімен терілген мәтінді Microsoft Translator-де қазақша немесе басқа 60 шақты тілге аударуға мүмкіндігі бар. Еске сала кетсек, 2014 жылы желтоқсан айында «WikiBilim» қоры қазақ тілін «Google Translate» жүйесіне қосуды қолға алған болатын. «Қазақ тілінің Google аударма жүйесіне қосылуы жүйеде бар 90 тілдің арасында сөздерді, сөз тіркестерін, мәтіндерді және тұтастай веб-парақшаларды бір мезетте әрі тегін аударуға мүмкіндік береді. Технологиялық жағынан аса күрделі бұл лингвистикалық платформаға кіре алған небәрі 90 ғана тіл бар», — деді «Wikibilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.