МИХАИЛ ЛАБКОВСКИЙ: «ЕСІ ДҰРЫС АДАМ КҮЙЕУГЕ ШЫҚҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

Психолог Михаил Лабковский мағыналы махаббат пен қарым-қатынас туралы бүй дейді. Ақиқатты бетке айтады!
1. Дені сау адам күйеуге шыққысы келмейді. Ең бірінші жасауға тиісті нәрсеңіз – күйеуге шықсам деп армандауды доғару. Басқаша айтқанда, күйеуге шығу деген ойдың өзін құнсыздандыруыңыз керек. Ол туралы мүлде ойламаңыз.
2. Бір ғана серікпен өткізетін бақытты отбасы, неке, төсектің кепілі – тек тиянақты психика. Иіле салу, келісе салу – тікелей кардиологқа, не онкологқа апарар жол. Адамның психикасы тиянақты болса, ол бүкіл өмірін бір адаммен өткізе алады. Сол бір адамды сүйіп өтеді.
3. Адамды иіле білетіндігі үшін сүймейді. Егер әйел туралы оның кім екені, қандай екені туралы айта алмаса, таңғы асқа нені жақсы көретінін білмесе, ондай әйел еркек үшін әншейін қаңыраған қауашақ боп саналады. Парадокстың көкесі, еркектердің көкбет әйелдерді сұмдық жақсы көретіндігінде.
4. Әйелдердің тығырығы ерінің бос белбеулігінде емес. Тығырықтың себебі – әйелде бір невроздың бары. Соны шығарудың жолын іздейді. Ол үшін әйелді қайғыртатын белгілі бір нақты адам керек, қарым-қатынас қажет. Сондықтан осындай қарым-қатынасты таңдап, соған өз еркімен түседі. Өйткені, бала күннен сондай қарым-қатынасқа деген психикалық сұранысы бар.
5. Махаббатты қайғырудың деңгейімен өлшейміз. Ал, дені сау махаббат – сізді мейлінше бақытты ететін махаббат.
6. Стюардесса құтқару бұйымдарын көрсетіп түсіндіргенде оттегі бетперделері туралы не айтатыны есіңізде ме? «Егер баламен саяхатқа шыққан болсаңыз, алдымен бетпердені өзіңізге, сосын балаға кигізіңіз» демейтін бе еді! Бар мағына осы сөзде. Жұрттың бәрі балаға көмектесуге тырысады. Өзі толық псих күйде тұрып. Бұлай болмайды. Балаға жақсы болсын десеңіз, ең алдымен өзіңіздің санаңызды емдеңіз.
7. Еркек айналасындағы қыздардың арасынан көзімен оны мақұлдап отырған бойжеткенді таңдайды. Себебі, анасынан бастап осындай тәрбие сіңген. Еркектің болмысы сондай. Дені сау еркек – бала секілді. Әйел күлімдегенде, көзіне тік қарағанда, ол қол созады.
8. Дені сау адамдар әрқашан өзін таңдайды. Невротиктер – өзін төмендететін, өз «меніне» зияны бар қарым-қатынасты таңдайды. Басты айырмашылық осы.
9. Әйел қарым-қатынаста өзіне ұнамайтын жағдайға ешқашан төзбеуі керек. Ұнамаған нәрсені бірден бетке айтуы керек. Егер еркек өзгермесе, одан іргесін бөлек салсын.
10. Еркектерге, балаға секілді, мінезді әйелдер ұнайды.
11. Егер бір адам екіншісі үшін бүкіл әлем бола алса, екіншісінің өз әлемі болмағаны.
12. Жалғыздық — айналаңда махаббат жоқ деген сөз емес. Өзіңе деген ықыластың жоқтығы. Және бұл бала күннен келе жатқан себеп.
13. Серік іздеуге қатысты айтайын, кімді іздеу керек? Сіздің серігіңізде болуға тиісті жалғыз қасиет — сізді тартқан, өзіне қаратқан бір пейілі. Басқа еш нәрсенің мәні жоқ. Егер сүйсең, ол үшін алаңдап, қобалжитын болсаң — онда басқа ешбір «кедергі» жоқ.
14. Күйеуге шығу үшін не істеу керек? Бір нәрсе ғана істеу керек екен – өзіңнің меніңді жетілдір. Өзіңмен өзің бол. Осы жеткілікті. Адамды тек сонысы үшін сүйеді.
15. Дені сау адам мен невротик арасындағы басты айырмашылық не екенін білесіз бе? Дені сау адам да қайғырады. Бірақ шынайы жағдайға байланысты. Ал, невротик өзі ойлап тауып алған дүниеге қайғыра береді. Қайғы жетпей тұрса, Кафкасымен, Достоевскийімен, шөлмекпен қаптатып алады.
16. Егер еркектің мінез-құлқы, әрекеті ұнамаса, оны ақтап алудың қажеті жоқ. «Ол қайта қоңырау шалмады» деген жағдайда дені сау қыздар қарым-қатынасты тоқтатады. Есі дұрыс еместер үшін – махаббат басталады.
17. Жазушы Кристофер Бакли айтпақшы, (Thank you for smoking романының авторы, осындай киносы бар), «Анамдікіндей» атты мейрамханадан тамақтанба, әрі сенің басыңдағы қайғыдан да көп қиындығы бар әйелмен төсектес болма.
18. Қарапайымдылық ешкімнің көркі емес. Өзіне сенбейтін, өзі туралы тым төмен ойлайтын, комплекстері көп әйелдердің төсексіз және қарым-қатынассыз қалуының себебі: оның көріксіздігінен емес, өзін сыйламағандығынан. Психологтың мақсаты — оны осы жаман ойынан құтқару.
19. Отбасылық терапия – ажырасу. Отбасылық терапияның тек бір ғана түрін шын мәнінде пайдалы деп есептейді – ажырасу кезіндегі психологтың көмегі. Бірақ дәл соны біздің елде жүргізбейді.
20. Адамның бүкіл өмірінде шын мәнінде тәуелді болатын мезеті – оның балалық шағы. Ата-анасына тәуелді кезі. Бұл салыстырмалы түрде ұзаққа созылмайды. Басқа кез келген қарым-қатынасқа түсу әр адамның өзінің саналы таңдауы.

Аударған Шынар Әбілдә