Михаил Литвак: Махаббат – жүктілік секілді. Ол не бар, не жоқ

Михаил Литвак өзінің «Психологиялық вампиризм» кітабында жұмыс кезінде жинақтаған біршама қызықты дүниелерді, қанатты сөздерді ұсынады. Кейбірі кәдуілгі өмірде жиі кездеседі. Сол сөздердің ішінен өзіңе ұнайтынын оқу жаныңды жадыратады. Өзің келісетін, күнделікті қолданатын құбылыстармен бетпе бет келгендей боласың. Ал, кейбірін оқығанда ойланасың. Осыны істеп көрсе, қайтер екен деп қаласың. Бұлардың арасынан дәл қазір саған не керегін тауып алуға әбден болады.

Ал, мархабат!

Қарым-қатынас жауапкершілігін өзіңе ал

Мені алдады деме, мен алданғым келді де. Солай істеуге мәжбүрледі деме, өзімді мәжбүрлеуге рұқсат бердім де. Менің ашуыма тиді деме, өзіме ашулануға мұрсат бердім де. Мұндай көзқарас тәжірибе жинауға көмектеседі. Уақыт өткен сайын өтірік пен алдау-арбауға көп ілінбейтін боласың. Ашулануды доғарасың.

Қалауыңды қашан ұсынады деп күтпе. Сұра.

Мұны Інжілден алдым: «Сұрасаң, береді. Іздесең, табасың. Есікті қақсаң, ашылады…». Сұрай білу керек! Ол жаман әдет емес.

Кеңес берме!

Біреуге кеңес берсең, бір реттен артық ақыл айтпа. Ары қарай ақыл айту әдепсіздік деп айт. Сол бір реттің өзінде де кім болатынын, кіммен болатынына ақыл қоспа.

Қарапайымдылық – ақиқаттың белгісі

Антикалық афоризм: «Күмәнданба! Күмәндансаң, ең жаман нұсқасын таңдап ал да сонымен жұмыс жаса. Таңдай алмасаң, жеребе тастап, тағдырға мойынсұн».

Бір ұрысқан соң жоқ боп кет

Әйтпесе, біреудің арты екеуге, екеудің арты үшеуге ұласады. Оған тоқтау жоқ.

Сен туралы жақсы ойласын десең, өзің туралы нашар пікіріңді білдір

Өзің туралы айтқанда кемшіліңнен бастап әңгімеле. Қарсыласың туралы айтқанда абыройлы артықшылығын айт.

Ақталма, өйткені ақталу – шабуылдау

Бір адам сын айтты. Ол өзінікі дұрыс дегенге кәміл сенеді. Ақтала бастасаң, оны ақымақ санағаның болып шығады.

Ақталма, сұрақ қой

Біз қонаққа өзіміз жақсы көретін дәмді ұсынамыз. Қарым-қатынаста да солай. Басында өзіңді даярла. Өзіңе ұна. Сосын өзіңді өзгелерге ұсын.

Өсекті шынайылығы жоқ адамдар мен жолы болмаған бейшаралар айтады. Жалпы өсекті айтпайтын адам жоқ. Дос адам сен туралы, сенің жақындарың туралы өсек айтпайды. Той-думанда, демалыс кештерінен дос таппайсың.

Ұрыс-керісте екі жақ бірдей кінәлі. Егер екеудің бірі психологиялық тұрғыда өзін дұрыс ұстай білсе, онда ұрыс шықпас еді.

Серігіңді жаныңнан ұзатқың келмесе – өсу керек!

Серігіңді жаныңнан ұзатқың келмесе – өз ісіңмен айналыс.

Босатып жіберіп ұстауға болады.

Шынайы махаббат елес секілді: ол туралы бәрі айтады, бірақ көргендер аз. Бұл Ф.Ларошфуконың сөзі.

Таза ауамен тыныста. Жадырап жүретін адамдармен аралас.

Адаммен сөйлесіп отырған кезде оның өзі туралы өте жоғары пікірде екенін ұмытпа.

Серігіңнің жауабы сенің сұрағыңда бапталған. Жауап ұнамаса, онда дұрыс сұрақ қоймағаның.

Қарым-қатынаста жеңімпаз бен жеңілгендер болмайды. Екі жақ та, не жеңеді, не жеңіледі. Қарым-қатынаста дегеніңе жеткің келсе, жол бер. Мақтау сөзді сабырмен қабылда. Оны айтқан адамға қарыз емессің.

Ашу мен күйгелектік – біздің қарым-қатынастың боғы мен сідігі. Ұрысқың келіп, долылығың қысса, дәретханаға бар.

Психологиялық конфликтіні (ұрысты) іскерлік келіспеушіліктен ажырата біл. Психологиялық конфликті екеуара бір-бірін жоқ қылуға дейін барады. Іскерлік келіспеушілік мәселені шешіп, екі тарапты жақындастырады.

Сені біреу сөксе, сен де өзіңді сөк, одан да қаттырақ сөгу керек.

Психологиялық вампиризм – адамды қорған ретінде әрі қуат көзі ретінде қолдану.

Егер серігіңді түсінбей қалсаң, соған бола әбігерленіп, көңіліңді түсірме, ол жерде ақымақ сен болмауың да ықтимал.

Ақылдымсыма: түсінбесең – сұра.

Махаббатсыз күнаға бату бекер, сүйіп тұрып махаббатыңның құшағына құламау күнә.

Махаббатта он реттің бірінде ғана жол болады. Жолың болмаса, тағы да көр.

Сезіміңді неғұрлым жылдам жеткіз.

Ұсынысты бір рет қана жаса. Көндіруге тырыспа. Жоқ десе, жоқтың себебін сұра. Естіген соң жөніңе кет.

Айыбы болса да адамдарды алдыңда ақталуға мәжбүрлеме.

Сені біреу сүйсін десең, өзіңді жақсы көріп үйрен.

Өзін жақсы көрмеген адамның бақыттан дәметуі бекер.

Егер мен өзімді жақсы көрмесем, онда шыншыл адам ретінде сүйіктіммен кетісуім керек. Сүйікті жанға не болса, соны ұсынуға болмайды.

Әйелге ілтипатыңды білдіре жүріп іскерлік және жеке басыңның артықшылықтарын көрсет.

Махаббаттан ол бере алатыннан артық дүниені күтеді. Махаббатта адамның бәрі біркелкі. Индивидтер өзінің жекелей және іскерлік қасиеттерімне ерекшеленеді. Махаббатта қайталау көп. Шығармашылықта үздіксіз прогресс болады.

Тұрақты махаббат пен сапалы секс жемісті серіктестіктен басталады.

Сені сүйсін десең, сыйлық сыйлама. Табыс табудың көзін үйрет.

Жүрек түкпірінде жек көрушілік болса, жек көретін адам табасың.

Серігіңмен байланысыңды үзгің келсе, оған деген жек көрушіліктен арыл.

Махаббатқа тірелгенде досыңның, құрбыңның ақылына сүйенбе. Махаббат та әркім өзі үшін.

Сені тек сенен қаржылай тәуелсіз адам ғана сүйе алады. Мейірімді сатып алуға болар, бірақ махаббатты сатып ала алмайсың.

Махаббат біреу, оған ұқсас сезімдер миллион.

Әйелге ілтипат білдіргенде саған одан не керек екенін біл: мейірім бе, махаббат па?

Кездейсоқ жыныстық қатынас махаббатқа ұласуы мүмкін, бірақ ол көбіне сифилис пен СПИД-ке ұласады.

Жұмыста серіктес туралы ақпарат жинай жүр, махаббатта жинама. Жүрегіңе сен.

Әйелін жамандаған жігіт ертең сені де жамандайды.

Ақымақтың ашуы – сөзінде, ақылдының ашуы – ісінде. Араб мақалы.

Мәңгілік махаббатты аңсама, бүгін сүйген жанға алғыс айт.

Егер біреу сүйем десе, сенен не қалайтынын анықта, не бере алатынын сұра, сонда онікі махаббат па, басқа ма тез түсінесің.

Махаббат – жүктілік сияқты. Ол не бар, не жоқ. Азғантай болса, жағдайын жаса, махаббаттың нанын бер, сонда ол ұлғаяды.

Енді ғана басталған махаббаттан құтылу оңай, кішкентай мерзімдегі жүктіліктен құтылғандай.

Егер махаббатта жолың болмаса, өсуді ойла. Сонда сүйіктің жүректен асқазанға түседі, сосын төмендейді де сыртқа шығады.

Махаббат ағаш іспетті: енді ғана тамырлағанда жұлып тастау оңай, тамыры тереңге тартқанда жұлу қиындау.

Махаббат әлсіз бола алмайды. Сезім әлсіз болса, онда ол сезім емес-ті.

Еркек үшін арпалысып жүрген әйелдерге: еркекті өзіңе тартқан әйел жеңіледі.

Серігіңді ойлама, өзіңді ойла. Серігің одан ұтпаса, ұтылмайды.

Ақымақ ақымақтығын жасыра алмайды. «Мен күйгелекпін» деп қоятыны бар.

Өзіне жауапкершілік алғысы келмейтін адам кеңес сұрайды. Есті жан көмек сұрайды.

Адамның әрекетін сына, қылмысын емес. Жапон мақалы.

Өзі науқас дәрігерден ем алма.

Адамға дерт бір сәт тыныстап, қайда бара жатқанын електен өткізу үшін беріледі. Егер осыны ойласа, дерті жанына дауа болары хақ. Ойламаса, күйзелте береді.

Дені сау адамның қолы кебу әрі жылы болады.

Өз көмегіңді ұсынба, сұраған кезде көмектес.

Қолы бос емес адамнан көмек сұрама.

Көмекті досыңнан сұрама, білікті маман иесінен сұра.

Білікті маман үшін сенің ісің – оның ісі.

Аударған Шынар Әбілдә