Міні көп «Марко Поло»

Күні кеше «Марко Полоның Жібек жолы» атты жап-жаңа ғылыми-танымдық фильмнің алғашқы таныстырылымы өткен болатын. Фильмнің кәсіпқойлардың қолынан шыққандығына дау жоқ, бірақ…

         Осы бірақ деген бір-ақ сөз ұлтымыздың түбіне жететін болды. Елу минутқа жетер-жетпес деректі фильмнің дайындалуына 60 миллион теңге көлемінде қаражат кеткен көрінеді. Оның 40 миллионы қазағымның қалтасынан шықса, 20 миллионын қытайлықтар қосыпты. Сонымен бірге, Венецияда туған Марко Полоны мақтан тұтатын итальян кинематографтары да үш елдің уағдаластығына сәйкес үн қосыпты-мыс. Енді өзіңіз ойлай беріңіз. Бір сағатқа жетпейтін телетуындыда баға жетпес мұра қалдырған, онда да оның жүздеген нұсқасы әлемді шарлап жүрген атақты саяхатшы Марко Полоның өмір жолы толық ашыла ма? Оны үш елдің үш түрлі көзқарастағы азаматтары ой қосып дайындаған болса арғы жағын бағамдай беріңіз. Айтпақшы, фильмнің прологы Елбасы Н.Назарбаевтың «Бізді бүкіл әлемге әйгілі еткен дүниені қайтадан қалпына келтіру қажет, Ұлы Жібек жолы» (орысша «Нам необходимо заново возродить, сделавший нас знаменитыми на весь мир, Великий Щелковый путь») деген сөзімен басталады. Расымен, біздің Президентіміздің аузынан осындай сөз шықты ма? Меніңше, бір сөйлемнің ішінде екі-үш сөз артық немесе тағы бір-екі сөз кем. Енді осындай сауатсыз сөйлемді Мемлекет басшысы айтқанға теліп, киноның басына қоюдың қаншалықты қажеті бар еді?

img_0008

     Екіншіден, деректі фильмде пікір білдірген тарихшы-мамандар Марко Полоның зерттеуші болған-болмағанына таластың барын да айтып қалды. Өз басым Марко Полоның көзімен қараған Қазақ елінің сол кезгі даласын, дәстүрін көремін деп ойлаған едім. Десе де, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы көркемдік жағынан жетекшілік еткен бұл фильмнің көрігін сапалы түсірілімі ғана қыздыра алды. Қалғанының бәрі әлемге әйгілі «National Geographic», «Discovery» арналары жыл он екі айда жүздеп түсіретін және үндемей-ақ ұсынатын ұсақ-түйек дүние. 

img_0005

     Айтпақшы, министрден бастап, фильмге атсалысқан режиссер Алексей Каменский, американдық продюсер Марио Дюкодрей, сценарий авторы Андрей Хазбулатов, т.с.с. қатысқан таныстырылым нұсқасы әдеттегідей орыс тілінде өтті. Сондай-ақ, бұл АҚШ-та өтетін деректі фильмдер фестиваліне қатысса, толық нұсқасы қазақ тілінде алдағы жылдың алғашқы айларының бірінде телеарнадан берілуі бек мүмкін. Тоқа-терін айтқанда, міні көп «Марко Поло» осы жылдың басында жарық көрген «Мәңгілік аспан астында» секілді мардымсыз туындылардың қатарын толықтырды. Неге? Өйткені, ұлтымыздың, мемлекетіміздің көзқарасы фильмде көзге ұрып тұрмағаннан кейін, ол қазақша сөйлемегеннен кейін оны мейлі миллиард ақша шығарып, Голливудтан режиссер әкеліп жасатсақ та қазақ көрермені үшін құны көк тиын болса керек-ті. Ал, премьералық көрсетілімге келген қонақтардың қалғып-мүлгіп отырғанын да сөз түйініне қосып қойыңыз. Әрине, «өнерге әркімнің де бар таласы» демекші, мінін көп айтқан менің пікіріммен келісе кетпей «Марко Полоның Жібек жолын» көріп шығуға кеңес беремін.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ