Министр Цой: бір айлық карантин індетті тоқтатудың “тиімді жолы”
29 маусым күні Ақордадағы жиналыста денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус індетін тоқтату үшін елде екі аптадан бір айға дейін қатаң карантин енгізуді ұсынды.
Алексей Цойдың сөзінше, карантин енгізілмесе елде тамыздың аяғында күніне 27 мың адам вирус жұқтырып, ауруханаға жатқызылады және төсек-орын мұқтаждығы 300 мыңға дейін өседі. Ал екі апта карантин енгізсе, тамыздың соңына таман күніне 8 мың адам дертке шалдығып, ауруханаға жатады, стационарда 80 мың орын керек болмақ. Бір айлық карантин енгізсе, тамыздың аяғына таман күніне вирус жұқтырған 2,5 мың адам ауруханаға түседі және 30 мың орын қажет болады.
Министр бір айлық карантин індетті тоқтатудың “тиімді жолы” деп санайды. Министр індетпен күресудің үш кезеңдік жоспарын ұсынды. Жоспар екі апталық дайындық кезеңінен, екі аптадан төрт аптаға дейінгі карантиндік кезеңнен және посткарантиндік кезеңнен тұрады.
“Дайындық кезеңінде денсаулық сақтау жүйелерін ресурспен қамту, халықтың медициналық көмекке өткір мұқтаждығын қанағаттандыру және медициналық қызметкерлерді ұйымдастырушылық дайындау қажет” деді Цой.
Министрдің айтуынша, карантин инфекцияның халық арасында жаппай тарауын тежейді. Цой елде пневмонияның да өршіп кеткенін айтты.
“10 маусымнан бері COVID-19 дертінің клиникалық белгілері бар, бірақ ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайларының едәуір өскенін байқап отырмыз. Соңғы күндері мұндай пневмония жағдайларының тәуліктік көрсеткіші 2,5 мыңға жетті. Біздің сарапшылар эпидемиологиялық ахуал өрлеуінің үш сценарийі бойынша вирус жұқтыру саны мен қажетті инфрақұрылым жөнінде болжам жасады” деді ол.
Цойдың сөзінше, қанша уақыт карантин енгізетінін коронавируспен күрес бойынша мемлекеттік комиссия жақын күндері шешеді.
29 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус тарауының үдеуіне байланысты үкімет мүшелерімен жиналыс өткізіп, бір топ шенеунікке сөгіс және ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданды. Сол жиында Тоқаев үкіметке наурыз-мамырдағыдай қатаң карантин шараларын қайтаруға тапсырма берген.
Елде вирус жұқтырғандар 40 мыңға жуықтап, 188 адам коронавирустан қайтыс болды.