Министр мемлекеттік тілдегі сұраққа қазақша жауап беруді талап етті

Біз Ресейдің бір Губерниясы емеспіз

 

Бүгін Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетовтың басқаруымен қашықтан оқыту жүйесіне қатысты онлайн жиналыс өтті. Министрден басқаларының аман-сәлемі қазақша болғанмен дайындаған слайд материалдары, баяндамалары орысша болып жатты. Жазылып жатқан пікірлердің басым бөлігі «НЕГЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙСІЗДЕР» деп келеді. Ашулы пікірлер де жеткілікті. Қазақ мемлекетінде орыс тілін толық түсінбейтін. өз жерінде өз тілінде ақпарат алуға құқылы азаматтар бар. Осы азаматтардың құқы неге аяққа тапталуы керек. Қажет болса екі тілде бөлек өткізу керек. Тілге, сол тілдің, мемлекеттің иесіне деген құрметсіздік қашанға дейін жалғаса береді. Халықтың наразылығын көріп отырсыздар. Біз Ресейдің бір губерниясы емеспіз ғой. Жалпы бұл үрдіс тәуелсіз мемлекеттілік ұғымына қарсы насихат екенін біліңіздер.

Кезекті бір орысша баяндамадан кейін миннистрдің өзі тілге қатысты: «МЕН СІЗГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СҰРАҚ ҚОЙДЫМ, НЕГЕ СОЛ ТІЛДЕ ЖАУАП БЕРМЕЙСІЗ. ТІЛДІ БІЛЕСІЗ» деп сабырмен салмақты ескерту жасады.

Министр пікірлерді оқып отырған болуы керек. Дұрыс. Міне, «еститін мемлекеттің» еститін министрі. Разы болдым десем жас баланың қуанышы сияқты. Министр дұрыс ескерту жасады. Енді талап ету деңгейіне өту керек. Білім саласының барлық буындағы басшылары осындай жігерлі жетекшіні қолдап, өздеріңізге жабысып жүрген «ана тілін білмейтін дүбәра, мемлекеттік тілді білмейтін сауатсыздар, саңылаусыздар» деген масқара аттан арылып қалыңыздар.

Онлайн жиналысты соңына дейін көре алмадым. Арықарай мемлекеттік тілде баяндамалар болған шығар. Бірақ орысша жасалған баяндамаларды да қазақ тілді аудитория толық түсініп, мемлекеттік тілде тыңдауға құқылы екендігін ұмытпаңыздар.

Ержан Әділ,

Фейсбук парақшасынан