Өмір кейде биік құздың шетіндей……

Өмір кейде биік құздың шетіндей,
Кейде көркем сұлу қыздың бетіндей.
Жеңімпаздың ұлықтайтын досы көп,
Ал,жеңілсең мұңаясың жетімдей.

Өмір кейде кең жайлаудай құлпырған,
Байқамасаң қан ағызар ұртыңнан.
Атқа мінсең жақының көп жалпылдар,
Ал,сүрінсең табалайды сыртыңнан.

Тағдырыңның түсінгенше талқысын,
Уақыт ұрлар ғұмырыңның жартысын.
Көп ішінде жүріп келе жатсаң да,
Жабырқаған сәттеріңде жалқысың.

Өмір-көктем, жылылығы мақпалдай,
Қытымыр қыс, суықтығы ақпандай.
Біздің қоғам саңырау піл секілді,
Қарсы келсең қала алмайсың тапталмай.

Дұшпаның кеп алғанынша алқымнан,
Елпілдеген баладайсың талпынған.
Біреу сенің мерейіңді көтерсе,
Біреу сенің тас лақтырар артыңнан.

Өмір кейде жауабы жоқ сұрақтай,
Сонда да оны тұралмайсың ұнатпай.
Өзің үшін ұялмасаң-сол қымбат,
Арың менен намысыңды құлатпай.

Аманжол Әлтай фб парақшасынан