Миымыздан айырылып қалмайық
Ми керек. Онда да ақылды ми. Американың қатты дамыған себебі ол бүкіл әлемдегі ақылды миды өздеріне жинады. Әлі де солай. Дүниені өзгертуге болатын жаңалықтарын өз елінде жүзеге асыра алмаған дарындыларды аңдып отырып, қақшып түседі. Өйткені дарынды адамдар қайда да керек. Әсіресе, миы тұнық, талантты жастар. Америка алыс қой дерсіз. Алайда, өкінішке қарай, шекаралық аймақтарда көрші елдер біздің миымызға «ауыз салған» сияқты.
Бұл мәселенің себептерін тез анықтап, алдын алмаса ақылдың мидың артынан қол бұлғап қалуымыз мүмкін. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы осы мәселені Үкіметке дейін құлаққағыс етіп, Премьер-министр Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жариялады.
«Соңғы жылдары Ресейдің жоғары оқу орындары шекаралық облыстардағы, елді мекендердегі мектеп оқушыларын іріктеп, дарындыларын өздеріне оқуға шақыру фактілері жиілеп кетті. Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстанның мектептерінде әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, білімділерін ерте бастан іріктеп алып, тегін оқуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыстауда. Әрине, жастардың таңдау еркіне, талап-тілектеріне шектеу қоя алмаймыз. Шетелде білімі мен біліктілігін жетілдіріп келгеннің еш айыбы жоқ. Бірақ, олардың өзге елдерге көптеп кету толқыны бізді алаңдатады. Мысалы, тек 2017 жылы елімізден 10 мыңға жуық жоғары білімді кәсіби мамандар сыртқа кеткен.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің берген мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 жылдарғы оқу жылы бойынша жалпы білім беретін мектептердің 11-ші сыныпты бітірушілерінің 127 414 оқушысы мектепті аяқтап, олардың ішінде тек 92 827 түлек, яғни 72% ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш төмендеп барады. Оның бір ұшығы түлектердің өз елінің оқу орнынан гөрі шетелдің білім ордасын таңдауына келіп тіреледі. Мысалы, 2015-2016 ж.ж. оқу жылдарында Павлодар облысында 3 оқушы өз тағдырларын шетелдегі оқу орындарымен байланыстырса, 2017-2018 ж.ж. оқу жылдарында 412 түлек шетелде оқуға тілек білдіріп, бұл көрсеткіш 135 есеге көбейген! Ақмола облысында екі жыл бұрын мұндай 62 түлек болса, былтыр бұл көрсеткіш 6 есеге артқан. Айта кетуіміз керек, бұлардың көпшілігі мектепте жақсы оқыған талантты оқушылар. Бұл секілді жағдай Ресеймен шекаралас Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында да орын алуда.
Сонда Қазақстан тарапы басқа мемлекеттің экономикасы мен әлеуметі үшін қаржы шығындап, орта білім берген болып шығады. Бұл – ақыл-ой көші. Экономикаға пайдалы жастық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. Он бір жыл мемлекеттен әр баланың білім алуына 3 млн. 200 мың теңге қыруар қаржы бөлінетінін, бір тұлғаның қалыптасуына әлденеше адамның тер төгетінін, өзгелерге дайын еңбек күшін үлестіріп отырғанымызды еске алсақ, бұл ел үшін үлкен шығын, экономикалық, адами капитал, шашылған дарын екеніне көз жеткіземіз.
Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қолданып жатқанын білеміз, десек те, олар жеткіліксіз болып, көбіне науқандық сипатпен шектеліп қалуда. Шекаралас аймақтардың орыс тілді мектептердің түлектерінің көпшілігі ҰБТ тапсыруға құлықсыз, өйткені оның тәртіп-ережелерін қиынсынады. Оған қарағанда, Ресей жағы көптеген жеңілдіктер, артықшылықтар ұсынатындықтан, жастарымыз көбіне сол жаққа қарай ұмтылады. Олар онда – ақысыз оқуға түсіреді және оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыруға кепілдік береді. Ал, Қазақстанда оқу ақысы қымбат, сондықтан шекара асуға мәжбүр. Қарапайым бір ғана мысал, Еуразия ұлттық университеттінің бір жылдық оқу ақысы 750 мың теңге шамасында және жатақханада жиі орын болмауына байланысты пәтер жалдап оқу осындай әр студент үшін жылына 1 миллион теңгеден астам шығын әкеледі. Ал, Ресейдің Омбы қаласындағы мемлекеттік университеттің бір жылдық оқу ақысы орта есеппен 400 мың теңгені құрайды. Осының өзі көп жайдан хабар береді ғой деп ойлаймыз».
Сенаторлар М.Бақтиярұлы мен Б. Әйтімова Үкімет басшысы атына бағытталған депутаттық сауалында жоғарыдағы аталғандардың негізінде, шекаралық елді мекендерде туып-өскен, білім алған мектеп түлектерінің көрші елдің орта және жоғары оқу орындарына ауысу себептерінің алдын алып, еліміздің келешегі ақыл-ой иелерінен көз жазып қалмау жолдарының кешенді іс-шарасын қарастыру мәселесін қойды.
Әділбек Қаба