Моңғолия делегациясы Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру тәжірибесін зерделеуде
Бүгін Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Монғолияның еңбек, әлеуметтік қорғау министрлігі және әлеуметтік сақтандыру бас агенттігі өкілдеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт және бэк-офистерінің жұмысы таныстырылды.
Шара барысында мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдер мониторингі және әдіснамасы департаментінің директоры Серікқан Сабыржанов монғолиялық әріптестеріне зейнетақы тағайындау үшін құжаттарды қабылдау және әрі қарай шешім қабылдау үшін уәкілетті органға электронды құжаттарды жіберу процесін көрсетті. Сондай-ақ, бала туылуы және күтімі бойынша жәрдемақыларды проактивті әдіспен рәсімдеу үдерісі де делегация мүшелерінің қызығушылығын тудырды. Айта кету керек, Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып бала тууына байланысты мемлекеттік қызмет көрсетудің проактивті тәсілін енгізген болатын.
Сонымен қатар, шетелдік қонақтар egov.kz электрондық үкімет порталының жұмысымен танысты. Монғолялықтарға телеграмм-бот мессенджері және mGov мобильдік қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу бойынша жаңа сервистер таныстырылып, телеграмм-бот (EgovKzBot) арқылы бір минут ішінде зейнетақы жинақтары туралы анықтама алу жолдары көрсетілді.
Шетелдік әріптестер мемлекеттік корпорацияның жұмысын жоғары бағалап, әлеуметтік сала бойынша қызметтердің барлық азаматтарға бірдей қолжетімділігіне ерекше мән берді. Олардың айтуынша, Монғолияда зейнетақы төлемдеріне өтінішті үлкен қалаларда Қазақстандағыдай халыққа қызмет көрсету орталығына ұқсас мекемелерде, ал аудан орталықтары мен елді мекендерде жергілікті атқарушы органдарда рәсімделеді. Зейнетақы рәсімдеуге өтініш беру үшін құжаттарды жинау да бірнеше кезеңнен тұрады екен.
Монғолияның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры Басан Батжаргалдың өз сөзінде мемлекеттік қызметтерді бір жерден, бір өтініш арқылы алуға болатын осындай орталықтарды өз елдерінде құруға мүдделі екенін жеткізді, және орталықтардың жұмысы сәтті жүріп кеткен жағдайда электрондық үкімет порталын құру туралы жоспарлауға болатынын айтты.
Айта кетейік, мемлекеттік корпорация мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сапалы қызмет алуына ерекше назар аударады. Бүгінгі таңда Азаматтарға арналған үкіметтің барлық фронт-офистері пандустармен, шақыру кнопкаларымен, Брайль тақтайшаларымен және мүгедектерге қызмет көрсететін жеңілдік терезелерімен жабдықталған. Фронт-кеңселердің ғимараттары алдында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жеке тұрақ орындары да ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, I және II топтағы мүгедектер 1414 байланыс орталығына өтініш бере отырып, мемлекеттік қызметтерді үй жағдайында ала алады (қоңырау шалу тегін). Ал асырауында мүгедек балалары бар ата-аналардың 1411 нөміріне хпбарласып, психологтың онлайн-кеңесіне алдын ала жазылып қоюға мүмкіндігі бар.
Одан бөлек 1411 байланыс орталығы арқылы қазақстандықтар зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға қатысты барлық мәселелер бойынша тегін кеңес ала алады. Жыл басынан бері орталық қызметкерлері 130 мыңнан астам кеңес берді.