Мобильді аударымдар туралы дерек пен дәйек
1.Сұрақ: Мобильді аударымдарды тексеру не үшін қажет?
Жауап: Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған.
Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Айта кету керек, мемлекет барлық мобильді аудармаларды тексермейді.
Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі.
2.Сұрақ: Туыстар мен достарға ақша аударуға бола ма?
Жауап: Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін: туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ.
3.Сұрақ: Кейбір кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ете бастады, бұл қаншалықты заңды?
Жауап: «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған – банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен (25-бап). Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады.
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады (ӘҚБтК-нің 194-бабы).
4.Сұрақ: Егер кәсіпкер қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартса, қайда жүгінуге болады?
Жауап: Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет.
Тұранинфо Ақпарат Агенттігі