Мобильді қоғамдық қабылдау
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Кеше партия мүшелері ауданға қарасты Шақпақ ауылдық округінің орталығы саналатын Шақпақ ата ауылында болып, округке қарасты ауыл тұрғындарының ұсыныс-сауалдарын тыңдап, көкейкесті мәселелерімен қанықты.
Мобильді қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ермұхамед Жұмабек, партия облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев, Ерұлан Мағзымбетов, партия аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мамандары қатысты.
Қабылдауға округке қарасты Т.Дүйсебайұлы, Ынтымақ, Шақпақ ата, Амансай ауылдарынан келген тұрғындардың басым көпшілігі жайылым жер, ауылішілік көше жолдарын жөндеу, интернет желісінің сапасыздығы, жұмыссыздарға берілетін 2,5 пайыздық несие туралы сұрақтарымен қайырылды.
Атап айтқанда, Т.Дүйсебайұлы ауылының тұрғындары жақында ғана Belline байланыс операторының 4G мобильдік интернет желісі қосылған мұнарасы ашылғанын, алайда қуаныштары көпке созылмай су сепкендей басылғанын айтып, шағымдарын жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, Belline байланыс операторының 4G мобильдік интернет желісінің күші өте нашар. Мұнараның маңындағы үйлерде ғана интернет желісі жақсы ұстағанымен, алыста орналасқан үйлерге интернеттің күші жетпейтіндігін айтып, мәселені шешіп берсе деген өтініштерін білдірді. Сондай-ақ, ауылда жарықтың жиі өшетіндігін айтып шағымданды.
Одан бөлек, ауыл тұрғындары Т.Дүйсебайұлы ауылындағы Б.Момышұлы, С.Тотайұлы және Жамбыл көшелеріне асфальт жамылғысы төселсе деген тілектерін де жеткізді.
Сонымен қатар, Амансай ауылың тұрғыны Жорабек Жуасбаев ауылдағы Б.Көпбайұлы көшесінің жолы нашар екендігін айтса, Шақпақ ата ауылының тұрғыны Шарипа Далбаева ауылдағы мәдениет үйін және №4Қ.Сағындықов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып, сауалын жолдады.
Тұрғындардың сұрақтарына тиісті бөлім басшылары нақты жауаптар берсе, облыстық мәслихат депутаттары тұрғындардың сұрақтарын қағаздарына түртіп алып, жауапты бөлім мамандарымен бірге бірлесе жауап беріп отырды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»