Мойынқұмда ауылым…
Мойынқұм ауданындағы Еланасының іс-сапары
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» экспедициясы аясында Мойынқұм ауданына аялдап, әкімдік қызметкерлерімен, зиялы қауыммен және шаруа қожалықтарының иелерімен жүздесті.
Аудандық әкімдікте аудан басшысы Карентаев Ермек Амангелдіұлы қадірменді қонаққа туған жеріне ат басын бұрғанына алғыс айтып, алғы сөз сөйледі. Жиында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков өңірдегі мал шаруашылығы, егін шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, мембағдарламалар бойынша шаруа қожалықтарына және кооперативтерге қандай көмек көрсетіліп жатқаны туралы мәлімдеді.
Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы кооперативтерін және аумақтарды дамыту, микроқаржыландыру бөлімінің басшысы Бақыт Сейтімбетова мойынқұмдықтар алдында, «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған және алдағы атқарылатын жұмыстарға кең көлемде тоқталды. Мысал ретінде облыста ауылшаруашылық қызметінің әртүрлі түрлерімен айналысатын 363 кооператив жұмыс істейді, оның ішінде 32-і көпжылдық шөптер мен дақылдарды өсірумен, 97-і мал шаруашылығы, 234-і егін және мал шаруашылығы. Олардың ішінде 577 жеке кәсіпкер және шаруа қожалықтары барын айтты.
Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы елімізде 7 мыңға жуық ауыл барын айтып, солардың даму жолында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай үлес қосатыны, балалар тәрбиесі, үлкенге ізеттілік жайында сөз қозғады. Қазіргі таңда бала тәрбиесінде өкінішті жайттардың орын алып жатқанын да жасырмады. Атап айтатын болсақ, қазақи тәрбиедегі әке рөлінің төмендеп кеткені екенін баса айтты. Осыдан сәл ертеректе “әкең келе жатыр”, “әкеңе айтам”, “әкең біліп қоймасын” деген сөздердің қадірі жоғалғанын, оған себеп — зорлық зомбылыққа қатысты заңның күшіне енуі болуы ықтималдығын да атап өтті.
Ата-бабадан келе жатқан ұлттық тәрбие қазақ халқының негізгі тәрбие беру формуласы болса ғана келешек ұрпақтың тәрбиесі оңды болатыны, тәрбие беру ісінде сырт елдерден алған үлгілер халқымыздың менталитетімен үйлесім таба бермейді деген ойын ашық білдірді.
«Бұл сапарымда негізінен ауылдық жерлерде «Ауыл аманаты» аясында атқарылып жатқан істермен танысу үшін келдім.
«Ауыл аманатының» аясына не кіреді? Ол тек кәсіп ашып, мал өсіру ғана емес.
Ауыл аманаты дегеніміз – ел аманаты, ұрпақ аманаты. Мен бармаған ауыл, мен бармаған елді мекен жоқ. Ауыл – ел болашағы. Болашағы жоқ ауыл деген сөзді естігенде жүрегім ауырады. Алғаш бастағанда 7,5 мың ауыл бар еді, қазір 6780 ауыл қалды. Ауыл жойылып бара жатыр. Ауыл жойылды деген сөз – қазақ жойылды деген сөз. Себебі біздің түп тамырымыз, қазынамыз берекеміз – ауылда.
Президентіміз өзінің бірінші сайлауалды бағдарламасында ауыл туралы айтып, ұлықтау рәсімінен кейін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойғаны, осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырғаны белгілі.
Бүгінде Үкімет «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырып жатыр. Жақында газетімізде Премьер-министрдің кеңесшісі, қоғам қайраткері, мемлекетшіл тұлға Ералы Тоғжановпен «Ауыл мәселесін сөзбен емес, іспен шешетін кез келді» тақырыбындағы сұхбаты жарияланды. Шынында, ауыл мәселесін сөзбен емес, іспен шешетін уақыт келді», – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Мойынқұм ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқан Сабыров атамыз жерлесіміз Сәуле апайға алғыс білдіріп, қоғамда смартфонның әсері жайлы айтып, әке мен бала, ана мен қыз ортасында жалпы отбасыдағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында жасалу керек дүниелер жайлы ұсыныстарын айтты.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев білім беру саласы, бала тәрбиесі жөнінде сөз қозғап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауданның бас ұстазы қазіргі қоғамдағы ата-аналардың немесе үшінші жақтан айтылатын сындарды білім саласына қатысы жоқ азаматтардан айтылып жатқанын және ол сындардың кейбірі жұмыс жүргізу кезінде қолбайлау болып жататынын айтып өтті.
Жиын соңында естелік суреттерге түсіп, экспедициялық топ Бірлік және Айдарлы ауылдарына ат басын бұрды.
Сәуле Мешітбаева бастаған топ Бірлік ауылында аудандағы 8 кооперативтің бірі «Байбарақ Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне барып, ондағы жұмысты өз көздерімен көрді. Кейін тағы мал бордақылау ісін дөңгелетіп отырған шаруа қожалық иелері өз өнімдерін көрсетті. Мойынқұм ауданындағы экспедиция Бірлік ауылдық клубындағы тұрғындармен кездесу жиынына жалғасты. Кездесуде Мұратхан Иманалиев, Дәндібай Молдабаев, Жанаткүл Байқоңырова, Лида Бірімқұлова сынды бірліктіктерден ауылдағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің жөндеу жұмысының сапасы, ондағы спорт залындағы еден төсенішінің дұрыс еместігі, ауыз су мен егін суынының тапшылығы, Қазпошта қызметінің нашарлығы — қазақ баспасөзінің ең басты артқатартары болып тұрғаны туралы айтып, Сәуле анамыздың туған жерге келіп, өзекті мәселелерді қозғап жатқанына алғыстарын білдірсе, аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов мектеп балаларын еңбекке араластыруды, оның ішінде көктемгі күзгі дала жұмыстарынан тәжірибеден өткізуді мектеп бағдарламасына қосса деген ұсынысын білдірді.
Келесі аялдама Кеңес ауылдық округінің аймағында орналасқан Ерік Білдебаевтың «Ақ отау» шаруақожалығы болды. Ел анасы қожалық иесімен тілдесіп, шаруашылық тыныс-тіршілігінің жағдайын білді.
Шаруаның айтуынша сол кезде пилоттық жоба ретінде басталған ауыл аманаты жобасының шаруашылықтың дамуына шарапаты тиіпті. Жоба бойынша 3 ағайынды жігіттің алған 10,5 миллион теңгесі қазіргі таңда 2 үйір жылқы, 15-тен аса мүйізді ірі қара малы болып көбейген екен. Алдағы жылдың қаңтарында соңғы төлем төленген соң,»Ауыл аманаты» бағдарламасы Айдарлы қайта жүргізілсе деген тілегін білдірді.
Өз кезегінде Ел анасы — Сәуле ана еңбекқор азаматтардың жұмыстарына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Осымен анамыздың ауданымызға сапары аяғына жетті.
Ел анасы аудан азаматтарына төркіндеп келген анамызға тартуы, сыйлығы — ұлт тәрбиесіне оң нәтиже беретін істерін өзі басқарып отырған халықаралық баспасөзге ұсынса, және ауданда осы басылымның оқырмандары көбеюі болса деген тілегін аудан тұрғындарына кеңінен таратылуын сұранды. Демек аудан азаматтары анамыз басқарып отырған халықаралық “Qazaqstan dàuiri” газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналына жазылу арқылы қолдау көрсетіп, сонымен қатар жібермей оқып, оқып қана қоймай кері байланыс орнатуда белсенділік танытайық.
Мойынқұм ауданы