МОЙЫНҚҰМДЫҚТАР АСАРЛАТЫП ҮЙ САЛУДА

Өскелең ұрпақ ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді ұмытпау үшін, жанды жадыратар істерді ұлықтап, дәріптеп жүргеніміз абзал. Қазақ атамыз «Көп түкірсе — көл», «Жұмыла көтерген жүк– жеңіл» деп, елдің бірігуі арқылы мұқтаж жандарға көмек көрсетуді ілкімді іс санаған. Соңғы жылдары «Асар» жобасы ауданда қызу қолға алынған болатын.
Осы тұрғыда 2023 жылдың межесіне сәйкес ауданымыздағы 6 отбасыға асарлатып салынған үй берілді. Оның ішінде Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, яғни 30, 31 желтоқсан күндері Биназар, Күшаман, Қылышбай ауылындағы 3 отбасына аталмыш жоба аясында үй иелеріне баспана кілттерітабыс етілді.
Атап айтқанда, Биназар, Күшаман және Құмөзек ауылдарында жаңа тұрғын үй құрылысы бой көтерсе, Қылышбай, Шығанақ ауылдарындағы үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Бірлік ауылында ауыл тұрғындары мен жастардың қолдауымен тұрғын үйді сатып алып, меншік иесіне тапсырды.
Құмөзек ауылының тұрғыны Мейрамбек Донгулов «Асар» жобасының ауыл азаматтарына пайдасы мол екенін тілге тиек ете келе, асарлатып үй салуға көмек берген барша ауыл тұрғындарына зор алғысын айтады.
Айта кетсек, үй иесі үйдің іргетасын қалап бастағанда, тоқтап тұрған істі көрген ауыл ақсақалдары мен тұрғындары ұжымдасып, ұмыт болған асар дәстүрімен көмек қолын созып, бірі кірпішін тасыса, бірі үй шатырын жабуға көмектескен. Шарапаты мол шараға округ әкімшілігі де атсалысқан.
Негізінен асарлатып салынып жатқан үйлер әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға ауыл тұрғындарының, кәсіпкерлердің демеушілігі, ақсақалдар мен жастардың және округ әкімінің көмегімен жүргізілуде.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».