МОЙЫНҚҰМНАН ҚҰЛСАРЫҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ
Қазір көптеген өңірде су тасқынының салдарынан адамдар зардап шегіп жатыр. Біз баспанасынан айырылып, көңіліне қаяу түскен бұқараның жағдайымен жақсы таныспыз. Осыны естіп, көріп отырған ауданымыздағы Мыңарал, Шығанақ, Ақсүйек, Мирный, Биназар, Бірлік, Айдарлы, Күшаман, Жамбыл, Көкжелек, Қарабөгет, Қылышбай, Мойынқұм ауылдарының тұрғындары да үнсіз қалмады.
Ватсап желісі арқылы «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» тобы ашылғалы осы топқа қосылушылар саны артпаса кемімеді. Бәріңіз оқып, тілектес болдыңыздар. Топ басшысы, Мойынқұмның тумасы Бәкен Бейсебаев, ауыл, ауданның іс басындағы азаматтары, қарияларымыз, депутаттар, белсенді жастар, кәсіпкерлер тағы басқалары пікірлері бір арнаға тоғысты. Қаңқу әңгіме емес, ел қамын ойлаған топта 4-5 күн ішінде халықтан бірнеше миллион ақша жиналып, су тасқыны болған Қарағандыға қаржылай көмек берді. Бәкен Тұрарқұлұлы, Саттар Биділдаевтар бастап, қиын-қыстау күнде, баяғының қас батырындай, іс тындырды. Ел алғысына бөленді.
«Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер»- деген елміз. Келген бетте, топ қайта қаржы жинап, бұрынғыдан да қол ұшын созушылар көбейді. Тіпті, алтын құмды Мойынқұмда бұрын мекендеп, еліне қоныс аударғандар да барынша көмектесті. Байтақ ел, байсалды өлке, ауданымыздың сыртта жүрген перзенттері де, барлығы 8 миллионнан астам қаржысы бар және жолдаған гуманитарлық көмекте азық-түліктер, күрек, қажетті құралсаймандар, төсек-орындар мен өзге де қажетті заттар қамтылған. Күнделікті есеп беріліп, топта көрініс тапты.
Бұдан кейін Бәкен аға бастаған, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұханбетқұл Сабыров ағалар қоштаған топ, төрт «Газель» автокөлігімен Батысқа жол тартты. Осының алдында шыққан мақалада Расул Ақжолов пен депутат Қанат Көшербаев ағалардың бата беріп, шығарып салғанын жазған болатынбыз. Ал бүгінгі мақалада Бәкен ағамыздан Құлсарыға барып келген жолын сұрадық.
Сөйтіп, су құрсауына тап болған Құлсарыдағы халыққа азық-түлік, қажетті жабдықтар артылған, гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері жол тартқан болатын. 9 күн жол жүріп, Құлсарыға 3000 км ары, 3000 км бері, барлығы 6000 км жол жүріп, елге оралған ауданымыздың белсенді азаматы Бәкен Тұрарқұлұлымен сұхбаттасқан едік.
– Мұқан аға бастаған жергілікті мойынқұмдық азаматтар Мейрамбай Өтебай, Медет Жақсылықбай, Айдар Смағұл мен қылышбайлық Бауыржан Жұмағұлов, Бексұлтан Елеубек, Көсембек Аталық есімді жігіттер «Газель» көліктерін ұсынып, жолға шығуға дайындалдық. Басты мақсатымыз – халықтың аманатын Құлсарыға жеткізу болды.
Суда киетін етік пен бөгет жасауға арналған қаптарды көптеп алдық. Құлсарыдағы зардап шеккен халыққа көмек ретінде 4 «Газель» жүкті аман-есен жеткізіп бердік. Осы орайда барлық жанашыр тұрғынға алғысымды білдіргім келеді. Қайырымдылық іспен айналысып жүретін, кәсіпкерлерге, қолұшын берген ауыл тұрғындарына, тіпті игі істен қалыс қалмаған жастар мен Мойынқұм халқының дархандығы, кең пейілдігіне дән ризамын.
Басынан бастап айтсам, алдын ала Айша бибі ауылындағы кәсіпкерге екі мың бетпердеге тапсырыс беріп қойғанбыз. Сондықтан Тараз қаласына жеткенде Мұқан аға үлкен кісі болған соң, арыбері жүгіртпейік деп, дәрі-дәрмек пен бетпердені ала беруді сол кісіге тапсырдық. Сөйтіп өзіміз Тараз қаласының «Ауыл береке» базарынан азық-түлік алуға кірістік. Сол маңдағы саудагерлер көліктегі «Мойынқұмнан Құлсарыға», «Біз біргеміз!» деген жазуды оқып, картоп, пиязды «Менен алыңыз», «Мен берейін» деп таласып, тегін өздері көтерісіп, көлікке салып берді. Біз аңтарылып қалдық. Екі көлікті алып, ұн, құмшекер тәрізді азық-түлік алуға келсек ондағы саудагерлер де төмен бағада берді. «Тиыннан теңге құрап, бірді екі қылғысы кеп» саудада отырған адамдардың өздері де азық-түлік керекті заттарды өз еріктерімен жүкші болып, көліктерімізге тиесті. Сол жерде зат салып жатып, кофе ішейін деп едім, бір кісі мың теңге беріп кетті. Керек емес деп айтқанымша болған жоқ, титтей де көмегім болсын деп тездетіп кетіп қалды. Тіпті футбол ойнап жүрген жас балаларға дейін қолдарындағы майда тиындарын әкеп беріп жатты. Міне халқымыздың бауырмалдығын осыдан көріп, еріксіз жаным елжіреді. Сөйтіп екі көлікті затқа тиедік. Ауылдан бірге шыққан жігіттер де жақсы, елгезек жастар екен. Жол бойы айтылып жатқан елдің ақжарма тілегіне де риза болдық.
«Жақсы сөз — жарым ырыс» дегендей, біздің осылай жолға шыққанымыздан алдын ала хабардар болып отырған жандар да бар екен. Тіпті, аудан әкімдеріңіздің құдасы едім деп Руслан есімді азамат хабарласып, күтіп алатынын айтып, жол-жөнекей қайда келе жатқанымызды сұрап, рация арқылы біліп отырды. Дәл Қызылордадан асқанда жол ойдым-ойдым нашар екен, ұялы байланыс та тартпайды. Сол уақытта жолда жабылып қалды. Сөйтіп көлігіміз бұзылып қалған кезде де ол кісінің көмегін көп көрдік. Рация арқылы «Алға Мойынқұм», «Жарайсыңдар жігіттер!» деп күндіз-түні айтқан әрбір сөзі шаршаған кезімізде жігер беріп отырды, – дейді Бәкен аға.
Өйткені, Қызылордадан ары қарай жол жүруі өте қиын болыпты. Біздің Шу мен екі ортадай жердің өзіне төрт сағат уақыт кетіпті. Міне осыншама қиналыстың бәрін көрген Мұқан ағамызға да оңай емес. Құлсарыға жеткенше Мұқан аға мен Бәкен ағаның жіберген бейнежазбалары мен түсірген суреттерін бақылап отырдық. Ол кісілердің Құлсарыға жеткендегі онда орын алған су тасқынынан қиналған халықты көзбен көргенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаза да алмадым.
-Шымкенттен асқанда жол-жөнекей қонақжай тұрғындарды кездестірдік. Түркістанда «Айжамал» деген кафенің иесі Бауыржан есімді азамат алдымыздан шығып дастархан жайып, қарсы алды. Кафенің іші кең, таза, ішімдік сатпайтын әдемі жер екен. Кетерімізде дәрі — дәрмектер беріп, сол елге өз аттарыңыздан жеткізсеңіздер болды деді. Оны көлікте қоятын орында жоқ етін. Әйтеуір сыйдырдық. Жолда түнеп, үшінші күні Қарабұтақ деген жерге жеттік.
Сөйтіп, Жамбыл, Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан өттік. Жолда кезінде ауылымыздан ұзатылған Саяжан есімді қарындасымыз алдын ала анасынан сәлем айтты. Үш баласы бар екен. Қайтарда үйінен дәм таттық. Құлсарыға жеткен соң апарған заттарды төрт нүктеге бөліп, басы-қасында болып, таратып бердік. Сол елде жас жігіт пен әкесінің ағын судан қайтыс болғанын естіп, үйіне көңіл айтуға кіріп шықтық. Кішкентай Меруерт есімді қызына ауданымыздағы Ақсүйек ауылының 5 сынып оқушысы Валерия Лычекованың беріп жіберген аманаты – аю ойыншығын сыйға тартып едік, қуанып кетті. Баласының тойын белгілеп қойғанын айтып, анасы еріксіз көзіне жас алды. Қомақты ақшаны сол кісілерге бердік. Бізден бөлек өз елдерінен бірдебір басшының көңіл айтуға келмегенін айтып, көңілдері босап, жоқтау айтты. Сол жердегі еріктілер су тасқынынан зардап шеккен он адамның еш жерде тіркеуде жоқ екенін айтты. Сондай-ақ күйеуі қайтыс болып кеткеннен кейін, бес баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдің үйі суға кеткен соң, енесінің үйіне барғанын, ол үйдің өзінде 7 бала бар болғандықтан сыйыспай жатқанын айтты. Келесі қомақты ақшаны сол жалғызбасты ана мен үйі суға кеткен жасы үлкен кісіге табыс еттік.
Қайтар жолда кешкілік Биназар ауылынан, ақын ағамыз Болатбек Әбішев, ауылдық аналар алқасы бастаған ардагерлер, қазақы жолмен қарсы алып, ауылдарынан дастархан жайды. Сосын, Мойынқұм ауылына кірген бетте орналасқан «Керей мен Жәнібек» хандарға арналған ескерткіш кешенінің алдында бір топ ауыл тұрғындары шашу шашып, қарсы алды, – деді Бәкен Тұрарқұлұлы.
«Ел басына күн туып..», Қазақстанның бірнеше облыстарын су басып, төтенше жағдай жарияланып жатқан уақытта аудан тұрғындарының аманатын жеткізіп келу әрине, оңай емес. Осындайда ғой, халқымыздың:
«Қол бастау қиын емес, көк найзалы ерің болса,
Жол бастау қиын емес, соңыңа ерген елің болса.
Бәрінен сөз бастау қиын,
Тауып айтсаң, мереке қылады,
Таппай айтсаң, келеке қылады!»- дегені.
Біздер, Қазақ хандығы ту тіккен өлкенің, яғни Ұлы дала елінің адамдарымыз. Сол бабалар айтқан қасиеттер елден де, ерден де, сөзден табылып тұрды. Қолдаған мойынқұмдық жерлестерге де дән ризамыз.
Расул қажы ағамыз ақ батасын беріп шығарып салып еді. Бүкіл топтағылар тілек жаудырып отырды. Болатбек Әбішев, Шәкизат Акимов, Мұхит Есіркепов, Дана Мұхамедқызы, Айман Елеуова сынды мойынқұмдық ақындарымыз бірнеше өлең арнап, керуеншілердің де, елдің де рухын көтеріп отырды. Дер кезінде аудандық «Мойынқұм таңы» газетіне жариялап отырдық. Күткендерімізді шашу шашып қарсы алып, әңгімелерін тыңдадық.
Ауданның төбе биі Жамбыл Қалыбаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаевалар ағынан жарылып, ізгі тілектерін жеткізді. Қазақстанның Құрметті кітапханашысы Гүлсім Нарбаева, аудандық орталық кітапхана қызметкері Айман Байғожаевалар шашу шашты.
Аудан, ауыл әкімдігінің қызметкерлері, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру –инспекторлық бөлімшесінің басшысы Мейірхан Жайлау, аудандық мәслихат депутаттары Бекболат Өткелбаев, Қанат Көшербаев, бір топ жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».