Мойынқұмның мақтанышы

Иә, шынымен де, Садық Құнанбаев Мойынқұмның мақтанышының бірі! Ол өзінің бүкіл ғибаратты ғұмырында төсінде жүгірген аңның аяғы талатын, төбесінде ұшқан құстың қанаты талатын, бірақ, жерінің асты да, үсті де қазына-байлыққа толы қазақтың қасиетті жерінің қатарындағы туған өлкесін әдемі әуенімен көмкеріп, әсерлі жырымен көрікті етті. Талай тамаша туындыларымен алыстағы ауданның абыройын асқақтатты, қалың жұртқа жаппай жағатын әсем әндердің авторы атанды.
Мен Садық аға Құнанбаевтың өнегелі өмірі мен шырайлы шығармашылығы туралы талай басылымға жаздым. Мәселен, Қазақстанның бас газеті – «Егемен Қазақстанға» үш рет шығардым. Одан бөлек республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас алаш», сондай — ақ, «Алматы ақшамы», Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде мақалаларым жарық көрді. Ал, өзімізге ең жақын «Мойынқұм таңына» бергендерімнің өзі жетіп артылады. Айтқандай, Сәкең көзі тірісінде аудандық газеттің белсенді авторының бірі де болды ғой. Сонда ол кісінің жіберген әнін сөзімен, нотасымен және өлең-дастандарын «Алматыдан хат» деген айдармен жиі- жиі жариялайтынбыз.
Әндерімен халықтың шынайы құрметіне бөленген, өмір бойы «Менің Мойынқұмым» (бір кітабы осылай аталады) деп өткен Садық ағаның есімі ешқашан ел жадынан өшпейді. Оның бір дәлелі, бүгін аудан орталығында болатын Садық Құнанбаевтың әндерін орындаушылардың «Тұлпарсазда ауылым» деп аталатын облыстық байқауы.
Бұл бір барынша жақсы шара екен, өте қуаныштымын. Иә, өсер ел өзінің осындай ұлдары мен қыздарын әрдайым әспеттеп, атын алға апарып отырса, бұдан тек барлығы да ұтар еді. Әсіресе, ол жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақ үшін керек.
Ал мына үлкен байқауға сәттілік тілеймін.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист.
Қарасай ауданы,
Алматы облысы.