Мойынқұм ауданы: ӘСЕЛ БАС ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
Сіз Майқы би бастаған би-шешендердің сөздерін жатқа білесіз бе?
Ежелгі сақ, ғұн тайпаларынан бастап, Қазақ хандығы, оның бер жағында Дешті қыпшақ дәуірі, қылышынан қан тамған қызыл империя кезеңі мен Алашорда қайраткерлері, тәуелсіз Қазақстандағы тарихи оқиғалар туралы түйдек-түйдек ой айтуға қалайсыз? Кіндік қаныңыз тамған туған жеріңіз бен сол өлкеден түлеп ұшқан тұлғаларыңыздың өмірінен сыр шерте аласыз ба?
Былай қарасаңыз оңай тапсырма болып көрінгенімен, егер сұрақты нақтылап қойса, әжептәуір ойланып қаларымыз анық. Осынау алтын күздің жайма-шуақ күндері еліміздің әр өңіріндегі жас судьялар мен сот қызметкерлері қасиетті Тараз қаласында бас қосып, тарих, құқық бойынша кім мықтыны анықтады.
Жоғарғы Сот пен Судьялар одағы бірлесіп өткізген «Білгір» тарихи-танымдық зияткерлік байқауында бас жүлдені Жамбыл облысы, Мойынқұм аудандық сот отырысының хатшысы Әсел Үмбетқұлова жеңіп алды. I — орынды Қарағанды облысы Абай аудандық сот отырысының хатшысы Рымгүл Аяпбергенова, II — орынды Алматы қаласының Алатау аудандық сотының жетекші маманы Абзал Маманов пен Ақтөбе облысының Байғанин аудандық сотының аға сот жасауылы Нұрлыбек Қадыров өзара бөлісті. Ал III — орынға Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Марат Қуандықов пен Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Бердібек Мұстафин ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Байқауды ұйымдастырушылар білім бәйгесінен оза шапқан жүлдегерлер мен өз тарихын тануға құлшыныс танытқан барша әріптестерін рухани жаңғыруымен шын жүректен құттықтады. Жүрегіміз Қазақ елінің болашағы үшін соғып, тәуелсіз еліміздің білімді жастары көбейе берсін деген тілектерін білдірді.
Тараз қаласында өткен жас судьялар мен сот қызметкерлері қатысқан республикалық «Білгір» тарихи – танымдық зияткерлік байқауында Жамбыл облысының атынан қатысып, бас жүлдені жеңіп алған жерлесіміз, аудандық сот отырысының хатшысы Әсел Үмбетқұлованы бізде жеңісімен құттықтаймыз!
Әсел алда да қайсібір байқауда болмасын жеңіс бигінен көрініп, өзіңнің терең білімің, іскерлік қабілетің, толымды тәжірибеңмен ауданның абыройын асқақтата бер.