Мойынқұм аудынының әкімі Мұсаев Мәден Тоқтарбайұлының Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай құттықтауы
Құрметті соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, қадірлі жерлестер! Сіздерді 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мамыр айында қанаттана келетін бұл мерекенің өскелең ұрпаққа қайрат беретін патриоттық рухы, қаһармандық қажыры ерекше. Бұл Отан қарғаудың жанкешті үлгісін көрсеткен даңқты ардагерлерімізді құрметтеп, шынайы ризашылығымызды білдіруге тағы бір мүмкіндік беретін маңызды мейрам. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бүгінгі күнді түсініп- түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуміз керек,- деген болатын. Расында да майдан даласында оқ пен оттың ортасында қан кешкен аға ұрпақтың жанкешті ерлігінің, ерлермен бірге иығына түскен ауыртпалық жүгін қайыспай көтерген тылдағы әйелдер мен жасөспірімдердің тынымсыз еңбегінің арқасында Жеңіс жалауы желбірегенін біз ешқашан ұмытпаймыз. Президентіміздің салиқалы саясаты мен ел бірлігінің арқасында қазақстандықтар Тәуелсіз мемлекетіміздің тұтастығы мен халқымыздың жарастығын қамтамасыз етіп келеді. Қадірлі мойынқұмдықтар! Бізге ашық аспан, бейбіт ғұмыр, жарқын болашақ сыйлаған соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, аға ұрпақтың алдында әрқашан басымызды иеміз. Әрдайым еліміз тыныш, заманымыз бейбіт, аспанымыз ашық болсын! Баршаңызға зор денсаулық, өнімді еңбек, толайым табыс, берекелі ғұмыр тілеймін!