Мониторинг тобы дәріханалар жұмысынан бірқатар заң бұзушылық анықтады
Материалдар қосымша тергеу үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне, сондай-ақ полиция департаментіне жіберіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Бүгін қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов, Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Астана — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері, Nur Otan партиясының қалалық филиалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті, сондай-ақ қалалық жастар саясаты басқармасының еріктілерінен тұратын арнайы мониторинг тобы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауы, сондай-ақ рецептсіз сатылуы депектері бойынша дәріханаларға кезекті мониторинг жүргізді. «Дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жақсаруда. Бірақ сұранысқа ие бірқатар дәрі-дәрмектер бойынша мәселелер бар. Көптеген провизорлар мен фармацевттердің шағымдары бойынша көтерме жеткізушілер мен дистрибьюторлар бірқатар дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сатуда. Сондықтан, біз келесі мониторингті ірі жеткізушілерге, олардың дәріханаларға сату кезіндегі көтерме бағаларын шекті бағалармен салыстыра отырып жүргіземіз. Осыған байланысты кейбір дәріханалар қазіргі уақытта сұранысқа ие дәрі-дәрмектерді сатып алудан бас тартуда», – дейді қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов. «Біз төрт дәріхананы араладық, олардың екеуінде антибиотиктерді рецептсіз сату фактісін анықтадық. Тағы бір дәріханада шекті бағадан қымбастқа сату фактісі тіркелді: «Гепарин» препараты бір ампула үшін үш мың теңгеден сатылған, өз бағасы – 500 теңге», – деді Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Астана — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Сәуле Бисембаева. Материалдар қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне, сондай-ақ одан әрі тексеру үшін полиция департаментіне жіберіледі. С. Бисембаеваның айтуынша, қазіргі уақытта елорда тұрғындарынан дәрі-дәрмектердің қымбаттауына қатысты 40-тан астам өтініш түскен. Хабарланғандай, Нұр-Сұлтанда дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендермен күрес күшейді. Дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттағаны анықталса, азаматтар іKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына, сондай-ақ +7 775 160 55 32 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберуіне болады. Сонымен қатар дәрі-дәрмектердің шекті бағасын dari.kz қосымшасы арқылы, ndda.kz ресми сайтынан немесе adilet.zan.kz сілтемесі арқылы ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен тексеруге болады. Үкімет пен елорда әкімдігі дәрі-дәрмектерді сатып алу мен әкелу рәсімдерін жеңілдету, логистика бойынша қолдау көрсетуде. Сонымен бірге, қалалық прокуратура, полиция департаменттері, мемлекеттік кірістер, экономикалық тергеу, фармацевтикалық бақылау қызметкерлерінен тұратын мобильді топ дәрі-дәрмекпен алыпсатарлық фактілерін болдырмау үшін күнделікті жұмыс істейді. Атап айтқанда, I-teka қосымшасын қолдана отырып, әлеуметтік желілердегі (Instagram, Facebook, telegram, WhatsApp) хабарламаларды зерделеу арқылы бағалар үнемі қадағаланады.