Мұғалімдер спартакиадасы

«Спорт – нашақорлыққа қарсы!» ұранымен өтті

Атырауда жалпы білім беретін орта мектеп мұғалімдерінің спартакиадасы өз мәресіне жетті. «Спорт – нашақорлыққа қарсы!» ұранымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын  доданың ашылу салтанаты «Атырау» спорт кешенінде өтті. Онда облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова мен қазақстандық салалық білім және ғылым саласы қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық ұйымының төрағасы Қилымғали Қайненов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Додада Атырау қаласы мен жеті ауданның командалары спорттың алты түрі бойынша бақ сынасты. Атап айтсақ, олар – гандбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ және шахмат.

Аймақтық бәсеке үш күнге созылды. Жарыстар «Мұнайшы», «Атырау», «Жас батыр» спорт кешендері мен Атырау қаласындағы №2 және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептерінің, №35 мектеп-гимназиясының, Атырау мұнай және газ университетінің спорт залдарында өтті. Ал, кеше баскетбол мен гандбол спорты бойынша жеңімпаздар «Атырау» спорт кешенінде анықталды.

Баскетбол ойынынан ақтық сынға Исатай ауданы мен Атырау қаласы командалары шықты. Үш кезеңге жалғасқан тартысты бәсекеде 50:67 есебімен облыс орталығының командасы жеңіске жетті. Бұл орайда, атыраулық мұғалімдер — Айнагүл Бөлекова, Күләш Өтеғалиева, Жасұлан Тәжібаев, Саламат Торғаев және тағы басқалардың ерекшеленгендігін атап өткен жөн. Ал, қола жүлде мақаттықтарға бұйырды.

%d1%81%d0%bf%d0%be%d1%80%d1%822

— Жыл сайын ұстаздардың спортқа деген қызығушылығы артуда. Әр команда жақсы дайындықпен келген. Мәселен, өткен жылы жеңімпаз болған Құрманғазы ауданы командасы биыл бесінші орыннан көрінді. Ал, биыл мақаттықтар, жылыойлықтар, исатайлықтар, атыраулықтар үздіктер ретінде танылды, — дейді баскетбол ойынының бас төрешісі Рүстембек Төлегенов.

Құрманғазы мен Индер аудандарының ұстаздары гандбол ойынының финалында кездесті. Үш таймнан соң таблодағы есеп 7:5-ті көрсетіп, құрманғазылықтар жеңіске жетті. Жеңімпаздар сапынан Асқар Молдағалиев, Ілияс Исағалиев, Дәурен Дүй-  сенғалиевтер үздіктер қатарынан табылды.

Үстел теннисінен Исатай ауданының командасы І орынды иеленсе,  волейболдан атыраулық ойыншыларға тең келер ешкім болмады. Шахматтан құрманғазылықтар шаршы тақтада жоғары деңгей көрсетсе, Атырау қаласы мен Жылыой аудандарының ұстаздары кейінгі орындарға қол жеткізді. Ал, то-ғызқұмалақ ойынынан қызылқоғалықтардың бағы жанды.

Жалпыкомандалық есепте Атырау қаласы командасы І орынды иеленіп, кубокпен марапатталса, Құрманғазы ауданы – ІІ, Жылыой ауданы ІІІ орынға тұрақтады.

Жеңімпаздарға медаль, дипломдар, бағалы сыйлықтар тарту етілді.

%d1%81%d0%bf%d0%be%d1%80%d1%823

— Бұл жарысты біз жыл сайын қараша айында ұйымдастырып келеміз. Міне, бұл – кезекті 14-інші спартакиада. Облыс орталығында өтіп жатқан осы сынға дейін әр аумақта ауданішілік және қалаішілік іріктеу жарыстары өткен болатын, — дейді Атырау аймақтық дене тәрбиесі мен спортты дамыту орталығының директоры Садыржан Жекенов. – Сол жарыстардан топ жарғандар аймақтық спартакиадада бас қосып отыр. Жалпы айтқанда, білім беру саласы қызметкерлері арасындағы жарысқа екі мыңнан астам мұғалім қатысты. Сондықтан, бұл шара бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, мектеп басшылығынан бастап спортпен шұғылданып, жастарға үлгі көрсету және білім беру саласы қызметкерлеріне бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау мақсатында қолға алынып отыр.

Ал, Қилымғали Қайненовтің айтуынша, желтоқсан айында осындай спартакиада колле-дждер мен жоғары оқу орындары оқытушылары арасында өтпек.

Айгүл ЕРТІЛЕУ