Мұғалім «бейшара» емес!
Соңғы он жыл бойы баспасөз құралдары болсын, ғаламтор болсын және тағы басқа халық күнделікті жиі қолданатын ақпараттық құралдарда мұғалімді «бейшара» етіп көрсету кеңінен етек алды. Жұмыстары қиын да әрі жауапкершіліктері жоғары жас ұрпаққа білім беретін мұғалімдердің тұлғасын сүмірейтіп көрсетуден кім ұпай жинап жүргені белгісіз. Мұғалім деген мамандық өзге мамандықтарға қарағанда әлденеше саты биік тұрады. Оның себебі екінің бірі қолынан келе бермейтін жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру білімнің теңізінде сусындату үшін ерекше қабілет, сабырлылық пен шыдамдылық, ұстамдылық қажет екені белгілі. Жалпы ұстаздар қауымының абырой — беделіне нұқсан келтіруге тырысып жүрген кейбір «пысықсымақ» кадрлар білім жүйесіне кездейсоқ келгендер ме деген пікірдемін.
Ұл-қыздары мектептерде дәріс алатын ата-аналар сол «бейшара» мұғалімдердің бетінен алып, төсінен шауып жүр деген жалпақ сөзге де күмән келтіремін. Мен білетін ата-аналар қайта мұғалімдердің алдында құрдай жорғалайтынын қайтерсің? Олай жасамасқа амалы жоқ. Сынып жетекшісі немесе пәндік мұғалімдер оқушының мінез-құлқына оң өзгерістер енгізіп, білім шеңберін кеңейтетін мәртебе иелері ғой.
Ақиқатын айтсақ, олардың жаман дегені жаман болады, жақсы дегені жақсы болады. Ата-ана «әділдік» іздей бастаса болды, ұл-қызы «қара тізімге» енгізіледі. Көп жағдайда мұғалімдер үшін отыр десе отыратын, тұр десе тұратын «робот» оқушылар тиімді ме деймін. Әлдеқандай оқушылар арасында оқшаулау пікір-ойлары бар жеткіншектер шыға қалса болды, мұғалімнің тілін алмайтын тәртіпсіз болып саналып, ата-аналарын мектепке шақырып, әлек-шәлектері шығады. Ал, сол «робот» балалар түбінде өмірге бейімсіз өз бетінше тасты жарып, тауды құлата алмайтын жалтақ, қорқақ, жігерсіз болатынын біріміз білсек, біріміз білмейміз.
Әлі есімде сонау желтоқсан оқиғасы жылдары әр мектепте жоғарғы сынып оқушыларымен әңгімелесулер, түсіндірулер өткізу туралы тапсырмалар берілген еді. Сынып сағатында Желтоқсанға қатысушыларды «басбұзарлар, нашақорлар» деп қаралай жөнелгенде бір оныншы сыныптың оқушысы орнынан қарғып тұрып;
− Не айтып тұрсыз? Жүздеген басбұзар мен нашақорлар Алматыға қайдан келіпті? − деген сұрақты төтесінен қойыпты.
− Ертең ата-анаңсыз сабаққа келме! − деп ашуланған мұғалімге оқушы;
− Менің әкем де солай ойлайды, анам да солай ойлайды, ертіп әкелмеймін,− деп жауап беріпті. Қырсық шалғанда ол оқушының әкесі құқық қорғау органында, ал анасы балабақша тәрбиешісі болатын. Осы жайт әлгі мектептің директорының «көмегімен» жоғарғы жаққа жетіп, әжептеуір әңгіме болған. Сол жігерлі, жүрегінде оты бар оқушы-жігіт қазір жоғарғы орында жауапты қызмет атқарып жүр.
Соңғы кезде мұғалімді кез келген қоғамдық жұмысқа жегеді деген әңгімелер желдей есіліп айтылатын болды. Менде қырық жыл сайлаулардың өтуіне ықпал еткен адаммын. Округтік, учаскелік сайлау комиссияларының құрамында, әсіресе ауылдық жерлерде зиялы қауым өкілдерін енгізу ежелден қалыптасқан тәжірибе. Барлық комиссия мүшелері атқарған қызметтеріне қарай азды-көпті төлемақыларын алып жүрді. Көше-көшені аралап тізім жазған мұғалімдерге оңтайлы жақтары аз болған жоқ. Негізінен әрбір отбасында оқушысы бар үйлерге барғанда қармағындағы шәкірттерінің әлеуметтік-жағдайы туралы толық мәлімет алуына, ата-аналарымен жүздесіп, пікір алмасуларына мүмкіншіліктер туады емес пе? Мұғалімнің абырой-беделін көтеруге қоғамдық жұмыстың да нәтижелі жақтары басым.
Қазіргі кезде қит етсе болды: «Ойбай мұғалімге газетке жазыл деп айтуға болмайды», «ойбай оларды концертке, кездесулерге шақыруға болмайды» деген жаңсақ пікірлер тарақандай қаптап кетті. Биылдан бастап мұғалім мәртебесі туралы су жаңа Заң қабылданып күшіне енді. Мұғалімнің білімділігі мен біліктілігінен жас ұрпаққа берілетін білімі мен тәрбиесін бөле-жара қарауға болмайды. Күнделікті ақпарат құралдарында жарияланып, көтеріліп жатқан өмірлік маңызы бар мәселелерді оқып біліп, шығарылып жатқан әдеби шығармалармен танысып, реті келгенде өзі дәріс беретін сыныптарда пайдаланудың ешбір зияны жоқ.
Білімді ұстазды оқушылар сыйлап, құрмет тұтатыны ежелден-ақ белгілі. Сондықтан мұғалім білім шеңберін күн сайын емес, сағат сайын кеңейтіп отыруы керек. Барлығын болмаса да көңілінен шыққан ақпарат құралдарын жаздырып алып, күнделікті сабақтарында пайдаланып отырса одан ұтпаса, ұтылмайды. Мұғалімнің тұлғасы елдімекенде болсын, қалада, далада болсын биіктен көрінуі керек. Ол тіпті психолог қана емес мықты идеолог та болуы шарттылық. Өйткені ол жас ұрпақты тәрбиелеп, білімнің көкжиегіне шығаратын тұлға. Әрине, мұғалімдерге шай қайнатып, ет астырып, қонақ күткізетін ауылдың әкімсымақтары да бар. Ол дұрыс емес.
Бәз-баяғыда біреу естігенімді айтайын ба, жоқ көргенімді айтайын ба депті ғой. Сонда екіншісі көргеніңді айт, естігенің желмен ұшып келетін жапырақ қой депті. Сондықтан көргенім мынандай, біздегі мұғалімдердің жағдайы жаман деуге ауызым бармайды. Қазіргі кезде ҰБТ деген «пәле» шыққалы біраз жыл болды. Оқушы одан сүрінсе он жылғы білімі құрдымға кетеді. Осы сынақтан сүрінбей өтуге мектепте алған білімдері көмекші болады деп түсінген ата-ана мұғалімге тәуелді.
«Балаңыздың мына пәннен білімі нашар», − десе болды байқұс ата-ана мектепке қонуға бар. Сол мұғалімге қосымша сабақ өткізіңіз, ақысын төлеп беремін деп жабыса кетеді. Әрине ақысын берсе мұғалім неге келіспейді? Келіседі, әр сыныптан осындай 5-6 оқушы шығып жатады. Түптеп келгенде бір мектепте әр апта сайын 40-50 балаға пәндік мұғалім сабақтан кейін қалып қосымша сабақ өткізеді. (Кеңес заманында мұндай қосымша сабақтар су тегін жүргізілетін еді.) Оның сапасын ешкім тексеріп, біліп жатқан жоқ. Әйтеуір мұғалім баласының біліміне күмән келтірмесін деп ата-ана бәріне де әзір. Біздің жақта мұндай «қосымша» сабақтардың құны 500-теңге. Ал, Алматы сияқты қалаларда 2 мың теңгеге жетеғабыл деп естіп отырмын. Әр апта сайын мүғалімнің қалтасына қанша табыс түсетінін есептей беріңіз.
Айына кесікті жалақысына жемқорлық жолмен қосымша «жалақы» жасап отыратын түкірігі жерге түспейтін мұғалімдер жоқ деп өзеуреушілер арамыздан табылып қалар. Бұл бәз-баяғыда-ақ қалыптасып, қосымша табыс табудың көзіне айналып кеткелі қашан?. Осылайша «пысық» мұғалімдердің бірталайы сыныптан шықпай отырып-ақ кәсіптерін бизнеске айналдырып алған. Осындай жағдайлардың орын алуына ата-аналардың да кінәсі бар. Баласы үшін мұғалім не айтса да бас шұлғи береді. Мектептерде ақша жинау тоқтатылды деген ақпаратқа да күлкім келеді. Иә, тоқтатылды. Оны енді ата-аналардан құрылған қоғамдық ұйым жинайтын болды. Әрбір ата-ана сұраса болды, кесікті бір соманы қалтасынан суырып береді. Ол қаржыны жұмсаудың арасында мұғалімге деген арнайы сыйлықтың бар екеніне күмәндіміз.
Ерке баланы тәрбиелеу, білімге деген ынта-жігерін арттыру оңай шаруа емес. Мұндай мамандықты игеру кез келген адамның қолынан келмейді. Ерекше талант, қабілет керек. Алайда жүрек қалауларымен таңдап алған мамандықтарының беделін түсірмей өз міндеттерін өздері адалдықпен атқарып жүрген ұстаздар да жетерлік. Оған ешбір күмәніміз жоқ. Неғылса да бұдан былай мүғалімді «бейшара» етіп көрсетуді тоқтату керек!
Нұрила
Бектемірова