МҰҒАЛІМДЕР Е.САҒАДИЕВТЕН ҚҰТЫЛҒАНЫНА НЕГЕ ҚУАНЫП ЖАТЫР?

Білім және ғылым министрі  Күләш Шәмшидинованың назарына

 

Мен журналистика саласына ерте кетіп қалған, мектепте бір күн де бала оқытып көрмеген мұғаліммін. Педагогикалық институтта бірге оқыған топтастарым мен курстастарымның барлығы мектепте оқытушы болып қызмет істейді. Өзім мұғалім болмасам да, балаларым мектеп оқушысы болғаны себепті Білім және ғылым министрінің жөнді адам болғанын қалаймын. Ата-аналардың барлығы солай ойлайды.

«Күләш Шәмшидинова «Білім және ғылым» министрі болыпты» дегенді ести сала, мектептегі мұғалім курстастарыма хабарластым. Олар Е.Сағадиевтен құтылғандарына қуанысып жатыр. Ә дегенде мұғалім курстастарым: «Күләш Шәмшидиноваға дұрыстап жұмыс істетпейді бәрібір» деген қаупін айтысты. Енді біреулері «Апай шаршаған адам» деп те тастады.
Күләш Шәмшидинованың вице-министр қызметін атқарып жүргенде бірнеше мәрте кездесіп, сөйлесіп едім, содан қалған әсерім жаман емес-тұғын. Қарапайым, жүзінен ұстаздық мейірім есіп тұратын апай еді. Білмеймін, одан бері бірталай жыл өтті, өзгеріп кетпесе.

 

 

СОНЫМЕН МЕКТЕП МҰҒАЛІМДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

1. Жаңартылған білім бағдарламасына мұғалімдердің өздері таңғалады. Мазмұны өте күрделі. Ол бойынша оқушыға берілетін тапсырмалар оқушының жас ерекшелігін ескеріп жасалмаған, оқушы қабылдай алмастай қиын. Сыныпта орындалатын тапсырма көлемі уақытқа сыймайды.
2. Үй тапсырмалары көп беріледі. Оқулықтағы тақырыптар да біртүрлі. Мысалы, 8-сыныптағы «Қазақ тілі» оқулығында жүйелілік жоқ.
3. «Физика» оқулығында артық айтылған, оқушыға керек емес жерлер жетерлік. Оқулықта қате көп. Кейбір формулалар дұрыс жазылмаған. Математика, физика оқулықтарындағы соңғы жағына берілетін есеп жауаптарындағы кейбір жауаптар дұрыс емес, қате. Дұрыс жауаппен сәйкеспейді.
4. Жиынтық бағалаудың тапсырмалары дұрыс құрастырылмаған. Тіпті, өтілмеген тақырыптардан тапсырмалар беріледі.
5. Жай мектептерді Назарбаев интеллектуальды мектептерінің деңгейіне жеткізу деген талапты қою керек. Жақсы оқитын балалар арнаулы мектептерге кетеді, сосын қабылдауы қиын балалармен тереңдетіп оқытатын мектептердің деңгейіне қалай жетесің?
6. Соңғы шыққан «Күнделік КZ» те жатқан машақат. Мектептерде интернет нашар. Кабинеттерге берілген моноблоктар интернетті тартпайды. Сол себепті барлық мұғалім қоятын бағасын интернет тартатын кабинетке барып, кезекте тұрып қояды.
7. Сыныпта бала саны көп. Жоғарғы сыныптарда 32-35 оқушы, төменгі сыныптарды 40 балаға дейін. Ондай жерде білім беру мүмкін емес.
8. Бастауыш сынып оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ берілуі керек.
9. Бір жерде жиналыс болса, мұғалімдерді апарып отырғызып қояды.
10. Мектепті тексеріп келетіндер көп.
11. Концерттер мен циркке қинап билет сатады.
12. Көктем басталысымен оқушылар мен мұғалімдерді көше тазалауға салады.
13. Ауыл, қала микроучастоктарға бөлінген. Сонда тұратын балалардың есебін алу, қай баланың қай мектепке баратынын анықтау мұғалімдердің міндеті. Бекітілген мұғалімдер өздеріне бекітілген микроучастоктарды күзде бір, қыста бір, көктемде бір, жазда бір аралайды. Ол бір күнде бітетін іс емес.
14. Сайлау болса басынан аяғына дейін жүгіретін тағы да мұғалімдер. Тізім жасайтын да, шақыру қағаздарын тарататын да, сайлау участогында не жұмыс болса, соның бәрін атқаратын да мұғалімдер.
15. Мұғалімдердің жалақысы, оның ішінде сынып жетекшілігі үшін алатын ақшасы істеген жұмысына татымайды.

Міне, мұғалім курстастарымның оншақты минутта айтып тастағандары осылар. Ойлана түссе тіпті тереңдеп, тіпті күрделеніп кететін сыңайы бар.
Ал менің ойымша, оқушылардың білімді қабылдау қабілетіне қарай, өздерінің бейіміне қарай мектептерді әртарапты мектептерге бөліп тастаса. Жалпы білім беру деген түсініктің күні өткен. Адамның бәрін білуі мүмкін емес, әрі өмірде бәрін білудің қажеті де аз. Қазіргідей технология тез қарқынмен дамып жатқан кезде бізге бір саланы (барлық саланы емес) өте-мөте жетік білетін маман қажет. Сондықтан 9-сыныпты бітірген соң (негізі одан ертерек болса дұрыс болар еді) әр мектеп ғылымның әр саласына тереңірек ойысса деп ойлаймын. Ондай мектепті қаламағандар, қабілеті жетпегендер жұмысшы дайындайтын мектептерге барсын. Мемлекетке білікті жұмысшы да керек. Бізде жұмыс көп, маман аз. Істің көзін таба алмай жатуымыздың да себебі сонда. Әне бір жылдары «Каспий Шельф» компаниясы теңіз астында металл дәнекерлейтін маман таппай, шетел жұмысшыларын шақыруға мәжбүр болған. Шамасы, қазір де солай.
Тіл мәселесіне келсек, бастауыш мектеп міндетті түрде тек қазақ тілінде ғана оқытылуы тиіс. Орыс тілі, ағылшын тілі, керек болса қытай тілі жоғары мектептерде ғана ұсынылғаны жөн. Ұсыну деген міндеттеу емес. Кім қай тілді мектепке барғысы келсе, сынақ тапсыру арқылы бара алатын болсын. Мысалы, бір бала ағылшын тілінде оқытатын мектепті, келесі бала орыс тілінде (жапон т.б.тілде) оқытатын мектепті қалауы мүмкін дегендей.
Мұғалімдер бұған не дейді екен?

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ