МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ҚОЙЫН ДӘПТЕРІНЕН :
Ас тасыса, қатығы төгілер, ашу тасыса, ақылы төгілер.
Қойды қой деп қомсынбаңдар, қойсыз елге үй бітпейді.
Ердің тамаша әрекеті көз алдында істеліп жатқан шағында онша бағаланбайды. Көбінше ол ер сол істің үстінде қаза тапса, қатерге кетсе, сонда ғана жұрт көңілі оның ерлік қасиетін дуылдай мақтай жөнеледі.
Кейбір жоқшылық пен мұқтаждық сорына ұшыраған жандарды көргенде, өзіңнің амандығың мен бақытың үшін ұялғандай боласың.
Көркемөнердің міндеті — табиғатқа еліктеу емес, оның сырын ашу.
Ой үстіндегі түйіліп қалған бір адам жарқыраған толқындардан көз алмай тұр: Көз шыдап болмас жарық болса да жалтармайды. Рас болса, жарқыраған күнге бүркіт көзі таймай, жасымай қадала қарайды дейді ғой.
Жағымпаз, тынымсыз бір сорақы тыпырлап, жалбақтап, дөңгеленіп құйтыңдағанда, өзін табаға салып пісіріп жатқандай бұлталаңдайды.
Сүйген шақта біздің ақылсызданып, ақымақ боп кететініміз де болады.
Түлкі арыстанға: Менің күшігім қандай көп, жыл сайын табам және көп-көптен табам. Сенікі не, бәрі біреу-ақ, — дегенде, арыстан: Біреу де болса, ол арыстан ғой, — депті.
Жігітті жылы сөз ширатпайды, сын ширатады.
Не керек? Ой керек… Ойсыздық қатер… Жасқа да, кәріге де бір шарт, жалғыз шарт: ішіндегі өзіңнің шыныңды, өз көңіл төріндегі шыныңды (шын) шалғандай, орағандай ойың қайда? Үлкен шығарманың үлкен сырынан, шыңынан соның білінсін…
Шығарма – қазақ суынан суарылған, әр жанның өз түп-түкпірінде туған меруерті болсын.