Мұхтар ШЕРІМ. ӘШЕЙІН ЖАЛАҒАН ЕДІМ…
Кабинетімде керіліп, жұмыс істеуге ерініп, есіней бергенімде, есігім «есінеп» ашылып, орынбасарым одыраңдай кіріп келді.
–Басеке, біздің мекемеге мемлекеттік бюджеттен бір шелек айран бөлінді…
–Айран? Қайдан?
–Үкіметтен.
–Жалап көрдің бе?
–Құдай сақтасын, жалауға да, тамсанып қарауға да болмайды!
–Неге?
–Халыққа бөлінген айран екен.
–Құдайым-ау, бір шелек айран кімге жетеді дейсің?
–Әшейін, саусақтарын бір батырып алып, сорады.
–Не үшін?
–Халықтың ішектері ағаруы үшін…
Бір кезде менің үстімнен қарайтын, айтқанын істемесем, шашымды тырмамен тарайтын басқарма бастығы келді. Телефон соға салса да болады ғой.
–Айран ішейін деп келіп едім…—деді ол.
–Бо-болмайды…—дедім мен.
–Неге болмайды?
–Халықтың айраны…
–Не, біз халық емес, қасқырмыз ба сонда? Қазір әкім келеді. Ол бір кесе ішсін. Мен ішейін. Сен іш…
Бір кезде әкім Жұтқанбай Жайынауызов келді де, шелекті басына төңкерді… Ұстап қалмағанымда, шелекті де қытырлатып жеп қояр еді… Қарасам, айран орталау болып қалыпты…
–Қорықпа, –деді ол ернін жалап қойып, –өзіміз құтқарып аламыз. Әуелі шетелге қашырамыз, мә, Германияға билет алып қойдым…
Билетті қалтама салып тұрып, сағым сынып, ұнжырғам ұн болып кетті… Айран ішкіштер көбейіп барады… Бәрі айран ішуге келеді. Келеді де сіміреді. Бір қарасам, атауыңды ішкірлер десе, түк қалдырмапты! Мен де адам баласымын ғой, айран ішпесем, несіне бастық болып, бақырайып отырмын? Е, жарайды, біз жаласақ та жетіп жатыр! Әуелі саусағыммен сызғылап жаладым. Сосын алақаныммен жайпап, жайбарақат жаладым. Сосын шелектің ішіне басымды тығып алып, тіліммен жалап жатыр едім… Біреу басыма бірдеңесімен тақ еткізе ұрғаны! Тілімді тістеп алдым. Қанап та кетті… Жүрегім зырқ, маңдай терім бұрқ ете қалды.
–Финполданбыз, шелектен шығыңыз! –деген әмірлі дауысты естідім. Мәс-саған, осындай ірі денеммен кішкентай ғана шелекке қалай сыйып, қалай кіріп кеткенмін? Шелек ішінде бүктетіліп отырмын ғой? Шелектен әрең шықсам, төрт жігіт қасқайып, куәліктерін көздерімнің ішіне тығып жібере жаздады.
–Не істеп жатырсыз?—деп сұрады бірі.
–Әшейін, жалай салайыншы деп…
Мемлекеттік меншікті «әшейін жалауға» болмайтынын ойланып тұрғанымда, финполдың бірі:
–Неғып тұрсыз? Қашпайсыз ба?—деп қалды.
–Қ-қайда?
–Шетелге! Бізді «майлаңыз да, қараңызды батырыңыз!
Тұра қаштым. Сол қашқаннан төрт жыл қаштым. Бесінші жылға дейін қаша берер ме едім, өкпем өшті, жүрегім бір жерге түсіп қалғандай… Қайтейін, халықаралық іздеу жарияланып, ашыған айран ішіп отырғанымда қолға түстім… Құдайға шүкір, қазір түрмедемін… Төрт жыл өтті… Бір мақал бар еді ғой, айран ішкен… Туу, есіме түспей тұрғаны, айтып жіберіңізші, құдай үшін!