МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ АНАСЫ НАҒИМАННЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Бүгін ұлы ақынның туған күні еді.
Қырық бес жасында қыршын кеткен Мұқағалиымның күллі қазақтың баласы боларын, ардақты ақыны атанарын, құдай ақы, туған шешесі мен де, өмірлік жары да, туған бауырлары да білгеміз жоқ. Көпшілік ел де кезінде білмеген шығар… Енді қарап отырсам, тыңдап отырсам, Мұқағалиымды аспанға көтеріп, өзі өлген соң еліне танытқан Құдайдың берген таланты, өлеңінің қуаты шығар. Өз тіршілігінде көрмеген құрмет пен қошеметті артында қалған біз – отбасы, жары мен балалары, бауырлары болып көріп жатырмыз.
Мұқағалидың әкесі Сүлеймен шаруа адамы еді. Колхозда сушы, шалғышы болып жүреді екен. Мен оның ауылымен іргелес жатқан Сарыбастаудың қызымын. Тағдыр айдап, дәм жазды ма, екеуміз үйленіп, жас отау болдық. Тиын деген енем бар еді. Мейірлі, кісілігі мол жан болатын. Жоқшылық замандағы көп қиындығымызды тең бөлісіп, жел жағымызға пана болып, мәпелеп өсірді. Мұқағали тұңғышым болғасын ба, енеме табиғи болып, мені жеңге есебіне санайтын. Одан кейін Қалимахан деген қыз туып едім, үш жасында өліп тынды. Әлгіден кейін туған балам Қалибекті екі жасында жер қойнына тапсырдық. Өлген екеуінен кейін Тоқтарбай, Көрпеш деген екі балам бар. Мен қазір сол Тоқтарбайдың қолындамын.
Соғыс деген пәле басталғанда Сүлеймен осы Қарасазда бір топ жігіттермен бірге майданға аттанды. Мұқағали онда он жаста. Ес кіріп қалған бала. Бастауыш кластарды Қарасаз өңіріндегі шағын ауылдарда оқып, орта мектепті аудан орталығы Нарынқолдағы интернатта бітіріп шықты. Ауқаттылардың балалары Алматы асып, үлкен оқу іздеп жатқанда ол ауылдық кеңесте хатшы болып қызметке тұрды. Он төрт-он бес жасынан жаза бастаған өлеңінен қол үзген жоқ. Төбесі ап-аласа үйге қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, бірінен кейін бірін оқитын да жататын. Ауылдың атқамінерлері сол кезде-ақ таңданатын. «Нағиман шеше, сіздің тентегіңіз осынша орысшаны қайдан үйреніп жүр?» дейтін… Сөйтсем, өзін-өзі оқытыпты ғой, шырағым. Кейін ауылдағы мектепте де қызмет істеді. Содан ауылдық газетке барды. Өлеңдері жиі жариялана бастады.