Мұқағали (Мұқаметқали) Мақатаев. Дүние мұсылмандарына хат..
Мұқағали ақын өмір сүрген уақыт ислам діні қазақтан іргесін аулақ салған, құдайсыздар дәуірі дүркіреп тұрған заман-тын. Онымен қоймай қоғам иісі қазақ баласына «сен көшпенді халықсың, ислам саған жат, тәңір дейтін дінің болған» деп үгіттеді. Жалпы осы бір тәңір діні дейтін сұмдықтың астарында дінсіздік пен адамды ұлтшыл-тәкапарлыққа жетелейтін сұмдық жатыр.
Тәңіршілдікті насихатадағы мақсат біреу. Халықты исламнан тайдыруға қадам жасау. Олар қазақ сияқты көшпенді халықтардың дүниетанымын исламнан бұрынғы және исламнан кейінгі деп екіге бөліп қарайды. Былайша айтқанда, адамның санасы мен дүниетанымын тырдай жалаңаштап алады да, ортаға әкеліп тастайды. Жалаңаш қалған «сананы» христиан ба, коммунистік идея ма, біреу келіп киіндіреді. Сөйтіп, басқаның шекпенін киген халықтың дүниетанымы «құтқарушысына» өмір бойы құлдық ұрумен өтеді. Осыған қарағанда тәңіртанымды дамытудың бір қыры отарлаушылық сипатына ие. Осындай қиын заманда Мұқағали көкеміз «Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын» деп, жырлады.
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім?
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.
Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,
Құмменен топырақтан жаралғанмын.
Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,
Денемде түйірі жоқ арам қанның,
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.
Мекенім ніл дария – Меккем менің,
Келеді мәңгілікке мекендегім.
Дариға-ай, Зұлпыһарды ерттеп мініп,
Көрмеген мекеніме кетер ме едім?!
Семсерін Әзірет Әлі ескек жасап,
Жерорта теңізінен өтер ме едім?!
Қаны аққан қайран менің мұсылманым,
Осы ма екі ортада қысылғаның?!
…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,
Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!!