Мұқағалидың Қонаевқа жазған хаты,Төменде сол хаттан үзінді
…Қымбатты Димаш аға!
Жоғарыда айтқандарымның бәрі мүлде із-түзсіз кеткен емес. Нақтылай айтсам, менің ауданым мен ұжымшар жойылып, «Социалистік Қазақстаннан» шығарылып, қызым қайтыс болып, оған қоса бірнеше ет жақын туған-туысымның қазасынан кейін күйініп, бәрінен баз кештім. Бұның бәрі 1962-1964 жылдардың арасында (Н.С.Хрущевтің кезеңінде) болған еді. Сол тұста мен өмірімде түзелмейтін қате жібердім. Әрине, оны мойындау оңай емес.
Қасақана ма, жоқ па білмеймін, өзіңіз төреші болыңыз, дер кезінде уақытылы жарна төлемей, СОКП қатарынан өзімнен-өзім шығып қалдым. Билетті Совет аудандық партия комитеті тартып алды. Сырғабекова хатшы болатын. Ол тап болған жағдайда шығуға жол таба алмай тығырыққа тірелдім.
Қалай дегенде де өз кінәмнан тазару үшін шығармашылықта шарқ ұрып ойландым, толғандым, іздендім. Әлгі атаған жұмыстарымның барлығы сол сілкіністерден соңғы жеміс. Бар жан-тәніммен елжұртыммен бірге екенімді танытқым келді.
Біздің қоғамда адам өзін таң шығындай таза сақтау, қандай ғанибет. Өкінішке қарай, қаншама тер төгіп еңбектенсем де, бұдан он жыл бұрын жіберген қателік еш тыным бермейді маған.
Кейде туған әдебиетте қарақан басының қамын күйттейтін көлденең көк атты көріндім. Сондықтан қателігім ешқандай жөнделместей сезініп, ұнжырғам түсіп, көлеңкеде қалуға тырыстым, әлдекімдер мені де көлеңкеде ұстауға әрекет етті. Не істеген ләзім?
Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып, еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт еткенде жағалаған жағымпаз достармен, дәлдүріш ақындармен іше бастадым. Олардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалғандаймын. Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды. Өзім ұяттан өртеніп тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағын қайдам?!
Бәлкім, менің қамымды жегендер болған шығар, өз-өзімді иттің етінен жек көре тұрып, әлденеге қорынатын болдым. Осындай сәттерде өз ойларыммен оңашада қалып, поэзия піріне сыйынатын едім. Айлап жазу столының жанында тапжылмай отырдым. Тек, жыр ғана менің жаныма дауа болып, дертімді емдеді.Ол маған адал, таза қызмет етті. Мен де оған қарыздар болып қалғаным жоқ.Ешуақытта ішкіш болған емеспін, болмаймын да, ал салынып ішкен кісі ешқашан отбасын асырап, бала тәрбиелеп, ақылға қонымды әлдеқандай әрекет етпейді. Әдетте адамның күнестен гөрі, көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты — нәжіс. Ол адамға, әсіресе, мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайлыққа соқпайды. Өз іс-әрекеттерімде адамдарға ұдайы таупиқсыз қарап, әсіресе ішіп алғанда, имансыздыққа бой ұрып, көп қателік жасаппын. Ешкімді күстәналамай, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын. Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды, өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын.
Кезінде мен Жазушылар одағының аппаратында да, «Жұлдыз» журналында да қызмет еттім. Бірақ бәрібір өзімді әрқашан басы артық сезіндім. Ол әріптестерімнің маған деген салқын қарым-қатынасы сезіліп тұратын, менің атыма жамалған жаманат қаныма сіңгендей.
Ізгі ілтипатпен М.Мақатаев 17.У.1974