Мультимедиялық контентті қалай байытамыз?

«Тәрбие – тал бесіктен». Бүгінгі күні балаларымыз не көріп жүр? ХХІ ғасыр балалары кітап оқып, теледидар тамашалап отырмайды. Жаңа технологиялардың дамуымен, интернет ресурстар арқылы өзіне керегін демде тауып алады. Еңбектеген баланың өзі ұялы телефонды шемішкедей шағып, батырмаларды басуды біледі. Алайда, сол әлеуметтік желідегі контент балаларға пайдалы ма? «Балам жыламаса болды» деп өз қолымен баласын телефонға жіпсіз байлап қоятындар неге көбейді?

 

ХХІ ғасыр өмірімізге түрлі өзгерістер алып келді. Жаңа технологиялардың дүниеге келуі адам психологиясына әсер етпей қоймады. «Бұрынғының балалары басқаша болған» деген сөзді жиі естиміз. Қазіргі балалардың ой-өрісі мен өмірге деген көзқарасы өзгеше. Жастайынан түрлі контент түрлерін көріп, мінез-құлықтары қалыптасады. «Алайда, сол ұялы телефонның арғы жағындағы балаларға арналған контент, бүлдіршіннің дамуына көмек береді ме?» деген сұрақ жиі мазалайды. Ютуб платформасында насихатталатын контенттің бәрі бірдей пайдалы бола бермейді. Тіпті кейбір видеороликтер теріс әсер етіп, баланың дамуын тежеп жатыр. Мысалы, ыммен сөйлесіп, тек іс-қимыл арқылы байланыс орнататын мультфильмдерді көрген баланың сөйлеу дағдысы кеш дамиды. Онсыз да ата-анасының назарына зәру болып өсіп келе жатқан бала, бұл контенттерді көріп, байланыс құру қабілеттерін жоғалтып алып жатыр. Тілі шықпай жатып ғаламторға байланған сәбиді телефоннан алшақтату өте қиын. Бұл мәселені ата-аналар кеш байқайды, тиісінше мәселені шешу жолдары да азая түседі.
Ғаламтор мен әлеуметтік желілер қазіргі заманда әртүрлі ақпараттар мен материалдардың ошағына айналғанымен, олардың көпшілігі тек ойын-сауыққа бағытталған. Бұл контенттердің көбі бала тәрбиесіне немесе олардың дамуына қатысты болмауы мүмкін. Балалардың жан-жақты дамып, өзіндік көзқарасын қалыптастыруы үшін олардың көріп жүрген дүниелері де сапалы болуы қажет. Өкінішке орай, бүгінгі күні желідегі материалдардың көпшілігі тәрбиелік мәні мен білім беру жағына аз көңіл бөлінеді. Көп жағдайда бүлдіршіндер тек ойын-сауық контентін көреді, бұл олардың ой-өрісін, дүниетанымын қалыптастыруда біршама кедергілер туғызады.
Баланы дұрыс тәрбиелеуде ата-ана тарапынан жасалған немқұрайдылықтың салдары да айқын көрініс табуда. Әлеуметтік желілерде аналар баласының дамуы тежеліп жатқанын жеткізіп, ішкі жан сырларын ақтаруда. «Баламды қалай сөйлеуге үйретемін?» деп арнайы мамандарға жүгініп, баласының сөйлеу қабілетінің дұрыс қалыптаспағаны туралы кеш уайымдап жатқаны қынжылтады. Дамуы тежеліп жатқан балалардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Ютуб арналарындағы контенттерге қарағанда, көгілдір экраннан көрсетілетін мультфильмдердің пайдасы көп. Мысалы, «Балапан» телеарнасында көрсетілетін «Али мен Ая» балаларға арналған мультфильмін алсақ болады. «Али мен Ая» баланы қарым-қатынас жасауға үйретеді, сонымен қатар тәрбиелік мәні де зор. Телеарна контентіне де сын айтатындар жетерлік, әлсіз тұстары да бар екенін мойындау керек. Бағдарламалардың мазмұнын қайта қарап, жаңа бағытта жұмыс істесе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақ тіліндегі контент санының аздығы, балалардың ана тілінен алшақтауына себепкер болып жатқанын байқауға болады. Әлеуметтік желілерде көрсетілетін контенттің басым көпшілігі орыс не ағылшын тілінде беріледі. Баланың жастайынан 2 тілді меңгеруі, оның ойлау қабілетіне оң әсерін береді. Алайда, қазіргі балалардың алғашқы сөзі ана тілінде емес, орыс тілінде шығуда. Қазақша түсінгенімен, сөйлей алмайтын бүлдіршіндер көбейген. Олар өз ойларын қазақ тілінде еркін жеткізе алмай, ежіктеп сөйлеп жатады. Апа дегеннің орнына бабушка деп өскен бала, болашақта таза қазақ тілінде сөйлеп кете алады ма? Қазақ тілінде ұсынылатын контенттің әлсіздігінен бе, әлде жұтаңдығынан ба, балалардың қызығушылығы оянбай отыр. Қазақ тілінде балаларға арналған контенттер жаңа деңгейге көшу керек. Түрлі мультимедиялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы бүлдіршіндерді қызықтыра аламыз. Қазақ тілінде балаларға арналған сапалы танымдық бағдарламалар көбейсе, орыс тіліндегі контентті ысырып тастауға мүмкіндік туады. Бұл мәселені шешу оңай. Тек қолға алып, әрекет жасау керек.
«Балалар өз ойын еркін жеткізе алмайды» деп дабыл қағып жатқан ұстаздар көп. Балалар тек ақпаратты қабылдаумен шектеліп жатыр. Өз ойларын ортаға салуға тіпті қиналады. Мазмұндап бер десе, екі сөздің басын қоса алмай, ежіктеп сабақ айтады. Бұл балалардың сөйлеу, байланыс құру қабілеттерінің нашар екенін көрсетеді. Осы тұста «Балапан» телеарнасын көріп өскен балалармен салыстыратын болсақ, қазіргі балалар өте әлсіз. «Балапан» телеарнасы сауаттылыққа мән беріп, таза қазақ тілінде контент ұсынады. Қазақ тіліндегі бағдарламаларды көріп өскен баланың таза ана тілінде сөйлеу деңгейі жоғары болады.

Бүгінгі бала – болашақ маман. Баланы тәрбиелеу, оны дұрыс жолға салу, бойына ұлттық құндылықтарды сіңдіру – ата- ананың міндеті. Ата-ана баланың не көріп отырғанына, не естіп жүргеніне аса мән беруі тиіс. Бәрін ата-анаға ысырып тастауға да болмайды, қазақ тіліндегі контенттердің санын көбейтуді қолға алу мемлекет басындағылардың құзырында. Бала кішкентайында не көрсе, өскенде соны істейді. Мемлекетіміздің болашағы – бүгінгі бүлдіршіндер. Телефон тәрбие құралына айналғандықтан, оны пайдалы контентпен толтыру бүгінгі күннің басты міндеті. Болашақ – өз қолымызда!

Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ