Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған мүмкіндіктер
Мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау және олардың әлеуметтік қолдауын қамтамасыз ету мемлекет тарапынан ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бұл бағыттағы шаралар Үкіметтің басты міндеттерінің бірі, өйткені мүгедектігі бар азаматтардың қоғамда толыққанды өмір сүруі мен тең құқықты болуы үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау мен қорғау қажет. Сондықтан, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, мүгедек адамдардың құқықтарын сақтау және олардың тұрмыс деңгейін арттыру Үкіметтің ең маңызды мән беретін тұстарының бірі. Ресми деректер бойынша 2024 жылы Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар саны 737 450 құраған.
Бүгінгі күні ерекше жандарды қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар өз жұмысын қарқынды жалғастыруда. Қазақстанда кәсіпкерлік белсенділікті дамыту саласында көптеген маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Елдің экономикасында тұрақты өсімді қамтамасыз ету және бизнес орта үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында жобаларға бөлінетін қаржы да аз емес. Солардың бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кәсіпкерлік қызметпен айналысуына қолдау көрсету. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде айрықша назарда тұр, себебі әрбір азаматтың өз күш-жігерін кәсіпкерлік салада іске асыруы қоғамның әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамуына үлкен үлес қосады. Осы мақсатта Қазақстанда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен салықтық жеңілдіктер енгізілді, олар кәсіпкерлік бастамаларды іске асыруда мүмкіндігі шектеулі адамдарға нақты қолдау көрсетуді көздейді. Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да бұл бағытта маңызды рөл атқарып, қолдау көрсету арқылы инклюзивті кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік туғызуда. Барлық осы шаралар елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға тиімді жағдай жасап, инклюзивті экономика қалыптастыруға бағытталған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жеке кәсібін бастау мақсатында мемлекеттік қолдаумен ұйымдастырылып жатқан «Бизнес-бастау» жобасына өтініш қалдыра алады. Басты міндеттерінің бірі «Атамекен» палатасы ұйымдастыратын профильдік оқудан немесе кәсіпкерліктің негіздеріне арналған арнайы курстардан өтуі тиіс. Сертификат қолына тигеннен кейін, өз жобаларын комиссия мүшелерінің алдында қорғау керек. Берілетін қайтарымсыз грант мөлшері 400 МРП-ға дейін (2025 жылы 1 572 800 теңгеге дейін). Басты назар аударатын тұсы – бұл қайтарымсыз грант. Оны қайта мемлекетке қайтаруды талап етпейді. Тек қаражатты кәсіпті бастау мақсатында пайдалану керек.
Бұл жоба аясында өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алған азаматтардың саны аз емес. Қазіргі таңда кәсіпті бастау оңайға соқпайды, қарапайым несиелердің пайыздық мөлшері тым жоғары. Ал, қайтарымсыз мемлекеттік гранттар осы мәселені шешуге үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамнан шеттетпей, оларды қоғаммен тығыз байланыстыруға арналған үлкен жоба. Мүмкіндігі шектеулі жандар өз ісін ашып, кәсіпті жоғары деңгейде дамыта алады. Егер азаматта басты идея және өзін бизнесте сынап көргісі келсе, әрекет етуді бастауға үлкен мүмкіндік!
Айтып өткеніміздей, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үлкен қолдау көрсетіліп, ерекше азаматтарға қолайлы жұмыс түрлері ұсынылуда. «Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік қолдау орталығының ұйымдастыруымен арнайы кездесулер жиі өткізіледі. Жұмыс берушілер мен мүгедектігі бар адамдар бетпе-бет кездесіп, қолайлы жұмыс түрлерін қарастырады. Бұл іс-шараның басты мақсаты қолайлы жұмыс орындарын тауып беру. «Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік қолдау орталығының басты мақсаттары азаматтарға қолдау көрсету, өмір сүру сапасын жақсарту, жаңа заман талабына тез бейімделуіне жағдай жасау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ақпараттандыру, өмірге деген қызығушылықтарын арттыру. Жиі кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастыру арқылы ерекше азаматтардың қоғамның басты бір бөлігі екендігін көрсетеді. Мысалы «Тең қоғам» орталығында азаматтар бизнеске бастау, қазақ тілі, ағылшын тілін үйрету курстарына, сонымен қатар, заңгерлер мен психологтардың көмегіне жүгіне алады. Қазіргі таңда Қазақстанның көптеген қалаларында ашылып, мүгедектерге үлкен қолдау білдіруде.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдағы толыққанды қатысуы үшін түрлі шаралар қажет. Бұл мәселеде ең маңыздысы – арнайы инфрақұрылым мен қызметтердің дамуы. Мысалы, арнайы көлік қызметтері, пандустар, кеңседегі немесе қоғамдық орындардағы қолайлы жағдайлар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін үлкен көмек болар еді. Қазақстанда бұл бағытта бірнеше қадамдар жасалды. Мысалы, көптеген қалаларда қоғамдық көліктер мен ғимараттарда пандустар мен жедел сатылар орнатылды. Бірақ бұл шаралар тек қала орталықтарымен шектелмей, ауылды жерлерде де жүзеге асырылуы тиіс.
Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ