Мұң теңізіндегі махаббат
Ол өзін шексіз бақытты сезінетін. Кейкезде осы бір бақыт бесігінде тербелген шағын біреулер аяқ астынан тарпа бас салып тартып алатындай халде болғанда шошып кететін. Мұндай оқшау ой неліктен мазалағанына таңданып, бұл үшін өзін-өзін күстәналайтын. Иә, иә,Сәкеннің әп-әдемі, ақылды келіншегі, бір ұл, бір қызы бар. Байлығы да ешкімнен кем емес. Үлкен коттедж салып алды. Екі бірдей қымбат темір тұлпар кең ауласында жарқырап тұр. Таудағы саяжайынан басқа жалға беріп қойған екі-үш пәтерінің өзі ай сайын Бәтиманың әмиянын қаншалықты қампитып жатқанын айтпай-ақ қоялық. Мұның бәрін тоқсаныншы жылдардағы қарбаласта жасап алған. Ауылында бас есепші болды. Колхоз төрағасы да әлекедей жалаңдап тұрған тәжірибелі кексе кісі еді.
− Сәкентай! –деген ол бір түні бастығы мұны үйіне жедел шақырып алып,− Қимылдайтын кез келді. «Жекешеленіңдер!» деген жоғарыдан бұйрық келді.Меніңше бұл біздің оң жамбасымызға дөп келетін сыңайлы. Бұрын өзің білесің құлашымызды мынау коммунистік партия деген қызылкөз пәле кеңге жайдырмады. Мен сені институт бітіргеннен бастап, оқытып-тоқытып бәрін әбден үйреттім. Мінеки, біздің уысымызда елу мың қой, пәлен мың сиыр, жылқы дейсің бе, бәрі андыздап тұр. Техниканың неше түрі самсайды. Далиған жер жатыр әне! Оларды да жекешелендіреміз!
Құлбазар ағасының мұны өзімсіне айтуында үлкен мән жатыр.Бұл біріншіден Құбекеңнен әлдеқайда жас. Ол кісі алпысты алқымдаса Сәкен отыздан енді ғана асты. Екіншіден «оқытып,тоқытып» деген сөздерге салмақ салуында да шындық жатыр. Сәкен бұл ауылдың бел баласы емес. Құбекеңнің жан досының баласы. «Сүйегі менікі, еті сенікі!» деп әкесі өлер алдында Құбекеңді шақырып, мұны шегелеп тапсырған. Содан оқуын бітіре сала осы колхозға келді. Жай есепші, содан соң орынбасар. Енді колхоздың бас есепшісі. Иә, иә-ә, сол түні Құлбазар ағасы екеуі ауылдың бар байлығын мұрнынан тізіп, алдарына жайып салып құныға қарағандары есінде. Не деген байлық, не деген қазына! Тек кертіп алып сандығыңа сала бер! Екеуі осы ен дүниені қалай ымын-жымын білдірмей пайдаланудың жоспарын құрып таңға дейін бастарын қатырысты. Сол күннен бастап Сәкен мен Құлбазар ағасы үкімет талап еткен жекешелендіру саясатын жүргізудің нағыз белсенділеріне айналды. Бұл науқан жедел жүрді. Құлбазар және оның жандайшаптарына бұл тарихи науқан «оңай» болған жоқ. Күні-түні ұйықтамай жүру оңай дейсің бе? Алдымен елу мыңдай қойды бықпырт тигендей етіп бір айдың ішінде жоқ қылды. Аштан өлсе де бір тышқақ лақты сойып алмайтын қойшылар таяқтарын ғана ұстап қалды.Самсаған техникалар да түн сайын қараңғылық құшағына сүңгіп кетеді де, содан оралмайды. Ірі қара жылқыларды да табын-табынымен, үйір-үйірімен біреулер алып машиналарға тиеп әкетіп жатты. Қайда кетті? Қай құрдым жұтты? Ол бір Аллаға аян,Құлбазар мен Сәкенге аян.Момын ауыл төніп келе жатқан алапат қауіптен бейхабар.Олар әлі де Мәскеудің,кеңес өкіметінің ұйқы дәрісінен айыға алмаған болатын. Тек бұрыннан да беймаза арызқой Кәдірбек бастаған бірнеше ақсақал Құлбазарға келіп өздерінің қауіптерін жеткізді. Дәл сол кезде бастығының қасында Сәкен де отырған.
− Құлеке! Әнеукүнгі жиналыста «мемлекет тарапынан жекешелендіру жүргіз деген бұйрық келді.Соған дайындалыңдар!» дегеннен басқа ештеме демедің. Қарап отырмыз, естіп жатырмыз.Сол жекешелендіруді бастап жіберген сияқтысың. Біздің ойымызша колхоздың байлығы халыққа бөлінуі керек емес пе? Ал сендер болсаңдар ауылдың бар байлығын әкелеріңнен қалған байлықтай бір жаққа асырып жатырсыңдар. Кімге, қайда? Біз түсінбей отырмыз. Бізді, халықты сіз кілең соқырларға балайтын тәріздісіз. Кәнеки, мына ақсақалдар халықтың атынан сізге келді. Ертең мына мың сан мал, техника кетсе халық қайтып күн көреді? Сен басшы ретінде, тіптен осы ауылдың азаматы ретінде бәріне жауап беруің тиіс. Сыртымыздан тонау ма әлде басыну ма бұның? –деп Кәдірбек дауысы қырылдай сөйлеп, тырнағы өскен тұқыл сұқ саусағын Құлбазар ағасына безеп-безеп қойды. Сәл ғана үнсіздіктен соң әлгі тұқыл сұқ саусақ Сәкенге безенгенде бұл қорқып кетті. Бастығы бұрын да осы Кәдірбек дегеннен өлердей қорқатын. «Ол жай арызқой емес, ол тыңшы! Оның көрмейтін пәлесі жоқ. Байқап жүр Кәдірбек малғұннан!» деген бір-екі мәрте. Енді мінеки бұған шүйіле қарап:
− Мынау сенің құйыршығың біздің ауылға жаны ашымайтын нағыз қаныпезер! Себебі ол басқа жақтан келді. Біз бұған сенбейміз. Сенің өзіңді де жоғары жақтан төраға етіп қойған. Енді әкім етіп сайлады. Бізден ешкім сұраған жоқ. Солай емес пе, ақсақалдар? − деді Кәдірбек бірге еріп келгендерге жағалай қарап. Сәкеннің денесін тер жуып әзер шыдады.
− Иә, иә, ешкім сұраған жоқ, − деп манадан үнсіз отырған ақсақалдар өздерінше қауқылдасып қалысты. Шіркін, Құлбазар ағасы нағыз қасқыр ғой. Басы жалтырап, картоп мұрны таңқиып, ештеңе болмағандай шалқақ отыр. Әңгімесін де күректей қолымен жалпақ бетін бір сыйпай сабырлы бастады.
− Келгендеріңіз жақсы болды. Өзім де аяқ астынан басталған дүрбелең туралы сіздермен ақылдасайын деп жүргенмін. Әнеу жоғарыдан күнде қоңырау шалып, тоқпақтай берген соң есің шығып кетеді екен, жүдә.
Кәдірбек және шалдар әңгіменің аңысын аңдап үндемеді. Ал Құлбазар ағасы болса әбден қиналған түр танытып, бірақ сол шалқақ күйі жалғастырды.
−Әй, ағайын, менің қолымда не бар? Мені өкімет қойды мына орынға. «Жекешеленіңдер! Қарыздарыңды өтеңдер!» деді олар бұйырып. Бар болғаны сол. Мен бұйрық орындаушы ғана. Білесіздер ме, қайдан қарыз болғанымызды білмеймін колхоз пәлен миллионға мемлекетке қарыз болып шықты. Одан бартер деген пәле болып тұр. Оны жоғарыдағылар есептеп бізге жіберді. Мына жинаған дүниелерімізді соған төлеп жатырмыз.
− Қандай қарыз, қандай бартер? Сендер жеп қоймасаңдар халықтың бұған зәредей қатысы жоқ! – Тағы да Кәдірбек қырылдай сөйлеп мұның сөзін шорт бөліп жіберді.
− Кәдеке, мен сіздің сөзіңізді бөлмей тыңдадым ғой. Сіз де тыңдаңыз.Біздің колхоз, совхоз мемлекеттен осы күнге дейін көптеген жылдар бойына дотация алып келгенін сіздер жақсы білесіздер. Солар қат-қат болып жинала берген, жинала берген тәрізді. Маған солай түсіндірді. Қарызымызды төлеп болған соң елге қылдай бөліп береміз. Менің сіздерге басқа айтарым жоқ, істемеске сіздердің шараларыңыз жоқ. –Құлбазар сөзінің соңғы байламын соншалықты сенімді, соншалықты сабырлы аяқтағаны соншама жоқ жерден бүйректен сирақ шығарып отыратын Кәдірбектің өзі біразға дейін үнсіз отырып қалды. Алайда ол да соңғы сөзін қанжармен кеудеге тірегендей етіп ауыр салмақ сала айтты.
− Мына ақсақалдарды қайдам, мен сендерге сенбеймін. Өліп о дүниеге аттанған, моласы мәңгіге салынған Совет өкіметінің бізге қарыз салатындай қандай қауқары бар? Біле білсең ол зұлым империяның біздің қазақтың алдында таудай қарызы бар, жасаған өшпес күнәсі бар. Әнеки тарихымыздың құпия қоймасынан жаңа шындықтар мен ақиқаттардың беттері бірінен соң бірі ашылып жатыр. Отызыншы жылдардағы үш миллион қазақты қынадай қырған кім? Халық жауы деп өтірік қара дақ жағып қаймағымызды сыпырып, ондаған мың асылдарымызды атып-асқан кім? Ол совет өкіметі, ол Ресей, ол Мәскеу! Сондықтан сен Құлбазар, тантыма, өтірік айтпа! Ертең мен де, сен де, мына ақсақалдар да өледі. Баратын жеріміз біреу, ол қара жер, ол ақырет! Құдайдың алдында бәріміз жауап береміз. Білмесең біліп қой, бәріне,бәріне біз жауап береміз! Айтшы, сен сонда Алланың алдында не деп жауап бересің? Мен қауіп еткеннен айтамын.Отызыншы жылдардағы сұрапыл аштықты, отыз жетідегі репрессияны Мәскеу кімнің қолымен жасады, Құлбазар, айтшы соны білгіш болсаң?
Кәдірбектің бұл тосын сауалы манадан бері қойтастай түнеріп сенімді отырған Құлбазар ағасын абдыратып-ақ тастады. Не деп жауап берерін біле алмай қыбыжықтап картоп мұрнын күректей қолдарымен сыйпалап, өтіріктен жөткіріне берді. Сөзге тәпелтек бойлы, қайыстай қатқан Төлеген араласты.
− Әй,Кәдірбек, ұсақ-түйек нәрселермен бастықты неге мазалай бересің,ә? Жөнін айтып жатқан жоқ па? Қоймайсың келіп қай-қайдағыны айтып. Аштықта не шатағы бар Құлбазардың? − Төлегенді әйел дауыстылығына қарап келіндері сырттай «жіңішке қайнаға» деп атап кеткен.
− Төлеген, осы түлкі мінезіңді қашан қоясың? Мен саған сауал тастаған жоқпын ғой. Әлде сен адвокатсың ба? – Кәдірбек Төлегенді осылай бір жасқап алды да қайтадан Құлбазарға бұрылды.
− Үндемейсің. Ендеше ол сауалдың жауабын мен өзім айтайын. Аштықты да жасаған, «халық жаулары» деп ұстап бергендер де мына сен сияқты белсенділер. Қазақты төрт түлік малынан айырған, сөйтіп күнкөрісін жойған сен сияқтылар сол кезде де болған. Әй, айналайын-ау, сен біле білсең өзіңнің жеке қарақан басыңның қамы үшін мына ауылыңның, халқыңның бар байлығын сыпырып алып жатырсың. Бұл ауыл сенің балаларыңның кіндігі кесіліп, топырағында тәй-тәй алғашқы қадамдарын аттаған, осында оқып-тоқып адам қатарына кірген қасиетті алтын бесігің ғой. Мен бәрін біліп отырмын, сен өз қолыңмен осы алтын бесігіңді біржола қиратып кетейін деп жатырсың. Ертең малы, техникасы кеткен соң бұл ауыл қалай күн көрмек? Я аштан өледі, я кім көрінгенге құл-күң болып басы ауған жағына қаңғып кетеді. Әй,Құлбазар, мына өрескел, зұлым әрекетіңді тоқтат! Әйтпесе мен президенттің өзіне хат жазамын!..
Сәкен сол Кәдірбек ақсақалдың данышпандығына кейін таң қалды. Әрине Құлбазар ағасы ертеңіне-ақ «жіңішке» қайнаға атанып кеткен Төлеген
арқылы жиналысқа қатысқан ақсақалдарды түнде қонаққа шақырып алып, ауыздарын «майлады, қолдарына конверт ұстатып, үстілеріне шапан жауып оларды мәз қылды. Кәдірбекті кеңсеге шақырып оған техника, мал бермекші еді, қиқар шал көнбеді.
− Сен мені емес әнеу халқыңды жарылқа! Әділ қара бәріне. Мен сол ауылдастарым не алса соны аламын. Оған көнбесең жоғары жаққа жазамын…
Кәдірбектен қорыққанынан Құлбазар ескі-құсқы техникалар мен ауылдағы әр отбасыға азын-аулақ ұсақ малды бөлгенсіді. Қысқасын айтқанда сүйек-саяқ тастады. Содан соң өзі облысқа көшті.Бірақ өзен бойынан ондаған гектарға созылған жерді өзінің атына жекешелендіруді ұмытқан жоқ. Сәкенге шұрайлы жерден бөліп берді.
− Бала,бұл жер болашақта алтын жерге айналады.Ақша қажет болса сатасың немесе кейін мал әкелуіңе, егін егуіңе болады. Біз біраз дүние жинадық.Енді бұл ауылдан бізге ешқандай пайда жоқ. Тез кетуіміз керек. Сен Алматыға барамын деп отырсың ғой,жолың болсын! – деп қамқор ағасы аюдай қорбаңдап келіп мұны құшағына басты…
Түнек. Айнала көзге түрткісіз қап-қараңғы.Алқара даланың күрегей жолымен бұл тартып келеді.Астында дағарадай джип машинасы. Көңілінде үрей ме әйтеуір бір қорқыныш бар.Қалай үрейленбесін ен далада бұдан басқа ешкім жоқ.Неге екенін кім білсін алғашқы еңбек жолын бастаған ауылына асығып келеді.Бұрын ауыл-ауылда Илъич шамы жарқырап тұратын. Ол самала жарықтарды әлдебір қарау күштер ұрлап алып кеткендей бейне. Осындай ой келуі мұң екен қиқалақтап жүріп келе жатқан машинасының алдыңғы терезесінен әлдекім қарағандай болды. Өз көзіне өзі сенбеді. Тура алдында аппақ киінген салт атты бір кісі тұр! Кім, кім бұл? Кәдірбек аға ғой мынау. Ол кісіні қайтыс болды деп естіген. Тірі, тірі екен ғой!
Тежегішті жалма-жан басты. Қара басқанда газды басып жіберіпті. «Ойбай-ай, ойбай, не істедім мен!» дегенінше болған жоқ жаңа ғана басып-жаншып кеттім деген Кәдірбек ағасы тағы да тура алдында тұр!
− Қорықпа, бала, мені ешкім басып- жанша алмайды! Одан да сен менің мына сауалыма жауап бер. Бұл ауылға қай бетіңмен келе жатырсың? Ана ұры ағаңның қайда екенін білесің бе?
Машинасының тежегішін басты ма, баспады ма білмейді, әйтеуір ол тоқтапты. Бетін тер жуған.
− Мен… мен, аға сіздерді, ауылды сағынып… Ал ағам қылтамақтан қайтыс болған.
− Иә, иә, қылтамақтан өлді жемқор ағаң. Өз ауылының қазынасын өзі ұрлап, ен байлықты иеленсе де сол жинағанынан ең болмаса түйір нан тамағынан өтпей Құлбазар қиналып алты ай жатты. Қу сүйек боп әруаққа айналғанын табалайын деп отырған мен жоқ, айтайын дегенім халықтың қарғысын емес, алғысын алу керек еді. Енді ол қазір менің тура жанымда жатыр. Оның күнде шыңғырған даусын естимін. Көр азабын көріп жатыр! Өз халқының байлығын тонағандардың көретін азабы сол. Сен де күндердің күнінде сол азаптан құтыла алмайсың. Астанадағы ең бай адамдардың бірісің. Мынау қымбат машинаны кімнің ақшасына сатып алдың? Олжинаған дүниелеріңнің бәрі қарапайым халықтың көз жасына шыланғанын білесің бе, сен? Әне, сені мен ағаңның жасаған зауалынан кейін ауыл тұрғындарының бәрі босып, қаңғып кетті. Қаңғыбас иттер ғана жүр. Кедейшілікті, жоқшылықты әкелген сендерсіңдер!
Кәдірбек ағасының күндей күркіреген даусы бүкіл дүниені дүр сілкіндіріп, түннің қара пердесін дар-дар жыртты. Кенет ондаған, жүздеген қолдар пайда бола қалып, олардың саусақтары құрт тәрізді қыбырлап, машинаның ішінен әлденені іздегендей болды. Машинасының терезесін сындырмай-ақ арбиған қорқынышты қолдар Сәкенге тап берді. Әлеуетті біреуі мұның кеңсірігінен қаусырмалай ұстап қылғындыра бастады…
−Ойбай, ойбай, өлтірді! Құтқаршы, құтқаршы, ағатай!..
− Сәкеш, не болды саған? Сені кім өлтірмекші? – деп келіншегі Бәтима көзі бақырайып бұған төне қарап тұр! Сәкен жаңағы қорқынышты сәттің өңі не түсі екенін ажырата алмай біршама уақытқа дейін жан-жағына алақ-жұлақ қарасын келіп. Жо-жоқ, түсі екен.Басынан қара табанына дейін малшынған. Денесі қалш-қалш етіп көпке дейін басылмады.
Сол түсті көргеннен бір аптадан соң Сәкен ауырып қалды. Оған дейін Кәдірбек ағасының ызғарлы сөздері үнемі миында жаңғырып тұратынды шығарды. «Сен де күндердің күнінде ол азаптан құтыла алмайсың. Ол жинаған дүниелеріңнің бәрі қарапайым халықтың көз жасына шыланғанын білесің бе, сен?! Халықтың көз жасы жібермейді. Кедейшілікті, жоқшылықты әкелген сендерсіңдер!» Содан соң қаптаған қолдардың бұған қарай тап беріп, буындырғаны есіне түскенде өзінен-өзі қылғынып, маңдайынан тер бұрқ ете қалатын.
Иә, Сәкенді ауру меңдеді. Денесін әлсіздік билеп, жөтеле беретін болды.Кейде көз алды тұманданып, қаңғалақтап тұрып қалады. Бұрынғыдай ештеңеге зауқы жоқ. Жата бергісі келеді. Әйтеуір әлекедей жаланған келіншегі Бәтима кәсіптерін өзі-ақ шырқ үйіріп мұның орнын жоқтатпады. Денесі дел-сал боп ауырлай берген соң Сәкен емханаға барды. Мектептен кейін аурухана есігін ашпапты. Тіпті денсаулығы туралы кітапшасы да атымен жоқ боп шықты. Дәрігерлердің қолына бір түссең болды ащы ішектей айналдырып жан-жақты тексереді екен. УЗИ дей ме, рентген дей ме? Ақыры оның ауруының себебі анықталды. Өзінің ауруын естігенде Сәкен есінен танып қала жаздады. Құрт ауруы болып шықты. Және оның ашық түрі.Бұл аурудан жазылуы үшін кемінде алты ай керек. Ең жаманы жұрттың бәрі бұған жиіркене қарап жоламайды.
− Ауруханаға ертеңнен бастап жатуыңыз керек. Бүгін үй ішіңізге айтыңыз. Өзіміз алып кетеміз, − деп дәрігердің жайбарақат айтқан әңгімесі мұның жан дүниесін тас- талқан етіп, жүрегіне бейне оқ тигендей қатты ауырып кетті.
− Қанша күн емделемін? – деп күмілжіп әзер сұрады бұл.
− Кемінде алты ай. Одан бері емес. Жан керек болса барасыз.Құрт ауруы − ең ұзақ емделетін ауру. Және ол жұқпалы. Бала- шағаңызға, жан-жағыңызға жұқтырасыз. Егер сіз ауруханаға жатқыңыз келмесе полициямен алып кетеміз. Шүкір деңіз, рак болсаңыз не істер едіңіз! – Дәрігер мұны жұбатып күлгенсіді. Ал Сәкен бұл сәтте іштей қатты қынжылып, күйзеліп тұр еді. Одан да ешкім жиіркенбейтін ракпен ауырсамшы деп торыға ойлады ол. Есіне тағы да Кәдірбек ақсақалдың айтқан сөзі орала берді. « Сен де күндердің күнінде ол азаптан құтыла алмайсың. Халықтың көз жасы, қарғысы жібермейді!» Далаға шыққанда Сәкен қыстыға жылады. Өзін-өзі қанша ұстаса да шамасы жетпеді. Мәшинесінің есігін әзер ашып, ауырлап кеткен денесін сүйрете орындыққа отыра сала солқылдап балаша жыласын келіп! Сонау мектеп қабырғасында жүргенде жақсы көретін тайын қасқыр тартып кеткенде соңғы рет осылай жылаған-ды. Кенеттен пайда болған ауруға қолынан келер қайраны жоқ елуді алқымдаған Сәкеніміз осылай әлемдегі ең әлсіз, ең әлжуаз адамға айналып шыға келді. Тіптен оған ақша да, дүние де көмектесе алмайды. Қашанғы жыласын, аздап ес жиған соң Сәкен үйіне бет алды. Көңілі қобалжулы.Қанша сенімді болғанымен жары бұл жайсыз хабарды қалай қабылдайды? Теріс айналса ше? Қой, қой, өйте қоймас. Қаншама жылдар бірге тұрып келеді.Осындай қиын сәтте мұның қайғысына ортақтаспаса оның кім болғаны? Балалары ше?
Жол бойы осындай келеңсіз ойлар мазалаған ол өлгісі де келген. Біреу соқса екен деп қызыл белгіге де қарамай өте шықты. Жан тәтті ғой, шіркін, қаны басына теуіп қорқып кетті. Ақыры үйіне де жетті-ау. Бәтима үйде жоқ екен. Балалары өздерімен-өздері. Ұлы компьютерге, қызы қалта телефонына шұқшиып әкелеріне «келдің-ау» деп мезіреті де жасамады. Бұрын қалай байқамаған мұндай салқындықты? Балаларымен іштегі шерін тарқатып, мұңын бөліскісі келген.Екеуі де тап осы жолы өз қанасынан шыққан перзенттері емес, өзге жат адамдардай көрінді. Неде болса Бәтимаға барлық жағдайды айтқаны жөн екенін ұқты.
Үй қызметшісі тамақ дайын екенін айтып еді, қолын бір-ақ сілтеді. Байыз тауып бір орнында отыра алмай, үш қабатты алып үйін аралап сенделді де қойды. Бұрын әр бөлмедегі көздің жауын алатын дүниелерге сүйсіне қарап рахаттанатын. Енді олардың бәрі көк тиынға тұрмайтын мәнсіз, мағынасыз заттар сияқты көрінді. Өзінен-өзі жынданып олардың бәрін ұрып сындырғысы келді. Әзер өзін сабырға келтірді. Дағарадай үйге сыймаған соң астыңғы әуізі бар үлкен бөлмеге келіп, суға қойып кетті. Ойы суда өзін-өзі тұншықтырып өлтіру еді. Өлу оңай емес екен! Тұншығып жаны көзіне көрінген шақта судың үстіне фонтандай атылып шықты. Одан кейін ондай әрекетке батылы жетпеді. Ентігіп тепкішіктен ұстап әуіздің жағасына әзер шықты. Бәрібір ішін кеулеген ауыр ойларды су да сыпырып түсіре алмады. Моншақ тамшылар үстінен сорғалаған ұзын бойлы жігіт ағасының аққұба жүзін мұң торлап, басы салбырап әуіз сыртында отырған сәтте біреу иығынан ұстағандай болды. Шошып селк ете түсті. Жалт қараса келіншегі.
− Ау, отағасым- ау, неғып мұңайып отырсың? – Келіншегі әдемі жымиып,сыңғырлай сөйледі. Бұл әдеттегідей келіншегін еркелетпеді. Біртүрлі жат адамдай қарады.
− Қайда жүрсің ? Түн ортасы болды ғой! – деді қатқыл үнмен. Бәтима аң-таң.
− Мейрамхананы білесің, тойға келген қонақтар әрең тарады. Артын жиыстырып дегендей. Мұның бәрін несіне айтып отырмын? Неменеге маған дікілдейсің? Рахмет айтудың орнына! – Енді келіншегі сөзінің аяғын қатайтты.
− Ана орындыққа отыр. Мен маңызды бір мәселе айтпақпын, тыңда! – Сәкен бұл жолы жағадан тартып қалғандай бұйрық райда зілді сөйледі. Күйеуі бұрын-соңды бұлай демеуші еді, Бәтима орындыққа сылқ етіп қалай отырғанын сезбей қалды. Жанарын төменге салып Сәкен сәл үнсіз отырды да, содан соң нақты шешімге келгендей басын оқыс көтеріп алды.
− Мен аурумын! Дәрігерлер менің құрт аурумен ауыратынымды дәлелдеп шықты, − деді ол бірден мәймөңкелемей, ішіндегісін лақ еткізіп.
− Не дейт? – Әйелі жамбасына біреу ине сұғып алғандай ұшып тұрды. Көзі алая түсіп ақшаң етті. Алдында қорқынышты құбыжық тұрғандай үрейлене қарап шегіншектей берді. Содан соң қалт тоқтады.
− Мен саған талай айттым. Қыдырғышсың! Жезөкшелерге талай бардың. Өтірік деп бет бақтырмайтынсың. Міне, саған нақты фәкті! Ақыры солар түбіңе жетті! СПИД боласың дедім, тыңдадың ба? Жо-оқ, тыңдамадың. Енді міне кеудең құрттап жатыр.Тез-тез кет,бұл үйден! Балаларыма жұғады.
Сәкен басқа-басқаны күтсе де мұндай ауыр сөздерді жан жарынан күтпеп еді. «Кет» деді-ау бірден. Осындай қиын шақта сүйікті жары неге мұның ауыртпалығына ортақтаспады? Негебұдан бірден теріс айналды? Бұрын «сені сүйемін, сен үшін күйемін!»дейтіні бер жағы ма сонда? Денсаулығы, күш-қайраты барда керек те, ал басына бұлт үйіріліп, мынадай жаман ауруға ұшырағанда түк те қажет болмағаны ма? Лықси келген осы ойларын айтпаққа оқтала берді де әйелінің екі бүйірін таянып, тұлан тұтқан түрін көріп тілін тістеді.
Жан дүниесінде астан-кестен дауыл тұрып жатқандай бейне. Өкіріп жылағысы келді.Бағана көп жылағаннан ба,жылай алмады. Жаңа әзірде ғана өзін өлімге бұйырған қатал шешімнен айнып қалғанына қатты өкінді. Осы сәтте тапырақтай жүгіріп қызы мен ұлы келді ентігіп.
− Мам, не болды? – деді екеуі қосарлана орысша сөйлеп.
− Жақындамаңдар мына қыдырғыш немеге! Бұл туберкулез ауруын жұқтырыпты анау жезөкшелерден. Енді бізді де құртпақшы. Жақындамаң- дар! Жанына жуымаңдар!
− Тубер-ку-лез-з! – Балалары осы сөзді үрейлене айтып, екпіндей жүргенінен жаңылып қалды. Көлдей орамалды жамылып, әр-әр жерінде қадау-қадау ақ қылаң бере бастаған шашынан су тамшылаған Сәкен өзін құбыжықтай сезінді. Балалары сол құбыжықтан қорыққандай аяқтарын аңдап басып шешелерінің қалқасына тығылды.
− Иә, иә, туберкулез! Ертең дереу бәріміз де дереу емханаға барып қаралып, тексерілеміз. Әйтпесе олардың өздері-ақ іздеп келетіні сөзсіз. Ел-жұртқа күлкі болатын болдық. Бізге енді ешкім жоламайды.Тіптен дүкендерімізге, ресторанымызға ешкім келмейтін шығар.Оңбағансың! Қайдан, қайдан жұқтырдың екен?
Бәтима долданып жылап жіберді.
− Мам! Мамочка, жыламашы. Бәрі дұрыс болады,− деп қызы мамасын жұбатып жатты.
− Әй, Бәтима! Қайдағы жезөкше? – деп орындыққа сылқ етіп отыра кеткен Сәкен жаны ышқына қолдарын жайды. Содан соң басын оқыс көтеріп, өзіне жеккөрген сыңаймен қарап тұрған отбасы мүшелеріне тіке қарап, бір жөткірініп барып сөйлей бастады.
− Бәтима! Менің ауруым жезөкшеден емес, менің ауруым сенен, білесің бе, сенен! Біз шаңырақ көтергенде ең кедей отбасы едік. Есіңде ме, студенттік шақ? Мен сені сүйдім. Қатты ғашық болдым мен саған. Сен сұлу едің. Жігіттердің бәрі саған ғашық болды. Бірақ сенің бір әлсіз жерің бар еді. Ол байлықты, ақшаны жаныңдай жақсы көретінің. Мен мұны білдім. Білдім де сенің көзіңе бай жігіт боп көріндім. Махаббатым үшін, сені өзіме жар ету үшін оқудан бос уақытымда ауыр қара жұмыстар істедім. Көмір, зат түсіретінмін. Каникулда құрылыс отрядтарында істедім. Саған қымбат- қымбат сыйлықтар алатынмын, мейрамханаларға апаратынмын. Оның бәрі денсаулығымды аямай жұмыс істеген ащы терлерімнен тұратын. Үнемі жеңіл машинамен алып жүретінім де сені қалайда қармағыма түсіргім келгендіктен. Ақыры арманыма жеттім. Бірақ сен менің соншалықты кедейшілік күйімді, жетімдігімді көріп қатты ашуландың.Өйткені сен Бәтима, директордың қызы едің. Не ішем, не кием демей өскенсің. Әке-шешең де саған қатты ренжіді. Бірақ менен екіқабат едің. Еш жаққа тырп ете алмай қалдың. Есесіне менің байғұс анамды жерден алып, жерге салдың. «Егер біз мына анаңнан кетпесек, онда менен үмітіңді үз» деп бір күні қызымды арқалап, төркініңе тайып тұрдың. Сен үшін анамды тастап басқа ауылға көштік. Біздің бақытымызға қарай Құлбазар ағаны кезіктірдік. Одан халықты,ауылды тонап Алматыға қаштық. Біз сен армандағандай бай отбасыға айналдық. Уәдемде тұрдым. Мен саған зор байлықты сыйға тарттым. Сен маған емес, осы байлыққа ғашық едің. Өмірі ашылмаған қабағың осы байлықтың буынан жарқырай ашылып, сұлуланып кеттің. Ал мен байғұс сол сұлулыққа арбалған торғайдай едім. Сенің бақытты жүзіңді көріп мен де өзімді бақытты сезіндім. Ғашығым үшін яғни Бәтима, сен үшін жанымды құрбан еттім. Күні-түні ұйықтамадым, шыжыған ыстықтан да, қақаған аяздан да тәнім мен жанымды аямадым. Менің ауруым сол кезде басталған. Шіріген байлығымның бір шөкімін кезінде денсаулығымды қаратуға жұмсасам мұндай ауруға ұшырамас па едім? Ылғи да алдымда сен тұрдың, Бәтима! Байлыққа қарқ қылсам маған деген сенің шынайы махаббатың ояна ма деп үміттендім. Бірақ қателесіппін. Менің ақымақ көзім махаббаттан соқыр болып қалыпты. Тіптен жалғыз шешемді де сен үшін тәрк еттім-ау! Байғұс анам өмір бойы ескі үйде мені күтіп, есікке қараумен ғұмырын өткізіпті. Ол қайтыс болғанда да ең болмаса барып топырақ сала алмадым. Жалғыз баласы едім ғой, анашымның! Суық хабар жеткенде байлыққа арқау болар пендешілік бір ісімді қимадым. Не деген зұлым, не деген оңбаған едім! Сөйтіп ол пендешілік істер бірінен соң бірі жалғаса берді. Ақыры менің анамның қабіріне бір рет барып, құран оқытуға да мұршам болмады…
Сәкен сөзін үзіп жылап жіберді. Басы тұқырайып бала тәрізді еңкілдеп жылап тұр!
− Мам! Папам не айтты, неге жылайды? – деді балалары бұған таңдана қарап.Орысша тәрбиеленген олар әкесінің жүрегімен тебірене, құсалана айтқан сөзінің бірін де түсінбеді- ау.
− Не айтушы еді ол? Өзінің біреуден жұқтырған ауруын менен көреді, − деп Бәтима балаларына орысша жауап берді де, әрі қарай қазақша сайрады.
− Сен нағыз жігіт болсаң осы сөздерді айтар ма едің? Жоқ, сен олай өзіңді ақтай алмайсың. Осы үйдің еркегісің бе, ақша табу сенің міндетің.Сондықтан міндетсінбе!Менің әкем «жұмысқа ал!» демегенде Құлбазар аға сені қайтсін? Әкемнің досы еді дейсің. Сүйегі әлдеқашан қурап кеткен адамды ол кісі баяғыда-ақ ұмытып кеткен. Дап-дайын жұмысқа тұрдың. Дап-дайын ен дүниеге тап болдың. Яғни кімнің арқасында адам болдың? Әрине менің арқамда. Ресторан,сауда үйлері, басқа дүниелердің бәрі сол әкемнің арқасында келгенін ұмытпа! Майшелпек ауылдың бар дүниесін ым-жымын білдіртпей сатқызған да менің әкемнің достары. Сонда күні-түні ұйықтамай жүрген сен не істедің? Әрине, арақ іштің, карта ойнадың, қыз-қырқынмен қыдырдың. Сола-а-й рахат өмір сүрдің. Енді кеп мақтанасың. Мақтанатындай ештеме бітірген жоқсың. Махаббат, махаббат дейсің.Нағыз махаббат дұрыс айтасың, ол ақша,ол байлық! Егер бұлар болмаса біз баяғыда-ақ ажырасып кетер едік. Қазіргі жап-жас қыздар неге өзінің әкесінен үлкен шалдарға тиіп жатыр? Әрине байлық үшін. Неге ажырасу көп? Кедейшіліктен, жоқшылық-тан! Ал анаң туралы айтсақ, ол мені бір көргеннен-ақ жақтырмады. «Барма-дым, моласына бір уыс топырақ сала алмадым» деп мәймөңкелейсің. Ол өзіңнің бейшаралығың. Мен саған барма деп айттым ба? Жо-оқ! Айтқан емеспін. Енді көп мылжыңдап тұратын уақытым жоқ. Сен бізді дұрыс түсін. Біз сенің кесіріңнен ауырғымыз келмейді. Төменнен кілтіңді ал да барахол-
ка жақтағы екі бөлмелі үйге кет. Туберкулездің жедел жәрдемі сол жерден алып кетеді. Өзің білесің барлық дүние менің атымда. Оған көз алартушы болма, қай жерге, тіпті сотқа барсаң да ештеме ала алмайсың. Саған, жалғыз өзіңе сол екі бөлмелі үй жетеді. Кеттік, балаларым! Сау бол!− Әйелі көздері шақшиған салқын қалпынан танбаған күйі мазақтағандай бұған қолын бұлғады.
Бәтиманың алдыңғы сөздерінен гөрі кейінгі айтқан аяздан да суық бұйрықты пәрмені Сәкеннің денесін ашудан ба әйтеуір қалтыратып жіберді. Қазір қалай жалаңаш тұрса,ол өмірде де тұлдыры жоқ жалаңаш қалғанын түсінгенде ішкі көңіл сарайы құлазып сала берді. Айдалада астындағы атынан айрылған жолаушыдай аңтарылып енді тұрысы мынау.
− Оңбаған! Мен саған қалай сендім екен, а? Осындай ауыр жағдайға ұшырайтынымды залым әйел қалай білген? Алдын ала дайындалған. Өзіме де обал жоқ. Бейшара десе бейшарамын! Қайран анам-ай!
Төмен тұқырайған күйі осылай ашына тіл қатқан Сәкеннің Бәтиманың айтқанына көнгеннен басқа шарасы жоқ еді. « Сен де күндердің күнінде ол азаптан құтыла алмайсың. Халықтың көз жасы, қарғысы жібермейді!» Кәдірбек ақсақалдың қаһарлы сөзі миын тағы да шағып өтті. Осы сәт көз алдына сүйегі саудыраған Құлбазар ағасының төсекте жатқан соңғы аянышты шағы көз алдынан көлбеңдеп өте берді…
***
Алатаудың қойнауына сұғына кірген, биік-биік тас қамалдармен қоршалған бірнеше қабатты сұрқай үйлері бар қалашықты алматылықтар аса жақсы көре қоймайды. Білетіндер бұған тыжырына көз салып, жанынан тезірек өте шығуға тырысады. Бұл туберкулез ауруханасы. Үнемі қара көлеңке тұнып тұрған үйлер шынында да мұңға батып, ондағы көк киімді адамдар өмірбақи күлуді ұмытып кеткендей көрінеді. Мұндағы науқастарды ешкім іздеп келмейді екен ойдан аулақ болыңыз. Нағыз жанашыр адамдар, бірін-бірі сүйген адамдар аяқ астынан ғаріп жанға айналған бауырын,жарын, баласын қалай тастасын? Бірақ өмір болғасын қатігездер де кездеседі. Ондайларға таңданбайсың. Мәселен біз білетін кейіпкеріміз Сәкен өмірінің жарты жолына келгенде жалғыз қалам деп ойлады ма? Жо-жоқ, атай көрмеңіз. Ол сүйікті жарын, балаларын күнде күтетін. Олардың келмейтінін білсе де үміттенетін. Көбінесе далада, олай болмаған күнде терезеден сыртқа телміріп қарай беретін. Бейсәубет қыз бен бала көрсе жүрек құрғыр елп ете қалып «Әсемім, Бекжаным емес пе екен?» деп үздіге үмітпен қарайтын. Олар емес екенінекөз жеткізген соң ғана барып біртүрлі жаны жабығып, жасып, жанары бұлдырайтын. Соңғы кездері көңіл шылбыры тез босайтын әдет тапты. Толқын-толқын ойлар теңізінен Сәкен үнемі шықпайтын. Өзі емес бір қарау күш мұны желкесінен ұстап тыраңдата түпсіз терең мұң теңізіне лақтырып жіберетін. Күндіз түгілі түн баласында да сол суалып қалғыр мұң теңізінен шыға алмайтын малтығып. Әбден қалжырағанда ғана барып көзі ілініп кетуші еді. Неше түрлі түстер көретін. Көбінесе жалаңаш жүретін. Не киімдерін таппайды, не жоғалып кеткен балаларын іздеп жүреді. Неге екенін кім білсін олардың кішкентай сүйкімді сәби шақтары түсіне енетін. Олардың хош иісіне қанбай үнемі иіскеп, рахаттанатын. Оның түсі екенін оянғанда барып білгенде ғана жүрегіне қатыгез біреулер инені сұғып-сұғып алғандай ауырсынатын. Жұдырықтай жүрегі бұлқынып кеудесіне сыймай, атқақтай соққаны өзіне естіліп тұрғандай сезінетін.
Түс демекші соңғы кездері анасы да жиі кіретінді шығарды. Мұны мейірлене құшақтап
−Құлыным-ай, қара қозым-ай, жүдеп кетіпсің ғой. Шашың да ағарыпты.Жападан-жалғыз қалыпсың ғой. Шыда, шыда! Бәрі жақсы болады, − дейді мұны жұбатып.
Әкесі анасының артында тіксіне қарап тұрады ылғи.
− Әй, антұрған!−деді бір күні әкесі түсінде аюдай гүрілдеп. −Мен сен туғанда шаттана қуанып едім. «Ұл келді!» деп бүкіл ауылды шақырып той жасадым. Көзім жұмылып,жаным үзілер алдында сенің барыңа шүкіршілік етіп, анаңды өзіңе аманат еттім. Ал сен оңбаған не істедің? Қатыныңа еріп, анаңды тастап кеттің. Ең болмаса анаң қайтыс болғанда оның қабіріне барып бір уыс топырақ салуға да жарамадың-ау, шірік неме!Сасық байлық үшін бүкіл ауылдың адамдарын жылатып, олардың қарғысына ұшырадың. Қарғыс жібермейді. Біліп қой мұны! Енді мінеки басыңа іс түскенде анаңды, халқыңды тәрк етіп үлде мен бүлдеге ораған қатының тастап кетті. Жер ортасына келгенде жалғыз қалдың, бейшара! Енді тарт азабыңды осылай! Сендей анасын, ауылын, отанын сатқандардың көретіні осы!
− Отағасы-ау, − деді қасында тұрған анасы қалбалақтап. − Өзі де бұл кемшілігін, қателігін біліп жылап жүр ғой, құлыным. Алладан басқаның бәрі қателеседі. Кезінде шайтанның азғыруына еріп, анау әйелінің айтқанынан шыға алмай аяғын шалыс басты. Енді оны несіне табалап, таптай бересің? Онан да оң батаңды бер! Ең болмаса қалған өмірінің көшін түзеп, иман нұрына бөленсін. Сөйт, шалым! Сен анау жалған дүниенің өзінде кешірімшіл едің ғой. Әнеки, қарашы, жылап тұр!
Басы тұқырайған Сәкен жылап тұрған күйі әкесіне қолын өтіне жайды.
− Әкешім! Анашым! Шынында да мен қатты қателестім. Көзімді шел басты. Үйімнің табалдырығынан өзге аржағын көре алмадым. Меншіріген жұмыртқа болдым. Кешіріңіздерші мені! Мен күнәларымды мойындаймын! Мен оңбағанмын, зұлыммын! Қандай жазаға болса да лайықпын. Өлгім келді. Оны да істей алмадым. Қандай бейшара едім. Кешіріңіздерші, әкетайым, анашым!
Етпетінен жатып борша-боршасы шығып жылап жатыр еңіреп.
− Тұр, бәтшағар! –деді әкесі гүрілдей сөйлеп. – Біз кешіргенмен Алла кешіре ме сені. Сен зор күнә жасадың. Енді Алланың ақ жолына түс! Өз ақиқатыңды тап! Бордай тозған халқыңнан кешірім сұра! Қолыңнан келсе соларға көмектес.Әне,олар туған ауылдарын тастап қала-қалада қаңғып жүр. Әне, олар көше-көшелерде тұр қолдарын жайып. Кім көрінгеннің құлы болып жүргеніне намысым келеді.Сендер бұған кінәлісіңдер. Егер солар кешірсе мен де кешіремін. Жылама, жылама, тұр орныңнан!
Шынында да аурухананың төсегінде етпетінен түсіп жылап жатыр екен.
−Жылама, жылама, бәтшағар!−деген дауыс тура жанынан естілді. Бір бөлмеде жататын ақсақал бұған жымия қарайды.
−Түс көрдің-ау деймін. «Әкешім, анашым!» деп қайта-қайта айттың. Бәрін түсінемін мен. Қартайғанда осындай ауруға ұшырадым. Қатты қынжылдым, налыдым. Балаларым шошып кетті. «Ата, ата!» деп соңымнан қалмайтын немерелерімді келіндер маған жолатпады. Қайтесің, Алланың басымызға салған бұл да бір сынағы шығар, інім. Сабырға келіп шыдауымыз керек. Ең бастысы кімнің кім екенін басыңа осындай қиын іс түскенде біледі екенсің. Байқап жүрмін үш айдан бері саған ешкім келмейді. Бұл қасірет. Шүкір, менің кемпірім, балаларым келіп жүр. Бұл да болса дәтке қуат. Әй, бәтшағар бала, сен әлі жассың. Өмірің алдыңда. Әлі бір сұлуға кездесесің. Сонда қателеспеуге тырыс! Тұр, жуын, тамаққа баралық!
Бөлмедегі сырласы, мұңдасы Мырзабай ақсақал бұған рух бере сөйледі. Жастығы жасқа шыланыпты. Түсі есіне оралды. Әкесінің, анасыныңсөздері көкірек сарайында жаңғырып бұған күш бергендей. Орнынан қунақ тұрды. Төгілген жаспен бірге ішіндегі үнемі қара тастан да ауыр болып тұратын күңгірт ойлары да біржола сылынып түскен сынды…
***
Бүгін аулада науқастар көп. Себебі далада көгілдір көктем салтанаты жүріп жатыр. Жап-жасыл көйлегін киген ару Мамырдың сұлулығына сөз жетпейді, көз тоймайды. Жеміс ағаштары ақшыл ма, қызғылт па әйтеуір небір хош иісі аңқыған гүлдерімен көмкеріліп ырғатыла әсем билеп тұрғандай көрінеді. Күн-Ана да шуағын молынан шашып тек Жер-Ананың ғана мұзын ерітіп қоймай, бүкіл тіршілік атаулыға нұрын аямай төгіп тұр. Я ыстықемес, я салқын емес самал жел желпіп, әне-еу ақ шәлілі таулардың саф ауасын мына сұлу қалаға көбелек қанатымен әкеліп әтір етіп сеуіп жатқандай бейне. Адамдар, әсіресе Мұң теңізінің астында тұншығып жатқан аурухана науқастары жабығыңқы күйден бір сәт арылып, ішкі жан дүниелерінде үміт пен сенім оянып, тар бөлмелерінен далаға шығуға асығатын. Әрине, мұндайда әңгімелесетін, шүйіркелесетін жан іздейсің.
Бүгін біздің Сәкеніміз де сыртқа шығып көгал жапқан төмпешіктерге, жан-жағына қарап, көңіліндегі қат-қат жиналған қайғы мен мұңды қуғандай болды. Алатаудың басындағы шіліңгір шілдеде де кетпейтін сіреу қар сияқты көкірек даласындағы бітеу жараға айналған қайғы-қасірет те оңайлықпен шыға қоймайды екен. Ол үш айдан аса уақытта төбе көрсетпеген Бәтиманы да, балаларды да қанша ойламаймын десе де бәрібір бір қылтадан жылт ете шыға келіп, өткен шуақты шақтарына жетелей жөнеледі. Сәкен аурухана үйлерінің сыртындағы қалың өскен ағаштарға қарай аяңдады. Мұның ауылының жанынан өтетін Іле өзенінің бойында осындай шоғырлана өскен қадау-қадау шағын тоғайлар көп. Анда-санда барып сол тыныштық ұйыған тоғайларға барып, ішінде әрі-бері жүргенді ұнататын. Шоғырланған ағаштардың арасына кіре беріп сол әдеті есіне түсіп жымиып қойды. Қарағай, аққайың,шыршалары аралас өскен тоғайшықтың іші тып-тыныш. Неше түрлі құстар сайрайды. Алаңызаған жаны да тыныштық тауып қалың діңді қарағайды құшақтап біраз тұрды.
− Әй, қарағай, менің ішкі жан дүниемдегі маза бермейтін біраз қайғыммен бөліссеңші!− деп ол өтіне күбірледі. Дәл осы сәт Сәкен біреудің жылаған үнін естігендей болды. Құшағын жазып жіберіп тың тыңдай қалды. Өксіп-өксіп жылаған үн анық естілді. Неге,неге жылайды? Кім ол? Осы сәт өзінің де талай мәрте жылағаны есіне сап ете қалды. Сол кездері Мырзабай ақсақалдан басқа ешкім ара түсіп, басу айтпайтын. Осындайда біреу келіп қайғыңмен бөліссе деп аңсайтын. Мына жылап тұрған жан да бәлкім өзгенің жұбатқанына зәру болар. Сезімі алдамаса бұл адам− әйел заты.Сәкен неде болса да, кім болса да жылаған жанды тауып жұбатуға шешім қабылдады. Өксік үн тоғайдың аурухана жағынан шығып жатыр. Қалың ағаштардың арасынан тез-тез өтіп көмекке ділгір адамға біртін-бірге жақындап келе жатты. Алыстан қараңдаған нәзік бейнені көргендей еді. Әдейі ағаштардың қоюлау өскен тұсын таңдаған. Бұл жақындағанда әйел жылауын тоқтатып, ағаш бұтағында салбырай ілулі тұрған жыландай оратылған доғал ілгекке басын сұққандай болды. Жүрегі әлденені сезгендей зу ете түсті. Өзін-өзі өлтірейін деп жатыр ма?! Аяғын тездете басам дегенде бір шұңқырға түсіп, омақаса құлады. Қап! Тездетіп ұшып тұрмақ боп әрекеттенгенде тағы да жалп етті. Әйтеуір әзер дегенде адыра қалғыр шұңқырдан еңбектей шығып, әйелге қарай жанталаса жүгірді. Айқайлайын деп еді аузына топырақ түсіп кеткен бе үні шықпады. Секундттар ғана өтіп жатса да оған уақыт бір орнында қатып қалғандай сезілді. Жетті-ау! Әйел жіпке басын сұғып үлгерген. Енді соңғы рет тыраңдап жатыр. Өлу оңай ма, кішкентай нәзік қолдары тамағындағы жіпке жармасып, саусақтары екі арада қыстырылып қалғанын көрді. Қырылдаған үн ғана шығады. Бір сәт те ойланбастан нәзік денені оң қолымен қапсыра құшақтап тік көтеріп, сол қолымен дардың жіңішке арқанын тартып босатуға тырысты. Ажал арқаны қатты тартылғаны соншама әлеуетті жан болса да Сәкен көпке дейін босата алмады. Жанталасты, тырнақтарының көбелері сөгілгендей қатты ауырды. Ештеңеге қарамады. Әйтеуір мына нәзік жанды ажал құрсауынан босатса екен, шіркін!
− Қарындасым-ау, мұның не, мұның не? Шыда, шыда, шыдашы!− деп жанұшыра сөйлеп бейтаныс әйелге күш-қуат бергісі келді. Түу! Арқан босағандай болғанда ол қатты қуанып, одан сайын құшырлана дар құрсауын кеңіте түсті. Әйелдің басы құрсаудан шықты-ау дегенде бірден сыпырып алды да, енді қос қолдап көтеріп барып оны көгалға жатқызды. Денесі былқ-сылқ етеді. Жас әйел екен. Беті көгеріңкі тартыпты. «Кетіп қалды-ау, жазған» деп күбірледі. Дереу кеудесіне құлағын тосып тыңдады. Дыбыс жоқ! Тамырын ұстады. Әлсіз ғана соғып тұрған кеудесіне қолдарын салып бір-екі рет басып-басып жіберіп, білген емін жасады. Көгеріңкі тартқан оймақтай аузын барынша ашып ерніне ернін тигізіп дем жасады. Нәзік қолдарын, аяқтарын жанталаса уқалады. Қимыл-қозғалыс жоқ! Жап-жаңа тірі тұрған адам енді… Сәкен өз ойынан өзі шошып кетті. Амалы таусылған ол әйелдің бетін шапалақтады. Қайтадан кеудесіне алақандарын салып жоғары-төмен басқылады.
Жан-жағына қарап еді ешкім көрінбеді. Қалың тоғайдың іші. Әйел өзін-өзі дарға асуға көптен бері әбден ойланып дайындалған көрінеді. Кішкентай орындық та әкелген. Басын ілмекке салып орындықты теуіп үлгірген. Не деген батыл жан десеңші! Апталдай азамат өзі қанша назаланса да, өлгісі келсе де ештеңе жасай алмады ғой. Сәкен сасайын деді. Әйелді тастап кетейін десе жіпсіз байланып кете алмады. Бірақ ауруханаға барып дәрігерді ертіп әкелмесе болмайтынын сезінді. Дегенмен тағы бір көрейін деп алақандарын әйелдің жүрек тұсына салып қаттырақ дем салды. Міне, ғажап! «Ух-х!» деп ышқына дем алған әйел аяқ-қолдарын қимылдата бастады. Көздерін ашып жан-жағына таңдана қарады. Кеудесіне алақанын салып тұрған бұған бақырая қарап шошып кетті.
− Сіз…сіз кімсіз? Қолыңызды тартыңыз!−деді ызбарлана сөйлеп. Басын көтеріп жалма-жан тұрғысы келген, бірақ шамасы келмеді. Қап-қара ұзын шаштары көгалға шашырай жайылып жатқан жас әйелдің әмірлі даусынан Сәкен де шошығандай қолын тартып ала қойды.
− Мен…мен жай адаммын. Ой, әзер дегенде қайта тірілдіңіз-ау. Сізге не көрінген? Дарға асылғыңыз келгені қалай? –деді ол сұрақты жаудырып. Содан соң:
− Өліп қалдыңыз ба деп қатты қорықтым. Өмірге әзер қайта келдіңіз,− деді басын шайқап.
−А-а-х-х! Мені бекер құтқардыңыз. Өліп кетуім керек еді бүйтіп өмір сүргенше!− Әйелдің қарақат көздерінен жас тамшылады.
− Білем, сізді түсінемін. Сіз батыр жан екенсіз. Мақсатыңызға жетуге сәл-ақ қалып едіңіз. Сізді құтқаруға мені Аллам жіберген болуы керек.
− Сіздің де өлгіңіз келді ме, ағатай? – деді әйел жұлып алғандай сөйлеп.
− Иә, өлгім келген. Мені әйелім, бала-шағам тастап кетті. Кейін жақсы адамдар кездесіп басу айтты. «Сен неге өлуің керек? Егер өліп қалсаң ешкімнің ештеңесі кетпейді. Жазыласың. Қайта қатарға тұрасың. Сол кезде сен өзіңнің мықты екеніңді дәлелде! Жаңа өмір баста!» деді олар. Менің өмірге деген махаббатымды оятты. Мына көктеммен бірге қайта түледім. Сен де сөйт, қарындасым! Сен әлі жап-жассың. Елуге келген менің өзім осындай ұйғарымға келіп отырмын.− Сәкен өзіне-өзі таң қалды. Мұндай шешімге бұрын-соңды келмеген еді. Енді қарашы сайрауын! Әлде өлімнен аман қалған мына қарындасына күш-жігер, дем бергісі келді ме? Жо-жоқ! Шынымен мұның жан дүниесінде бір ғаламат күш, зор сенім бас көтеріп, өзін еріктен тыс биікке көтеріп бара жатты. Сөздері де нық-нық. Өзінің әрбір сөзі өлім мен өмірдің ортасындағы жас келіншектің көкірек сарайына күш-жігер, рух болып құйылып жатқанын анық сезіп отыр. Келіншектің бетіндегі көкпеңбек өлім таңбасы біртін бірге кетіп, қан жүгіргенін көріп тұр. Оның әппақ жүзі лезде шырайланып, қарақат көздеріне нұр-шуақ ұялап сұлу жанға айналды.
− Ағатай, басымды көтеріңізші! Сіз маған періште болып келдіңіз. Мені өлімнен құтқардыңыз. Сіздің сөздеріңіз менің көңілімде сенім ұялатты. Рахмет, ағажан!− Алғашқыда қырылдай шыққан даусы да түзеліп, келіншек сыңғырлап сенімді сөйледі. Сәкен келіншекті аялай көтеріп жаңа ғана өлім тұғыры болған орындыққа отырғызды. Келіншек шөп-шалам болған үсті-басын қаққылады, шашын жөндеді. Сәкен келіншектің анадай жерде жатқан сөмкесін әкеліп еді, ішінен тарақ тауып алып ол шашын тарағыштады.
− Менің есімім Сәкен. Сіздің ше, қарындасым?
− Анармын. Ағатай, мына хатты кеше түнде жаздым. Негізі бұл әрекетіме дайындалғаныма бір апта болды. Осы жерді таңдадым. Арқанды ауруханадан қашып барып базардан сатып алдым. Суицид дегенді бұрын естігенде таң қалатынмын. «Адамдар мына өмірді қиып қалай өледі екен, естері дұрыс па?» деп ойлайтынмын. Әбден тығырыққа тірелгенде барып,ашу-ызадан ештеңені көрмей қалғанда, жан-жағыңнан сені сүйген, жақсы көрген адамдар теріс айналғанда осындай осындай қара ойдың жетегінде кетіп өзін өлімге қиятынын жаңа өмірге қайта келгенде білдім.
− Дұрыс айтасың, Анаржан. Айдалада жападан-жалғыз қалып, алдыңды қара түнек басқандай күйге ұшырайсың. Қап-қара түнек! Бір жылт еткен үміт шырағы болсайшы. Соқыр адамдайсың. Кез келген уақытта бір құзға ма, шыңырауға ма түсіп кетуің әбден мүмкін. Бірақ сен ол құздан қорықпайсың. Сол құз тезірек кездесіп, соған түсіп кетсем деп іштей тілейсің. Бірақ татар дәмің таусылмаса өмір сүре бересің. Аллам біледі құлының қай жерде қашан өлетінін. Оның хас шеберлігінде шек жоқ екенін енді білдім, Анар. Әйтпесе мың-миллион адамдардың ішінен мені таңдап, сені құтқаруымда қандай ғажап сыр жатыр? Сен мені періштеге теңедің, рахметіңді айтып жатырсың. Жоқ, одан да Аллаға разылығыңды айт. Мен тек себепші ғанамын.
− Иә, иә, Сәкен аға! Сіз тура жазушылардай шешен сөйлейді екенсіз. Сіздің сөздеріңіз жаныма майдай жағып барады. Жүрегім орнықты. Көңілім көтерілді. Рахмет, аға! – Келіншек әппақ маржандай тістерін көрсете бұған жымия қарады.
− Жазушы емеспін, жай ғана экономиспін. Бәлкім бұдан былай жазушы болып кетуім де мүмкін,− деп Сәкен күліп жіберді.
− Ағатай, мінеки мен тұрдым. Күш-қуатым орнына келді. Жаңа ғана өліп жатқан адамды Аллам аяғына тік тұрғызды. Ғажап емес пе бұл, айтыңызшы, Сәкен аға?− Сәкен әп-сәтте гүл-гүл жайнаған келіншекке таңырқап қарап қалыпты. Қандай сұлу жан! Көздері қарақаттай мөп-мөлдір, пісте мұрны, алқызыл ерні, қиылған қасы…
− Ағатай, не ойланып кеттіңіз? Жап-жаңа ғана періште едіңіз. Енді пендеге айналып кеткендейсіз. Маған бүйтіп қарамаңызшы. Онан да айналаңызға қараңыз. Көкпеңбек зеңгір аспан, гүлді көйлек киген ағаштар. Самал жел өпкен неше түрлі гүлдер, саф ауа, жап-жасыл әлем… Ойпырмай, адам баласы қалай тез өзгереді! Көздері жайнаңдаған келіншектің бал-бұл жанған жүзіне өмір шырайы жүзіп шыға келіпті. Оның көңіл-күйі лезде Сәкенге де ауысқандай. Үнемі жабырқаңқы жүретін жүретін көңілі көтеріліп айналасына зер сала қарады.
− Анаржан! Сен бір нәрсені ұмытып кеттің. Жан-жағыңа көңіл көзіңмен қарашы! Құлағыңды аш. Айтшы сонда не естіп тұрсың?
Келіншек жымиған қалпы жан-жағына бажайлап қарады. Аспанға көздерін төңкере қарап, екі қолын күрегейлеп құлағының сыртына салып, тың тыңдағандай болды.
− Иә, иә, ағатайым, бұл ғажайып симфония ғой. Алып бір дирижер сиқырлы таяқтарымен бәрін басқарып, реттеп тұрғандай бейне. Мыңдаған бұлбұлдар,мыңдаған бозторғайлар сайрап бүкіл әлем ән салғандай. Пілдер, арыстандар, жолбарыстар, иттер сол ән сазына билегендей рахаттанып. Тіпті қарғаның өзі де сол саз әлемінің бір қайырымына қосылатыны анық. Жо-жоқ, Сәкен аға, сіз жай пенде емессіз. Сіз періштесіз. Сиқыр сөздеріңізбен менің де өлуге айналған дене мүшелерімді тірілттіңіз. Мен, мен, аға, ештеңеге түсінбейдалмын. Осыдан жиырма минуттай бұрын бұл өмірдің мәні мен үшін бес тиынға да тұрмайтын. Енді маған не көрінді, ағатай? Менің көңілім неге көтерілді? Бүкіл тәнімдегі өліп қалған тамырларым неге тірілді? Денем қыз- қыз қайнайды. Жүрегіме не болған соншама? Әлдебір қуаныштан өзінен-өзі өрекпиді. Бұл не деген құдірет? Түсінбеймін, түсінбей тұрмын…
Нәзік қолдарын алдына жайып, Анар ағасына қарап көзін жұмды. Кірпіктері ұзын екен, құстың қанатындай көз алдын жауып тұр. Қандай сұлулық!
− Ол құдіреттің аты – Алла! − деді Сәкен тебірене сөйлеп. – Біз оның құлдарымыз. Ол үнемі бізді бақылап қарап тұрады.Біздің тағдырымызды ол алдын ала біліп отырады. Не деген дәл өлшем десеңші, Анар. Мен мәселен бірнеше секунд кешіксем сен о дүниелік боп кетер едің. Енді мінеки екеуіміз бұрынғы таныстар тәрізді түк болмағандай жайбарақат әңгімелесіп отырмыз. Ажалға араша түскен жанталасқан сәттер артта қалды. Оған куә заттар ғана. Әнеу арқан, орындық. Менің қиналғанда шыққан үстімдегі тер де әлі толық кепкен жоқ. Бірақ Алла тағалам бізге екінші өмірді, жақсы көңіл күйді сыйлады. « Мына екі мұңлық та қуансыншы. Қашанғы жабырқатамын? Енді өмірде жасаған қателіктерін, кемшіліктерін қайталамайтын болар» деп бізге Жаратқан иеміз аяушылық жасап, тағы бір мүмкіншілік бергендей. Ағаның таныса сала мұнысы несі деп кейін айтып жүрме. Мен қазір сені Анаржан өмірбақи бірге жүрген жандай сезініп тұрмын. Жақынсың. Жылысың. Әр сөзің маған да күш-қуат беріп жатыр. Жасың менен әлдеқайда кіші екенін көріп тұрмын. Бірақ кәдімгі етене құрдасым сияқтысың. Айтпақшы бүйтіп отыра бермейік. Саған әрі-бері жүріп қан тарқату керек. Жүр, тұр, Анаржан! Қолыңды әкел, мына бақты аралап қыдырайық. Әлде шаршап тұрсаң палатаңа апарып тастайын ба?
− Жо- жоқ, аға, менің бойыма зор күш- қуат құйылды. Міне, менің қолым! Қыдырсақ қыдырайық. – Сәкен келіншектің қолынан аялай ұстап орнынан тік тұрғызды.
− Анаржан, құлап қалма! Қанша дегенмен әлсізсің. Кел, менің қолтығымнан мықтап ұста! Мен сені тірі тұрғанда құлатпаспын, − деді жылы сөйлеп.
Бұл сөздер Анарға керемет әсер етті. Бойына көктем шуағындай жылылық таратып, айрылып қалатындай ағасының қолтығынан қыса ұстап алды.
− Сәкен аға, жаңағы айтқан « өмірбақи бірге жүрген жандаймын» деген сөзді мен де айтайын деп оқталғанмын. Бірақ біз танысқалы әлі де жарты сағат өткен жоқ қой. « Мынау не деп тұр?» деп айтпасаңыз да ойлап қала ма деп қорықтым. Шынымды айтсам жаңағыдай жүрегімді жылытатын ыстық қамқор сөздерді күйеуімнен өмірі естімеппін. Сондықтан жақсы, жылы сөздеріңізге мына көктемнің шуағы мен сабаты самалына елтігендей мас болып қалып, аяқтарым тәлтіректесе сізден, ағатай, кешірім сұраймын…
Қолтықтасып әсем бау-бақты аралаған қос мұңлық осындай жайдары сөздерге қосарлана күліп, мәз-мәйрам болды. Екеуі ешкімнен жасқанбастан әрі-бері көп жүрді. Бір-біріне өткен тағдырларын, іштегі мұң-налаларын қопара айтып, жеңілдеп қалысты. Анардың да әкесі ерте кетіпті. Анасы оныншы сыныпта жүргенде қайтыс болыпты. Әдепті сұлу қызға көз салып сөз салушылар жетіп артылса да мектепті бітірген соң қолдағы малын сатып Алматыға білім қуып келіпті. Жолы болып оқуға бірден түседі. Бір бай жігіт «ғашықпын, қарамасаң өлемін!» деп соңынан қалмайды. Ақыры мұны алып қашады. Қыз сүймесе де мойынсұнып көнеді. Алайда күйеуінің әке-шешесі мұны «жетім» деп үнемі кемсітіпбетіне басып, отырса опақ, тұрса сопақ ететіндей жағдайға жеткізеді. Бір рет тіптен қақаған қыстың кезінде екіқабаттылығына қарамастан үйлеріне кіргізбей қояды. Түнімен далада жүріп, өкпесіне суық тигізеді. Ертеңіне ес-түссіз ауырып ауруханаға түседі. Аздап жазылғандай болады. Сондада қайын енесі ауру болып қалған бұған күн көрсетпейді. Оны қорғайтын күйеуі ме, қайта Анарға жекіріп ұрсып, ұратынды шығарды. Сөйтіп жүріп келіншек босанады. Қыз туады. Бәрібір олар мұны кемсітуін доғармайды. Қызы Әсел екіге толғанда яғни осыдан үш-төрт ай бұрын тағы да қатты ауырады. Қайта аурухана төсегіне таңылады. Дәрігерлер бұл жолы байғұс әйелге күтпеген диагноз қояды. Туберкулез! Бұрынғы бұрынғы ма күйеуі де, оның әке-шешесі де шошып кетіп бұған: «Енді келме! Қайда барсаң сонда бар, біз сені үйге кіргізбейміз» деп үзілді-кесілді сөздерін айтып, «Жедел жәрдем» шақырып осы ауруханаға аттандырады…
− Мінеки, менің бар тағдырым, өмірім. Қазір мен ешкімге керек емеспін. Қызғалдақтай ерте солдым. Кішкентай қызымды аяймын. Естуімше күйеуім менен сырттай ажырасыпты және аналық құқығымнан айырғанға ұқсайды. Айтшы, ағатай, енді не істеуім керек? Онанда өлейін дедім. Бүйтіп өмір сүргенше өлгенім дұрыс деп қатал шешім шығардым…
Келіншек қайта көңілсізденіп жылап, ағасының құшағына тығылды.Сасып қалған Сәкен жұбатып жатыр.
− Анаржан, жыламашы. Өлу дегенді ойыңнан шығар. Жаңа айттым ғой, ғұмырыңның жарты жолына келген мен де қайта шамырқанып, өмірді қайта бастасам деп әрекеттенудемін. Енді мінеки, құдай мені саған кезіктірді. Қазақта «екі жарты бір бүтін» деген сөз бар ғой. Егер шал деп қомсынбасаң мен сені қанатымның астына алуға қарсы емеспін. Менің де қазір ешкімім жоқ. Мәселен бұл шалдың шегінетін жері қалмады. Сені мен екеуіміздің кездескенімізге екі сағаттай ғана уақыт өтті. «Мына шалдың құтырғаны-ай! Бұл қай басынғаны, менің шарасыздығымды пайдаланып әйел етпекші ме? Мен кім, ол кім?» деп ренжуің де мүмкін. Бірақ менің жүрегім аз уақыттың ішінде сені ұнатып қалды. Мен жалғыз едім. Енді құрығанда өзімді түсінетін бір қарындас, бауыр таптым. Соған қуанып тұрмын. Қазір осы жерде шешіміңді айт деп зорламаймын, Анаржан. Алайда бұл шешімімді қолдасаң сені бақытты ету үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын! – Сәкен осылай оқыс шешімін айтты. Құшағына тығылған Анар басын жұлып алып, ағасына таңдана қарады. Жігіттің жүрегі дүрсілдей соқса да келіншекке сенімді көзқараспен қарап тұрған еді.
− Ағатай, мен сізден мұндай батыл ұсыныс айтады деп күткен жоқ едім. Бірақ өзіңіз айтпақшы маған қамқор болатын бір жанды тапқанымды жүрегім сезеді. Өзімсініп құсаланғанда құшағыңызға тығылғаным да сол бауырлық сезім. Махаббат жасқа қарамайды ғой. Дегенмен мен сізді аз уақыттың ішінде сүйіп қалдым десем өтірік болар. Десе де ағатайым, сізбен өткізген екі сағатым мен үшін екі ғасырдай уақыт деп балаймын. Мен Аллама мың шүкіршілік етемін сізді кездестіргеніне. Жауабымды сәл кейінірек айтсам ренжімейсіз бе? – деді Анар ағасына мейірлене қарап. Ағасы оның көз жасын алақанымен аялай сүртті.
− Жоқ, неге ренжиін қарындасым-ау. Бүгін осыған қанағат. Мен сені жақсы түсіндім. Жүр, палатаңа апарайын. Мекенжайыңды білгім келеді. Өйткені қарындасымды жоғалтып алғым келмейді. – Сәкен күлді. Анар да жымиды.
− Мен де ағатай, сізге бауыр бастым. Тастамаңызшы енді қарындасыңызды…
***
Аяқ астынан тағдырдың жазуымен кездескен олар бір-бірінен қимай ажырасты. Екеуінің де көкірек сарайына үміт сәулесі саумалдай төгіліп, жандары жай тауып, зор күш-қуатқа кенелді. Мұң теңізінде жүзген бұлар бағыт-бағдары жоқ қайықта жападан- жалғыз әйтеуір кетіп бара жатқандай сезінетін. Енді екеу болды. Бірін-бірі іздеп тұратын қос жан біріксе үлкен күшке айналатынын білді. Қазір олардың да, біздің де көңілімізді жайландыратын, Өмір теңізіндегі мұңды серпіп тастауға қарымы да, қуаты да еркін жететін бауырмалдық махаббат сезімі бар. Ол сезім екеуін өмірбақи айырмас деп кәміл сенеміз. Қазірдің өзінде жүректеріне намыс та, рух та, қуат та бірден ұялай бастады. Биікке көтеретін бұл күштерге енді махаббат сезімі қосылса онда оларды енді ешқандай жау алмайтыны бесенеден белгілі. Әрі қарай оқиға қалай дамиды, кейіпкерлерім қай қиырда жүр? Ол жағынан мен де бейхабармын…
***
Айтпақшы осы әңгімені жазып жатқанда жоғалтып алған кейіпкерлерім туралы тың деректерге қанықтым. Сәкен мен Анар екеуі Мұң теңізінен қол ұстасып шыққаннан кейін шаңырақ көтеріпті. Содан соң іле-шала бірден ата-бабасы жатқан ауылына барып қайтыпты. Елді шақырып, ас береді. Екеуі де көп ұзамай намазға құлады. Анардың ойынан шырылдап жылап қалған кішкентай қызы кетпейтін. Үнемі солай түс көріп шошып оянушы еді. Сәкеннің ойынан үдере көшіп кеткен ауылы кетпейтін. Бірақ бұл жолғы түсінде марқұм Кәдірбек жылылық танытып батасын берді. Алдымен олар сотқа арыз беріп Анардың қызын тартып алды. Сосын Сәкен Алматыдағы үйін сатып, ауылына қайта оралды. Іле өзенінің бойына келіп үй салды. Төрт түлік мал сатып алып, егін екті. Іле-шала Анары ұл тауып берді. Әкесі Іленің суына бір малып алып, Бағжан оған деп ат қойды. Жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен ауылдастарын шақырып той жасады. Олардың алдында Сәкен кешірім сұрады. Бар шындықты жайып салып, өз жоспарлары туралы айтып берді. «Ауылымызды қайта тірілтейік. Келіңдер, бірлесіп тірлік жасайық. Жаңаша XXI ғасыр ауылын көтерейік. Мынау Іле анамыз бізді аш қалдырмайды. Бұл өте шұрайлы жер. Бәріміз байимыз!» деді ақтарыла сөйлеп.
Обалы не керек ауылдастары оған зор сенім артты. Қолдарындағы қаржыларын ортаға төкті. Мемлекетпен «елу де елу» деп келісім шартқа отырды. Шынында да бұрынғы ескі тамдарды ысырып тастап, бір ортадан жылытылатын әдемі үйлер салынды. Неше түрлі гүлдер екті. Мешіт, тойхана, мәдениет үйлері, спорт сарайы қаладағыдан артық болмаса кем болған жоқ. Жұмыссыздық деген мұнда атымен бас сұқпады десек артық айтқандық емес. Қайта жұмыс күші жетпей Сәкен мен тағы бірнеше ақсақалдаріргедегі Қытай мемлекетіндегі қандастарымызға арнайы барып ауылдарына шақырды. Жоғары айлықты естіп, ауылдың таңғажайып сырт көрінісін көріп жүзден аса отбасы бірден келісімін берді. Олар елге құт әкелді. Мінеки, кейіпкерлерім туралы әзірге естігенім осы. Сіз сенбей отырған боларсыз. Ендеше барып көруіңізге болады. Ондай ауыл бар. Ал мен Сәкен көтерген сол бай ауылға ғашық болып, баруға ниетім тасып-ақ тұр. Күнделікті күйбің тірліктен бір сәті келмей жүргенін көрдіңіз бе? Енді осы жазда барам ба деп жоспарлап қойдым. Сол ауыл туралы үлкен шығарма жазсам деп отырмын. Құдай қаласа…
Ертай Айғалиұлы