Мұнайлы ауданында 160 көрерменге арналған дене шынықтыру – сауықтыру кешені ашылды

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында 160 көрерменге
арналған дене шынықтыру – сауықтыру кешені ашылды
Жаңа кешен Маңғыстау ауылындағы «Бесшоқы» тұрғын үй
массивінде орналасқан. Инвесторлар қаржысына салынған 160
көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені Елорда
күніне орай пайдалануға берілді. Инвесторы – «Норт Каспиан
Оперейтинг компани Н.В» (НКОК). Бұл нысан компанияның
əлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыру
шеңберінде бой көтерді.
Кешеннің ашылу рəсіміне облыс əкімі Серікбай Трұмов
қатысып, ауыл жастары мен спортшыларды Елорда күнімен
құттықтады.
Осылайша Елорда күні қарсаңында мұнайлылықтарға «НКОК»
компаниясы кезекті сыйлығын жасады. Компания бұған дейін
бюджет саласы қызметкерлеріне арналған 100 орындық жатақхана
мен сыйымдылығы 500 орындық кітапханасымен бірге Мəдениет
үйін салып берген болатын.
160 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру
кешенінің ғимараты 2 қабаттан тұрады. Қаржыландыру көлемі – 466,187 млн. теңге. Құрылыс 2018 жылдың мамыр айында
басталды. Нысанның жалпы ауданы 1307,4 шаршы метрді
құрайды. Спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, үстел
теннисі, гандбол, жеңіл атлетика, күрес, дзюдо, армрестлингпен
шұғылдануға болады. Ғимараттың сырты жарақтандырылған жəне
көгалдандырылған. Ойын алаңдары талапқа сай жабдықталған.