Мұндай мәселенің көтерілуі тегін емес-ау!..
ҚХР төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй: Мұндай мәселенің көтерілуі тегін емес-ау!..
Естеріңізде болса, біз өткен жолы Қытай жігіттерімен байланыс орнатып, қазақстандық қыздардың «бағын ашуды» көксеген Астанадағы неке агенттігі басшылығындағы әйелдің сұхбатын берген болатынбыз. Ол сұхбатта неке агенттігінің алға қойған мақсаты мен жүйелі жоспары ашық айтылғаны белгілі. Енді сол сұхбатпен тамырлас, тағдырлас, ой-пікірі сабақтас бір мәселе бой көтерді. Ол — Қазақстандағы Қытай елшісінің ой-пікірі. Қытай халқы атынан сөйлеуге мүмкіндігі бар елшімен «аталмыш оқиғадан» кейін журналистер сұхбат алуға тырысты. Оның сәті көп ұзамай түсті де. Аударма арқылы орыс және қазақ тілінде қойылған сауалдарға Қазақстандағы ҚХР төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй шама-шарқынша ашық жауап беруге тырысты. Біз де бұл сұхбатты еш бүкпесіз, еш қоспасыз, қаз-қалпында беруді ұйғардық.
— Елші ретінде, бүгінгі қытай мен қазақ арасындағы некеге қатысты көзқарасыңызды білсек.
— Қытайдан келiп, жергiлiктi қыздарға үйленiп жатқандардың көп болмаса да бар екенін бiлемiн. Бұл — қалыпты тәжiрибе. Ешкiм ешкiмдi шектемейдi. Қытайлар тарапынан ешқандай кедергiлер жоқ. Бiрақ, әрине, екi жақтың да ниетi болуы керек деп ойлаймын.
— Өзіңіз де қытайсыз, ашық айтыңызшы, қытайлық жігіттер неке мәселесінде қазақстандық қыздардың байлығына, бәлкім даласының кеңдігіне қызыға ма, әлде шынымен ғашықтық бірінші орында тұра ма?
— Мен енді әр қытайдың ішкі ойын білмеймін ғой. Біз де ет пен сүйектен жаралғанбыз. Бірақ мынаны ашып айтқым келеді. Қазақстандық қыздар қытайлық жiгiттерді өте қатты қызықтыратыны рас. Бұған сөз жоқ. Себебі олар өте сұлу, нәзiк, жоғары бiлiмдi, ата-аналарын, ағайын-туыстарын, үлкен кiсiлердi сыйлайды, отбасыларын жақсы көредi. Дәстүрiмiз бойынша бiзде ұқсастықтар көп, бәлкім содан да болар…
— Чжан Ханьхуэй мырза, сіз өзіңіз діні мен тілі бөлек екі ел жастарының некесін құп көресіз бе?
— Құп көрем деп айта алмаймын. Бірақ мені кім тыңдап жатыр? (Күледі). Алайда екі ел азаматтары некелесіп жатқаны шындық қой. Қазақстанның көп азаматтары Қытайға жұмыс бабымен немесе оқуға келеді де, қалып қойып жатады. Олардың ішінде қазақ мəдениетін дəріптеп жүрген адамдар да баршылық. Қытай тұрғындары сол адамдар арқылы Қазақстанның салт-дəстүрімен танысады. Содан кейін бұл жаққа келуге ынтызарлығы ауады.
— Сіздің ойыңызша, екі ел азаматтарының некелесуіне, екі жұрттың жақындасуына қандай да бір саяси мәселелер әсер етуі мүмкін бе?
— Жоғарыда айттым, мұндай некелерді өз басым құп көрмеймін, алайда бұл — табиғат заңы. Бұл — екі адамның жеке басының ұстанымы. Көпке жария етпейтін қазынасы. Сондықтан тыйым салу қиын-ау… Меніңше, мұндай мәселенің көтерілуі тегін емес-ау!.. Бұл — біздің халықтар арасында дəстүрлі достық бар деген сөз, сол достық жемісін беріп жатыр деген сөз.
— Қытай тарапынан екі ел азаматтарының некелерін ұйымдастыру, оларды ынталандыру жұмысы жүріп жатыр дегенге не айтасыз?
— Бірден айтайын, мұндай некелер әзірге ұйымдастырылған жоқ. Қазіргі қадам жекелеген адамдардың іс-әрекеті ғана. Дегенмен, ешкімге ешқандай шектеу қойылмайды. Қытай жағынан кедергі жоқ. Егер екі елдің де осындай қалауы болса, біз тек қуана келісеміз. Міне, бұл қытайлық елшіден суыртпақтап отырып алған жауабымыз. Бірақ оның қазақтар у-шу болып жатқан жағдайға соншалықты қамығып жүргені байқалмайды. Көңіл-зынданында бұғауда жатқан пиғыл-тұтқынын бостандыққа жібергісі келмейді.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК