Мұқтаж жаңдарға қамқорлық жасау — қайырлы іс
Ата-бабаларымыздан келе жатқан үзілмеген игі дәстүрдің бірі – «Асар» Бұл тұста Мемлекет басшысы «Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет.
Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз» – деп атап өткен болатын.
Бұрындары бүтіндей бір ауылда бір үйдің қабырғасы қаланса сол ауылдың азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып үйдің соғылып бітуіне ат салысатын. Барлығымыз білетіндей көбінесе ауылдық жерлерде асардың мынадай түрлері жүзеге асады.
Мәселен, жабағы қырқып, күзем қырқып, алқаптарда егін егіп оны жинау, шөп шабу сияқты жұмыстарда білек сыбана ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып күш жиыстырып бірігіп атқарған.
Тіпті, тұрмысы төмен отбасы мен жалғыз басты қарттарға, ауылдас ағайынға қолдан келген көмектерін аямаған. Міне осыдан көршінің арасында берік татулық, үзілмейтін сыйластық орнайтыны хақ.
Қиналған жанға көмек қолын созатын Сарысу ауданының ауылдарында да игілікті істер жасалуда.
«Бірлік түбі тірлік». Елдің бірлігін, жанашырлығы мен мейірімін, көпшілік біріксе, артынан жақсы іс қалатындығын дәлелдейтін тірліктен ауыл азаматтары, қазыналы қарттар, жастар мен еріктілер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер тыс қалмауда.
Бірі құрылыс материалдарымен, бірі қаражатпен, енді бірі ыстық тамақпен қамтуда. Көпшіліктің көмегімен іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылып, төбесі жабылған тұрғын үйлерді пайдалануға беру үшін әлі де атқарылатын жұмыстар ауқымды.
Мұқтаж жаңдарға қамқорлық жасау — қайырлы іс.
Бұл жобаның басты мақсаты — «Асар» үрдісін жаңғырта отырып, әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға тұрғын үй салып беру.
Аталған жоба аясында Жамбыл облысы, Сарысу ауданының Жайылма ауылдық округінде:
2020 жылы Жайылма ауылының тұрғыны, толық емес отбасы Айгүл Абажановаға 7 бөлмелі үй салынып, пайдалануға берілді.
2021 жыл ішінде Жайылма ауылы, Қ.Байзақов көшесі № 24 үй тұрғыны толық емес отбасы және көп балалы ана Мая Баймағамбетоваға 5 бөлмелі үй толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
2022 жылы Жайылма ауылының тұрғыны, көп балалы және аз қамтылған отбасы санатына жататын Күләш Кетпенбаеваның жаңадан салып бастаған 7 бөлмелі үй құрылысын, аяқтап беру жұмысы жалғасын табуда.
Риясыз жасалған жақсылықта он сауап бар. Олай болса жақсылық жасаудан жарысқа түсейік, ағайын!